Форум 25 қазан – Республика күні ұлттық мерекесіне орай ұйым­дас­тырылып отыр. Форум жастарды тәуелсіздігімізді қастерлеу, отан­сүйгіштікке, патриотизмге тәрбиелеу, жастарды толғандыратын өзекті мәселелерді қарастырып, көшбасшы жас ұрпақтың басын біріктіру мәселесін мақсат етті.
БҚО-да жастар патриоттық форумы өтті
768
оқылды

Республика күніне орай өткен шараға облыстық жастар ұйымдарының өкілдері, студенттер, студенттік өзін-өзі басқару ұйымдары, волонтерлер мен белсенді жастар қатысты.

Патриотизм туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Еліміздің әрбір азаматы жұртшылықтың алдына шық­қанда ұлттық мүдде мен қазақстандық патриотизм қағидаттарын басшылыққа алуы керек», – деген еді.

Бүгінгі форумға қатысқан жастар отан­сүйгіштік қабілетті бәрінен биік қоятын талантты жастар. 

Жастар форумына арнайы келген облыс әкімі Нариман Төреғалиев Республика күнінің маңыздылығына тоқталып, жастарға қолдау көрсету мемлекеттің басты ұстаны­мының бірі екенін атап өтті.

Былтыр ұлттық құрылтайдың алғаш­қы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика кү­ніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынып, «Республика күні  еліміздің мемлекет құру жолындағы тарихи қада­мының символы болуы қажет. Әрине, тәуелсіздік күнінің мәні сақталып, мем­лекеттік мереке болып қалады. Бірақ Тәуелсіздік алуға үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», – деді. Содан бері екінші жыл Республика күнін ұлттық мереке ре­тінде атап өтіп келеміз. Қазір жастар игілі­гіне атқарылып жатқан істер аз емес. Биыл жастарды қолдау, олар­дың баста­маларын жүзеге асыру бағы­тында бір­қатар кешенді шара жоспарла­нып, жас­тар саясатын іске асыру үшін об­лыс бойынша 216,8 млн қа­ражат бөлін­ді. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкер­лікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шең­берінде жастарға арналған жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға арналған мем­лекеттік гранттар қарастырылып, 2022 жылы 118,2 млн теңгеге 26 жоба мақұл­дан­ды. Биыл 238 жас кәсіпкерге несие беру жоспарланып, жаңа бизнес идеялар­ды іске асыру үшін 119 млн теңге қарас­тырылған. Бүгінде 176 жасқа несие берілді», – деді Нариман Төреғалиев.

Жас ұрпақтың патриоттық сезімін, азаматтық жауапкершілігін арттырып, жастарды қоғамдық сананы жаңғырту үдерісіне тартуға бағытталған іс шараны облыстық  Қоғамдық даму басқармасы мен облыстық және қалалық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтары ұйым­дас­тырып отыр. Жастардың көк Туды желбірете шырқаған патриоттық әндері залда отыр­ғандарды бейжай қалдырмады. 

– Жалпы, БҚО бойынша 187 мыңнан астам жас бар. Оның 104 мыңы қалада тұрады. 92 мыңнан астам жас ауылдық жерде тұрады.  Аймақта төрт жоғары оқу орны, 19 колледж жұмыс істейді. Бүгінгі форумға 1 200-ден астам жас жиналып отыр. Бұл жерде барлық топтағы жастар­дың санаты бар, – деді БҚО Қоғамдық даму басқармасының бөлім басшысы Мирхат Бисекенов. 

Салтанатты шарада белсенді жастар­дың бизнес идеяларына мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты табысталды.

– Мен «Красный двор» деген сериял ұсындым. Бұл Орал қаласында түсірілетін болады. Қазір өздеріңіз білесіздер, көп­қабатты үйлердің ауласында түрлі жағдай бо­лып жатады. Сериалда нашақорлық, құмар ойындарға бәс тігудің соңы неге апаратыны айтылатын болады, – дейді грант иегері Самат Қуанғалиев. 

Форум соңында «Жайық жастары» атты Ақжайық жастарының Әнұраны тұңғыш рет орындалды.

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА