Республика күніне орай Афинаның ең биік нүктесі – Ликавитос тауында Қазақстанның көк Туы желбіреді.
Афинаның ең биік нүктесінде Қазақстан Туы желбіреді
3,108
оқылды

Бұл хабарды 2023 жылғы 20 қазан күні ҚР Сыртқы істер министрлігі жеткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

"Грекия астанасының тұрғындары мен қонақтары теңіз деңгейінен 277 метр жоғары биіктікте орнатылған Қазақстанның Туын тамашалай алды. Афинаны қоршап тұрған жеті төбенің ішіндегі ең биік Ликавитос шыңынан Грекия астанасының ең көркем және кең панорамасы ашылады", – делінген хабарламада.

Сыртқы істер министрлігінің мәлімдеуінше, гректер үшін ежелгі және қасиетті саналатын жерден Қазақстан Туының көтерілуі грек және қазақ халықтарының арасындағы достықты білдіреді.

"Бұл ерекше құттықтауды негізгі миссиясы елдер арасында сауда, инвестициялар және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты ілгерілету болып саналатын Қазақстан-Грекия іскерлік кеңесі ұйымдастырды", – дейді ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Грек аңызына сәйкес, Ликавитос тауын Акропольге апара жатқан тасты осы жерде құлатып алған Афина құдайы жасаған. Ежелгі уақытта төбеде "шыңда тұратын Зевстің" киелі орны болған. Ликавитосты "Қасқыр тауы" деп те атайды, өйткені бұл атау грек тілінен аударғанда "қасқырлар тұратын тоғай" деген мәнді білдіреді.

Фото: ҚР СІМ баспасөз қызметі