Пьесаны қазақ тіліне аударған – Асқар Сүлейменов.
Түркістан музыкалық драма театры жаңа маусымын "Келіндер көтерілісімен" ашты
1,307
оқылды

Түркістан музыкалық драма театры кезекті III маусымын Өзбекстанның көрнекті жазушы-драматургі Саид Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» пьесасы бойынша қойылатын спектакльдің премьерасымен ашты.

Пьесаны қазақ тіліне аударған – Асқар Сүлейменов. Әлемнің 14 елінің сахнасында қойылып, тіпті кино өндірісінде елеулі туындыға айналған шығарма 40 жыл өтсе де маңыздылығын жойған жоқ. Бұл шығарма тұңғыш рет Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының сахнасында 1978 жылы қойылды. Қазір қазақстандық театрлардың басым бөлігінде Саид Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» спектаклі сахналанады. 

Қырық жылдан астам тарихы бар өзбек драматургінің  «Келіндер көтерілісі»  комедиясы Түркістан музыкалық драма театры сахнасында заманауи келбетке ие болады.

Инсценировка авторы және режиссері – Дәурен Серғазин,  көрші отырған екі  мемлекеттің ортақ құндылықтарын тиімді пайдаланып, жаңаша сипатта  музыкалық комедия жасап шығарды.

Комедияда ене мен келін арасындағы қарым-қатынас ғана емес, жалпы қоғамда орын алып отырған мәселелер де көрсетіледі. Адам баласының еркіндігі, таңдау құқығы, психологияның жедел даму әсері сияқты күнделікті өмірде кездесетін мәселелер қамтылған. Астарлы әзілге толы комедия көрермен қауымды күлкіге қарық қылып, терең ойға батырады.

Спектакльде рөлдерге еліміздің беткеұстар театрларынан артистер шақырылған.

Атап айтқанда, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Дәрия Жүсіп, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қонысбек Бегайдаров, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әлімхан Мырзахан, Мемлекеттік Президент стипендиясының иегері Айнұр Рахипова, ҚР Президентінің мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясының иегері Жандаулет Батай, отандық бірнеше тарихи фильмдерде басты рөлді сомдаған Бақыт Қажыбаев және Мейірғат Амангелдин, қазақ киносының белді актрисалары Қарлығаш Тұрсынбекова, Толқын Нұрбекова және Түркістан музыкалық драма театрының жас талантты артистері рөлдерді сомдайды.

Сценографы – Олжас Дарубаев, хореграфы – Мадина Мұратбекова, көркемдік жетекшісі – Айнұр Көпбасарова.

С. Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» комедиялық қойылымының премьерасы ертең де сағат 19:00-де басталады.

 

Айта кетейік, бұған дейін театр ұжымы қойылым туралы БАҚ өкілдеріне баспасөз мәслихатын өткізді.