Министрдің WhatsApp нөмірі: +7 747 651 75 88
Тұрғындар WhatsApp желісі арқылы министрге тікелей шағым түсіре алады
853
оқылды

ҚР Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов қазақстандықтар заңсыз әрекеттер мен сыбайлас жемқорлық фактілері туралы тікелей WhatsApp нөміріне жаза алатынын мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

"Министрлік басшылығына азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің сенім деңгейін арттыру үшін біз басқарудың барлық деңгейінде ашық және айқын коммуникация жүргізудеміз. Біз үшін әр жағдайды объективті бағалау және қажет болған жағдайда тиісті шаралар қабылдау маңызды”, – деді министр.

Оның сөзінше, ТЖМ бөлімшелерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыру үшін биылғы жылғы қазан айында "Integrity check" қызметкерлерді адалдыққа тексеру пилоттық жобасы енгізілді. Жоба ондай теріс пиғылды қызметкерлерді дер кезінде анықтауға және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың жолын кесуге мүмкіндік береді.

"Integrity check" іске қосылғаннан бері ТЖМ қызметкерлерінің шоттарына белгісіз тұлғалардан қаражаттың аударылғаны туралы 17 хабарлама келіп түсті.

Біздің қызметкерлеріміздің 99,9%–ы өз өмірі мен денсаулығын қауіп-қатерге тігіп, өз қызметін адал және абыроймен атқаратын адамдар екенін мақтан тұтамын. Алайда, қатарымызда теріс пиғылды қызметкерлер де болуы мүмкін екенін мойындаймын”, – деді Сырым Шәріпханов.

Сондай-ақ, ол барлық қазақстандықтарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы профилактикаға қатысуға шақырды.

"Егер сіз төтенше жағдайлар министрлігінің қатарында қандай да бір сыбайлас жемқорлық сәттерін байқасаңыз, бізге міндетті түрде хабарлаңыз. Әр өңірдегі төтенше жағдайлар департаменттерінде тәрбие бөлімшелері құрылды, сенім телефондары да бар, олар арқылы да жүгінуге болады.

Тіпті менің WhatsApp (7 747 651 75 88) нөміріме жазуға болады, Instagram және Facebook-те де менің жеке парақшаларым бар. Сонымен қатар, Е-өтініш сервисі арқылы ресми өтініш жолдауға болады.

Біз адамдарға көмекке келетін қызметпіз. Сондықтан қоғамның бізге деген сенімі басымдыққа ие. Адамдарды құтқарудың игі ісінде сыбайлас жемқорлыққа жол берілмейді”, – деді министр.