Осыдан тура 33 жыл бұрын, 1990 жылғы 25 қазанда Қазақстан азаттыққа сенімді қадам жасады. Үш ғасыр бойы отаршылдық езгінің тезінен өтіп, тоталитарлық қысымнан қатты зардап шегіп, жойылудың аз-ақ алдында қалған қазақ елі тың дәуір табалдырығында «Мемлекеттiк егемендiк туралы» декларацияға қол жеткізді.
Егемендік декларациясы – азаттықтың арайлаған ақ таңы
1,184
оқылды

Егемендік – ата-бабамыздың азаттық жолындағы арпалыстарының өтеуі болды. Бұл Алаш қамы үшін жандарын пида еткен барлық арысымыздың аңсарлы арманы әрі асыл мұрасы еді. Егемендік қазақ елінің кейінгі барлық жетістігінің алтын арқау, асыл өзегіне айналды. 

Сананы азат етіп, Ұлы даланы құрсаудан құтқарды

Егемендікпен бірге ұлттық сана жаң­­ғырды, әдет-ғұрып, салт-дәстүр темір құр­­саудан, ауыр қыспақтан құтылды. Хал­­қымыз іргесінде ізгілік ұялаған, төрінде татулық орныққан құқықтық мемлекет, ырысы артқан экономика құрды. Бұл та­рихи құжат ұйқыдағы рухты серпілтті. Мем­лекеттілікті мәңгілік етудің бітіп қал­ған бастау көзін қайта ашты. 

Тарихқа үңілсек, Ресей императоры II Александр 1867 жылғы 11 шілдеде және 1868 жылғы 21 қазанда қазақ даласына қа­тысты «уақытша жарғыларға» қол қойды. 1867–1868 жылғы сол реформалардағы бас­тысы жер мәселесі болатын. Аталған жар­ғыларға сәйкес, Қазақстанның бүкіл жері Ресей империясының мемлекеттік меншігі деп жарияланды және қазақ ауыл­дарына пайдалануға ғана берілді. 1893 жыл­ғы 26 наурыздағы патша жарлығы бойынша Кас­пий теңізінің айдыны да Ресей мен­шігіне өтті. Қазақтар жаңа тәртіпті қабыл­даудан бас тартты, бұл шет-шегі болмаған ұлт-азаттық көтерілістерге ұласты. Бағын­бағанның бәрін патша өкіметі аясыз қырып, халық толқуларын басып-жаншыды. 

Ресей империясы күйреген соң қазақ жері оның меншігі болудан қалды. 1906 жылғы ақпанда Семейде ұлт арыстары бас қосып, II қазақ құрылтайын өткізді. Оның қорытындысында бекітілген бағдар­­­ламада Қазақстанның бүкіл аумағы тұр­­­ғылықты ұлттың меншігі болып таны­ла­ты­ны айтыл­ған. Ақтың орнын басқан Қызыл им­перия ұлт жанашыр­­ларының бұл арма­нын жүзеге асыруына мүмкіндік бермеді. 

Сондықтан да қазақ халқы үшін 1990 жыл­ғы «Мемлекеттiк егемендiк тура­­­лы» дек­ларацияның 9-бабы жанға жа­қын, жүрекке ыстық көрінеді. Онда: «Жер және оның қойнауы, су, әуе кеңiстiгi, өсiм­дiктер мен хайуанаттар дүниесi, басқа да табиғи ре­­сурс­­тар, халықтың мәдени және тарихи қа­­­­­­­зы­­­­­налары, бүкiл экономикалық, ғылы­­ми-техникалық әлеует, Республика тер­ри­­­то­­­­­­­риясындағы бүкiл ұлттық байлық – Рес­пуб­­лика егемендiгiнiң негiзiн құрайды жә­не оның ерекше меншiгiнде болады», – де­лінген. 

Осылайша, ұзақ, 123 жылға созылған әділетсіздік жойылды. Қазақтар бұл күнді бір ғасырдан артық күткен еді.

Егемендікті тәуелсіздік толықтырады

Мемлекеттік құқық пен тарих зерттеу­шісі, белгілі профессор Виктор Нездемков­ский тіпті сарапшылардың өзі егемендік пен тәуелсіздіктің айырмашылығын аңдай алмай, бірін-бірі алмастыратын синоним санайтынына назар аудартты. 

«Әлемде, геосаясатта болып жатқан те­рең әрі сан салалы өзгерістерге қарамастан, мемлекеттік егемендік сол бұрынғыдай бас­ты құндылық, конституциялық құры­лым­­­ның ұстыны мен саяси легитимациясы болып отыр. Әлемде тәуелсіздігін жария­­лаған көптеген ел әлі күнге егемендікке қол жеткізе алмады. Себебі заманауи ғы­лымға жүгінсек, егемендік, мемле­кеттің өз билігін елдің бүкіл терри­­­­ториясына тарата­тынын білдіреді. Яғни, мемлекеттің заңы оның барлық субъек­­тісінде бірдей үстем болуы тиіс», – деп түсіндірді ғалым. 

Мысалы, Әзербайжан тек Қарабақ өңірін қайтара алған соң 2023 жылғы қазан айында ғана егемендігін қалпына келтір­генін жариялады. Азаттығы мен терри­­­то­риялық тұтастығы үшін жанқиярлықпен күресіп жатқан Украинаның өз егемендігін қашан толыққанды етері белгісіз. Әзірге Киевтің мемлекеттік билігі ішінара төрт облысына жүрмейді. Грузия, Молдова сияқты посткеңестік кеңістіктегі елдерде мемлекеттік билік олардың конститу­ция­ларында белгіленген, әлем таныған терри­­­ториясына тұтас таралмайды. Дәл солай тәуелсіздік алған, бірақ түбегейлі егемен­­­дікке қол жеткізе алмаған мемлекеттер төрткүл дүниенің әр түкпірінде тым көп. 

Сондықтан ғалымның айтуынша, тәуел­­сіздік мен егемендік секілді қос құн­ды­лыққа қатар ие Қазақстан халқы ба­қытты. 

В.Нездемковский егемендіктің ішкі және сыртқы болып бөлінетінін айтты. Ішкі егемендікке мемлекеттік органдар жүйесін сыртқы ықпалсыз, өз бетінше құру, оларға билік құзырларын беру, елде тәртіп пен құқықты дербес орнату, қалаған заңдарды қабылдау, юрисдикциялық қызметтерді жүзеге асыру және басқасы кіреді. Ал мем­­­лекеттің сыртқы саясатты тәуелсіз жүргізуі, қандай да бір халық­аралық ұйымдарға ерікті түрде кіруі немесе шығуы, өзге мемле­­­кеттермен одақтастық құруы, мемлекеттік шекараны күзетуі, соғыс пен бейбітшілік мәселелерін ше­шуі – мемлекеттің сыртқы егемендігі болып есептеледі. 

Бұл ретте 17 ғана баптан тұратын, не­­бәрі 4-бетке сыйған «Мемлекеттiк еге­мендiк тура­­лы» декларацияда осының бәрі қам­­тылған. 

Мысалы, 2-бабында қазақ халқының тілін, төл мәдениетiн, дәстүрiн қайта тү­лету мен дамыту – Қазақстанның мемле­­­кет­­­­­тiгінiң аса маңызды мiндеттерiнiң бiрi ре­­­­­тінде бекітілді. 3-бабында: «Қазiргi ше­­­ка­ра­­­­сындағы Қазақ КСР-інің терри­­­­то­рия­сы бөлiнбейдi және оған қол сұ­ғыл­майды, оның келiсiмiнсiз пайдала­нуға болмайды» делінген. 

6-бабы Қазақстанның мемлекеттiк би­­­лiгi республика iшiнде, сондай-ақ сырт­қы қа­рым-қатынастарда үстем, дербес, толық бо­латыны нықталды. 

Ел экономикасын өрлеткен бір бап

Қазақстан өз территориясында респуб­­­ликаның егемендi құқықтары мен Консти­­туциясын бұзатын халықаралық актілердің қолданылуын тоқтата тұру құқығын да иеленді. 

Экономист-ғалым Марат Ерғозин Еге­мендік декларациясының 10-бабы елімізде көптеген саланың іргесін қалағанын қа­перге салды. 

«Бұл бап екі сөйлемнен ғана тұрады. Әйт­­­­кенмен, соның арқасында Қазақ­­­­­­стан­ның мемлекеттiк Ұлттық банкі, төл қар­­жы­лық жүйесi, банк секторы құрылды. Қа­­­зақ­станның мемлекеттік бюджеттік жос­­­­­­­­­­­­­­­­­­парлауы жолға қойылды. Салық пен ке­ден салалары іске қосылды. Осының бәрі одақтан бөлінген жоқ, оларды біздің мамандар шетелден шақырылған кеңес­­­­шілермен бірге жаңадан жасады. Тақырдан пайда болды деуге келеді. Әрине, бұл са­­­­лалардың әлі де болса, кем-кетігі, олқы тұс­­­­­­­­тары жетерлік. Бірақ ең бастысы, ол игі­ліктер бізде бар. 10-бап аясында Қа­­­­­­зақ­стан жалпыодақтық мүліктегi еншісін ал­ды. Соның iшiнде алмас, валюта қор­­лары мен алтын қорындағы өз үлесiн өз менші­­­­­гін­де қалдыратынын жариялады», – деді экономист ғалым.

Ол бүгінде Қазақстанның банк секто­­ры – ТМД аймағындағы көшбасшысы әрі ең озығы екеніне назар аудартты (шектен тыс шоғырландырылғанын назарға алма­­­­­ғанда). Ал Кеңес Одағы заманында Қазақ КСР-інің төл банктік жүйесі болмады, одақ­­тық жүйеге толығымен тәуелді болды. Ол кезде одақта Мемлекеттік банктен, Сырт­­­­­­­қы сауда банкінен, Құрылыс банкі­нен құралған бір деңгейлі банктік жүйе ғана болды. Қазір Қазақстанда мемлекеттік жә­не коммерциялық банктерден тұратын екін­ші деңгейлі банктер жұмыс істеуде. Бірін­ші деңгейде Ұлттық банк тұр. 

Сарапшының түсіндіруінше, дамыған капиталистік елдер екі деңгейлі жүйені да­мытты. Экономикасының күйзеліс құрды­­­­мына құлап бара жатқанын түсінген КСРО 1987-1988 жылдары банк рефор­­­масын жүр­гізді. 1987 жылы КОКП ОК және КСРО Ми­нистрлер кеңесінің №821 бір­лескен қаулысымен, Кеңес Одағында екі деңгейлі банк жүйесін құру туралы шешім қа­был­­­­данды. Нәтижесінде, КСРО Мем­ле­кеттік банкі мен КСРО Құрылыс банкі не­гі­зінде «Промстройбанк», «Агро­пром­банк», «Жил­соцбанк» құрылды. «Внеш­­­­­­­­торгбанк» ор­нын­­­да «Внеш­экономбанк» ашылды. КСРО Мембанкі құрамындағы жи­н­ақтаушы кас­са­­лар «Сбербанкке» бе­ріл­ді. КСРО Мемле­­кеттік банкі кәсіп­орын­дар мен ұйымдарға кассалық, кредит­тік-есептесу қызметтерін көрсетуді до­ға­рып, одақтың Орталық бан­кіне ай­нал­ды. 

Бірақ мұның бәрі Қазақстан үшін жат еді. Мысалы, одақ ыдыраған соң «Сбер­банк» (Жинақтаушы банк) өзінде он­даған жыл жинағын жиған қазақстан­дықтарды ұлар­­­­дай шулатып, Мәскеуге тайып тұрды. 

Қазақстан егемендікке қолы жеті­сімен, яғни 1990 жылғы желтоқсанда одақтан дер­­бес, төл банк жүйесін құруға кірісті. Ол да тақырдан түзілді, өйткені КСРО-да жос­парлы экономика үстемдік құрып кел­­­­се, Қазақстан нарықтық қаты­настарға көшіп жатқан еді. Банк жүйесін рефор­малаудың бастапқы кезеңінде на­рық жағдайында банк қызметін рет­тейтін заңнаманың жоқ­тығы әшкер­еленді. Со­дан 1991 жылғы қаң­тарда Жо­ғарғы кеңес «Қазақ КСР банк­­тері және банктік қыз­ме­ті туралы» заңын шұғыл түрде қабыл­да­ды. Осылайша, елде тү­бегейлі банктік ре­­­­формалар бас­­­талды, екі дең­гейлі банк­тік жүйе қалыптасты. 

Заң ғылымдарының докторы Қабдул­самих Айтхожиннің байламынша, 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСРО Жо­ғар­ғы кеңесінің Егемендік деклара­ция­сын қа­был­­дауы қазақ тарихының жарқын бет­­терінің бірі әрі бірегейі са­налады. Қа­зақ елі үшін тағдыршешті құжатқа айнал­ған декларация Қазақ­стан­да жаңа консти­­­туциялық құры­лым­­ның негізін салды, байырғы қазақ же­рінде тәуелсіз, егемен, біртұтас, заманауи мем­лекеттің іргесін қала­ды. Сол себепті де бұл декларация қа­­зақ халқы үшін құнды дүние. Сон­дық­тан да қазіргі және бола­шақ зерттеушілер Еге­­мендік декла­ра­циясына басты қайнар ре­­тінде үнемі ора­латын бо­лады. 

Қазақ елінің қазіргі халқы мен болашақ ұрпағы үшін бабаларымыз бағдар тұтқан Азат­тыққа адалдықтан айнымау – парыз.

Айхан ШӘРІП