Ол бұған дейін «Өзін-өзі тану» пәні бойынша «мұғалімдердің біліктілігін арттыра алатын» мекеме ретінде жарияланған.
Сара Назарбаева ашқан институттың атауы өзгеріп жатыр
1,151
оқылды

Республикалық ономастикалық комиссия экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бәйбішесі Сара Назарбаева негізін қалаған «Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институтының» атауын өзгертуге рұқсат берді, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Келесі мемлекеттік нысандардың, мемлекеттік заңды тұлғалардың, мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың ұсыныстары бойынша атауларын өзгерту туралы оң қорытынды берілсін: Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұсынуы бойынша (...) «Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институты» ендігі жерде «Өркен» балалар салауаттылығы ұлттық ғылыми-тәжірибелік институты» болып өзгертілсін»,-  делінгенін жазды  Нalyq-uni  Республикалық ономастикалық комиссияның қорытындысында. 

Сонымен қатар комиссия басқа да біраз атауды өзгертуге рұқсат берді.

Олар:

Рудный индустриалды институтын Рудный индустриалды университетіне;

Бауыржан Момышұлы атындағы Алматы республикалық «Жас Ұлан» мектебін Бауыржан Момышұлы атындағы әскери колледжге;

Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Қарағанды ​​республикалық «Жас Ұлан» мектебін Талғат Бигелдинов атындағы әскери колледжге;

Кеңес Одағының Батыры Сабыр Рахымов атындағы Шымкент республикалық «Жас ұлан» мектебін Сабыр Рахымов атындағы әскери колледжге;

Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Оқу орталығын Ішкі істер министрлігінің Оқу орталығына;

Электр энергиясы нарығының қазақстандық операторы Электр энергиясы мен қуаты нарығының қазақстандық операторы атауына көшті.

Еске сала кетсек, «Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институты» бұған дейін «Өзін-өзі тану» пәні бойынша «мұғалімдердің біліктілігін арттыра алатын» мекеме ретінде жарияланған болатын. Оның да авторы – Сара Назарбаева.

Ал «Адамгершілік-рухани құндылықтарды жаңғырту жобасы» ретінде белгіленген пән бұған дейін Қазақстан мектептері үшін міндетті пәндер тізімінен шығарылған болатын.