Қазақстандықтар қазан айынан бастап Сауд Арабиясына еш кедергісіз ұша алатын болды. Кедергісіз деуімнің себебі – Алматыдан Қызыл теңіз жағалауындағы Жидда қаласына тікелей рейс ашылды. Бұдан былай Air Astana әуекомпаниясы аптасына 2 рет, ал желтоқсан айынан бастап 3 рет қасиетті Меккенің қақпасы саналған Жидда қаласына тікелей рейстер орындайтын болды.
Жидда: Қызыл теңіздің  жауһары – Меккенің қақпасы
9,300
оқылды

Әсілінде бұған дейін отандас­тары­мыз Араб түбегіне чартер рейстері ар­қылы немесе өзге қалалардағы түйісу рейс­тері арқылы жеткен. Мұндай сапар­дың бірнеше қолайсыз себебі бар. Чартер сіз қалаған уақытқа ыңғайы келмеуі мүм­кін, ал түйісу рейстеріне көп уақыт кетеді, яғ­ни өзге қалалардағы әуежайда рейсіңізді ұзақ күтіп, шаршап қалуыңыз бек мүмкін.

Қазанның алғашқы аптасында ашыл­ған бағыттың қаншалықты тиімді екенін, сон­дай-ақ Жидда бізді несімен таңғал­ды­ратынын білу мақсатында сапар шегіп қайт­тық.

Зиярат – ізгіліктің кілті

Сауд Арабиясына баруға қызық­ты­ратын бірнеше себеп бар-тұғын.  Алдымен мұнда мұсылман қауымы үшін киелі са­на­латын қос шаһар бар ол – Мекке мен Мә­дина. Бұл шаһарларға ғасырлар бойы зия­рат ету үшін миллиондаған жан сапар шек­кен. Қазақстандықтар да жыл сайын мың­дап аттанып, Жаратқанға жақын болу мақ­сатында қасиетті Қағбаға тәу ету үшін бара­ды. 

2019 жылдан бастап Сауд Арабиясы ту­ризмді дамыту мақсатында күллі адам­зат­қа есігін айқара ашқан. Бұған дейін өзге дін өкілдерін жеті рет зерттеп барып ел­ге кіргізетін болса, енді христианның да, иудейің де, тіпті тибеттік монах та Араб түбегін қызықтауға бара алады. Тек ви­за мақұлданса болғаны. Оған қол жет­кізу тіпті оңай. Құжатты электронды түрде тол­тырып, тиісті жарнасын төлесеңіз (қа­зақстандықтар үшін 67 мың теңгенің ай­наласында), сіз визаны небәрі 20 ми­нутта аласыз.

Сауд Арабиясы – экономикасы қар­қын­ды дамып  жатқан елдердің бірі. Әлбетте, елге ағылып жатқан қаржының негізгі көзі – мұнайда. Десе де, өндірісі мен өнеркәсібі қатар өрбіп келе жатқан ел­ге бизнесмендер де көз тігуде. Біздің елдің бай-бағыландары қаржысын салып, еселеуді көздесе, арабтармен бизнес бастаса да болады. Бүгінде  Қазақстанның бұл елге де берері де, сатары да жетерлік. Мәселен, Араб түбегінің халқы Еуразия кіндігінде орналасқан қазақ елінен ауыл­шаруашылық өнімдерін сатып алуға қы­зы­ғушылық танытуда. Жиддадағы Бас кон­сул Руслан Қоспанов ет өнімдеріне сұра­ныс жоғары екенін айтады. 

Бабалар ізімен...

Тарихқа көз жүгіртсек, Араб то­пы­ра­ғына аяғы тиген бабалары­мыз же­терлік. Тіпті мұнда Тобықты елінің би бо­лы­сы Құнанбай да болған. Ол тіпті Ұлы да­ладан келіп тәу ету­шілер үшін Меккеде қо­нақүй салдырған. Сонымен қатар Шә­кәрімнің де қажы атанғанын біле­міз. Қа­зақтың атын әлемге паш ет­кен палуан Мұ­қанның да Мек­кеге ба­рып, Қа­жымұ­­қан атан­ғанын ес­тідік. Әлбетте ба­балары­мыз­дың көз­де­гені – Мек­ке мен Мә­ди­наға жетіп, құл­шы­лық ету. Олар ел­ге араб мә­де­ние­тін емес, исі мұ­сыл­ман қа­уым­­­­ға тие­сілі ислам құнды­лық­тарын жеткіз­ді.

О заманда қиыр­да­ғы елге бару үшін денсау­лық­ты сарп етіп, бірнеше айды артқа тастап барып жететін. Мұндай са­пардан талай азамат қайтпай да қалды. Құ­нанбай қажының өзі Жидебайдан Мек­кеге күзде аттанып, келер жылдың көк­темінде дін аман оралған. Қазір мұн­дай ауыр сапарларды тек кітаптан ғана оқимыз. Ал бүгінгі зияраттың жөні бөлек. 

Біз мінген ұшақ бортының 70 пайызға жуы­ғын зиярат жасаушы бауырлар тол­тырды. Жолға 6 сағат уақыт кетті. Жиддаға жақындап, Миқат аумағына ендік деген­нен бастап көбі ихрамға оранды. Олар ұшақтан түскен бойда Меккені бетке алды. Қасиетті қа­лада әуе­­жай бол­ма­­ған­дықтан, бар­лық тәу етушілер ал­ды­­мен Жид­даға келетін. Кеме қабыл­дай­тын ірі порт та осы қалада ор­на­лас­қандықтан, ғасырлар бойы ел Жидданы «Мек­ке­нің қақ­пасы» деп санайды.

Екі шаһардың ара­сы – 100 ша­қы­­рым. Сіз ав­­­тобуспен немесе са­­ғатына 300 шақырым жыл­дамдықпен жү­ретін пойызбен жете аласыз. Эксп­ресс пойызға міну құны – 6 000 тең­ге. Автобус одан да арзан. Мек­­­кеде 2 миллионға жуық халық мекен етеді. Қала қыратты аймақта орналасқандықтан, ада­сып кету қаупі жоғары. Сондықтан сіз­­ді ертіп жүретін гид немесе ді­ни ұстаз­дың жаныңызда болғаны аб­зал. 

Меккеге тәу етушілер үлкен дайын­­­дықпен келетіні сөзсіз. Олар зиярат етудің қыр-сырына қанық болып, діни ғұрыптан хабары болады. Десе де, нөпір халықтың арасына түскенде қиын­дықтар туындайтыны анық. Сон­дықтан жол бастаушы, ақыл қосушы ұс­таз­дар сізді ислам ережелеріне сай Қағ­ба­ны ай­нал­дырып, Сафа мен Маруаның арасында жүр­гізеді. Кей тұста жүгіруге де тура келе­ді. Содан соң шаш алдыруға барасыз. Міне, осыдан кейін ғана сіз Умра қажылы­ғын өтеген болып есептелесіз. Ал оның қа­был болуы бір Аллаға ғана аян. Айт­пақ­шы, зәмзәм суын Қағбаны тәу етіп, екі рә­кат намаз оқыған соң барып шө­ліңіз қан­ған­ша ішуге болады.

Үлкен қажылық Зул-Хижжа айында жасалады. Жоғарыда атап өткен рә­сімдермен қатар тағы бірнеше шарт орындау парыз. Біздің топты осында білім алып жүрген Заманбек бауырымыз бастап жүрді. Ол тарихпен қоса жергілікті ха­лықтың тыныс-тіршілігімен таныстырып, қай тұста дұға оқу керек екенін еске салып тұрды. Мұнда Заманбектен бөлек бірнеше қазақстандық білім алып жүр. Сондай-ақ Мәдинада де бірнеше қазақ балалары білімі алып жатқанын жеткізді.

Жидда: ерекшелігі неде, кемшілігі бар ма?

Меккеден бөлек біз бірнеше күн Жид­даны араладық. Қала мәде­ниетімен танысып, Қызыл теңіздің көк ай­дынына кемемен шығып қайттық. Ту­рис­терді шақыру бір бөлек те, оларды қы­зықтыра алу – екінші мәселе. Жид­да­лықтар бұл тұрғыда біраз шаруа тындырып үлгерген екен. Десе де, олқылықтар жоқ емес. 

Қала мен елдегі жолдардың сапасы өте жо­ғары. Көлік көп болғанымен кептеліс жоқ десе де болады. Алайда қоғамдық кө­­­ліктер жоқтың қасы. Қалалық авто­бус­тарды көшеде ілуде бір байқайсың. Қа­ла­да 4 миллион халық тұрады. ЛРТ не бол­маса метро жоқ. Елдің басым бөлігінің же­ке көлігі бар. Жанар-жағармай арабтар үшін қолжетімді бағада сатылады. Такси қыз­меті жақсы дамыған. Туристер үшін баға­сы қолайлы.

Сауда үйлері мен моллдар, мейрам­ха­налар мен кафелерде есеп жоқ. Алайда стрит­фуд форматында тамақтану некен-саяқ. Түрлі ұлттың асханасын байқауға бо­ла­ды. Бәрі халал стандарттармен жұмыс істейді. Шошқа етінен әзірленетін тағам таппайсыз. Спиртті ішімдіктер атауымен жоқ. Тек дүкендерден градусы 0 болатын сыраны көрдік. 

Соңғы жылдары саудиялықтарға ән ай­тып, музыка тыңдауына еркіндік беріл­ген. Сондықтан диско не лаундж форма­тын­дағы мейрамханалар көптеп ашыла бастаған. Көлікте отырып, түрлі музыка­лық радиоарнаның барын білдік. Көлік демекші, елдегі әйелдер де ер азаматтармен қатар темір тұлпарды тізгін­дей алатын болды. Бірнеше жыл бұрын мұндайға рұқсат берілмейтін.

Жиддаға қайта келетін болсам, міндетті түрде Әл-Баладты тағы бір тамашалайтын едім. Бұл – шаһардың та­рихи ауданы. Мұндағы алғашқы ғима­рат­тың іргетасы VII ғасырда салынған. Бүгінге дейін ол уақыттың көзі дейтіндей бір­де-бір ғимарат қалмаған. Өткен ғасыр­дың 70-80-жылдарына дейін мұнда араб­тар қоныстанған. Елде мұнай пайда бола бас­таған соң олар өздеріне жаңа сарайлар соғу үшін қаланың өзге аудандарына кө­шіп кеткен. Әл-Балад елге ағылған мың­даған кедей мигрантқа қалған. Олардың өзге елдің мәдениеті мен тарихына жаны ашы­сын ба, бұл ауданды айналдырған бір­неше жылда сүреңсіз күйге жеткізген. 

90-жылдардың басында Сауд патшасы та­рихи ауданның ұрпақ үшін құнды жә­ді­гер екенін түсініп, оны сақтап қалу мақ­са­тында ұйым құрды. Сол басталған жұ­мыс­тың нәтижесінде 2014 жылы Әл-Ба­лад ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра нысан­дарының тізіміне қосылды. Бүгінде бұл аудандағы ең көне ғимарат 5 ғасыр бұрын тұр­ғызылған. Мемлекет тарапынан аудан­дағы ескі ғимараттарды қалпына келтіру үшін 13 млрд АҚШ доллары бөлінген. Бі­ле-білсек, бұл деген қыруар қаржы.

Әл-Баладтың шағын көшелері сізді ор­та ғасырдың аурасына сіңіріп алып ке­теді. Мұндай архитектура туристер үшін тап­тырмайтын локация. Ауданда бірнеше кө­ше бар. Барлық тұста сауда қызып жа­тыр. Тура шығыс базарына тап болғандай күйді кешесіз. Тауарды саудаласпай сатып алу құпталмайды. Сондықтан бағаны түсіру барысында саудагермен жылы диа­лог өрбиді. Ең соңында сіз де, ол да риза күйде қаласыз.

Шаһар теңіздің жағалауында орна­лас­қан­дықтан, мұнда океанариум болатыны анық. Факих деп аталатын акваорталықта ба­лықтың 1 200 түрі бар. 7 500 теңгеге би­лет сатып аласыз да, теңізде жойылуға жа­қын қалған балық түрлерімен қатар жырт­қыш акуланы да тамашалайсыз. Тіп­ті, Перудан алдырған 4 пингвинді де жа­қын­нан көруге болады.

Қызыл теңіз болғандықтан, сапарлап барғандар суға шомылуды да көздейтіні тү­сінікті. Ол үшін арнайы жабық жаға­жай­лар ұйымдастырылған. Сауд Арабия­сын­да көрінген жерде суға түсуге болмай­ды. Сондықтан бұған мұқият болған­дарыңыз абзал. Егер қаржыңыз жеткілікті болса, 6-7 адамға ыңғайланған яхтаны жал­ға алып, жағалаудан 30 шақырымдай жердегі риф­терді тамашалап қайтуға болады. 

Біз де мұндай мүмкіндікті бос жібер­ме­дік. Қызыл теңіздің рифті табаны расы­мен түрлі балық әлеміне бай екенін көр­дік. Мұндайды алғаш көрген ту­рист таңғалмай қоймайды. Жаға­лау­дан 30 шақырым ұзап кетсек те, мұндағы судың тереңдігі 1-2 метр айналасында. Жү­зу­ге де, сүңгуге де қо­лайлы.

Сөз соңы...

Саудияға сапар­лағанда қар­жыңызды доллар мен еуроға ай­налдырып немесе банк кар­точкасына тең­ге күйін­­де салып алы­ңыз. Ел тұрғынының қо­лындағы 1 сауд риа­лы біздің 128 теңгеге пара-пар. Демек, 100 риал төле десе, сіздің ұғымыңызда ол – 12 800 теңге деген сөз.

Елге қайтарда дүкен аралап, сый­лық алуды ұмытпадық. Бұл жақтың құр­ма­сы­ның дәмі расымен ерекше екен. Ба­ғасы да қолжетімді. Сондықтан құр­ма­ның бір­неше түрін сатып алдық. Сондай-ақ сіз жайнамаз, тәспих, тақия алып кет­сеңіз болады. Айтпақшы, әуежайда ар­­найы қап­тамаға оралған зәмзәм суы да са­ты­лады. Бағасы 5 литр үшін 8 риал. Өзіңізбен бірге шетелге зәмзәмның тек осы түрін ғана алып кете аласыз.

Дүкенде тропиктік жеміс те өте арзан ба­­ғаға сатылады. Егер манго, маракуя, па­­пая дегенді ұнататын болсаңыз, оны да Қа­зақстанға алып кете аласыз.

 

Керек кеңес!

• Телефон не ноутбугыңызды қуаттау үшін арнайы адаптерді бірге алып шық­қаныңыз абзал. Сауд Арабиясында ток көзі 3 саңылаудан тұрады.

• Сауд Арабиясында байланыс қымбат, сондықтан қазақстандық нөміріңізді роу­мингке қосып алғаныңыз абзал. Бағасы тиімді болу үшін алдын ала арзан нұс­қасын операторлардан біліп алыңыз немесе халықаралық eSIM байланыс түрін пайдаланыңыз.

• Таксиді Uber қосымшасымен шақырсаңыз болады алайда оның машақаты көп, көп жағдайда мекенжай араб тілінде жазылады. Көшеге шығып, қол созып та такси тоқтатуға рұқсат етілген. Барлық таксиде есептегіш орнатылған. Көрсетілген сома көп болса, саудаласуға да болады.

• Дүкендердегі азық-түлік бағасы біздікімен бірдей. Жеміс-жидек арзан болса, химиялық тұрмыстық заттардың бағасы жоғары. Мейрамхана, кафелердегі тағам бағасы біздікінен қымбат.

Асқар БЕК