Арызданушылардың айтуынша, сауда нүктесі кәсіпкерлерден екі ай бұрын сатып алған түрлі азық-түлік тауарларының ақысын әлі күнге дейін төлемеген.
260 адам ақысын ала алмай жүр: Таразда кәсіпкерлер шу шығарды
1,977
оқылды

Тараздағы ең ірі сауда орындарының бірі 200-ден астам кәсіпкерді алдап кеткен. Алданған кәсіпкерлер сауда орны алдында шу шығарды. Бұл туралы Aikyn.kz ақпарат агенттігі  КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Арызданушылардың айтуынша, сауда нүктесі кәсіпкерлерден екі ай бұрын сатып алған түрлі азық-түлік тауарларының ақысын әлі күнге дейін төлемеген. Олардың бүгінгі берешегі 300 млн теңгеге жетіпті. Соның салдарынан саудагерлер шығынға батып банкрот болуға шақ тұр. Ал бұған сауда орталығының қожайыны мен ондағы супермаркетті жалға алған әйелі екеуінің ажырасып, бар қарызды бір-біріне сілтеп жатқаны себеп екен. 

Ажар Бекболатова "Нұрислам" сауда орталығына жеті жылдан бері шұжық жеткізеді. Талай уақыт сенімді серіктесіне айналған супермаркет енді кісі ақысын жеп отыр деп налиды. Екі ай бұрын тауарын өткізген кәсіпкер әлі күнге теңгесін ала алмай сабылып жүр. Дегенмен орталық берешекке белшесінен батқанына қарамастан жұмысын жалғастырып жатыр. Қазіргі құжат жүзіндегі қожайыны қарызын қайтаруды талап еткендерге бір тиын да төлемейтінін айтыпты.

“Қазір ол кісілер ЖК жауып, басқасына аударып біздің қарызымызды бермей жатыр. "Менің қатысым жоқ, ақшаның бәрі әйелімде, ал әйелімнің қай жақта екенін білмеймін" дейді. Ең азы осы бізде шығар. Қалғандарында 27, 30 деп кете береді. Бізді отбасына араластырмай, ақшамызды қайтарып берсе болды”, – деді ол.

Ерлі-зайыптылардың отбасылық кикілжіңінен 50-ден астам кәсіпкер шығынға ұшырап отыр. Алды 2, соңы 50 млн теңгеге жетеді. Тіпті арасында банкрот болудың азақ-ақ алдында тұрғандары бар. 

Сауда үйінің қожайыны ақысын сұраған саудагерлерге қарасын да көрсетпеді. Жауабын атқарушы директор арқылы жолдады. 

“Қазір орталықтағы қызметкерлер, тауар тасымалдаушылар мен өзімді қосқанда 260 адам ақысын ала алмай жүр. Бұрынғы дүкен иесі жұмысшыларына жалпы сомасы 19 млн теңге жалақы төлеуі тиіс. Ал сауда орталығының қожайыны Серік Қожабайұлы жалға беріп келген супермаркетті жақында ғана өз атына рәсімдеді. Әйелімен заңды түрде ажырасып жатқанын жақсы білесіздер. Бұл мәселе оң шешілетін болса, шығынды кім өтеуге міндетті екені сіздерге де түсінікті деп ойлаймын”, – деді "Нұрислам" сауда орталығының атқарушы директоры Рамазан Ысқақов.

Полиция департаменті кәсіпкерлер тарапынан әзірге 14 арыз түскенін мәлімдеді. 

“Осы дерекке қатысты ҚР ҚК 189-бабының 4-бөлігі бойынша, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеу басталды”, – деді Жамбыл облысы ПД баспасөз қызметінің хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова.