Еліміз үшін басты мереке саналатын Республика күніне орай барша қазақстандықтарды құттықтау мақсатында қобызшы Ләйла Тәжібаеваның 3 600 биіктен парашютпен секіріп қана қоймай, көк аспанда қалықтап келе жатып Ықыластың «Жезкиік» күйін орындауы әлеуметтік желілерде көптеп тара­лып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Ләйла Тәжібаева: Көк аспанда қобыз қанат бітіргендей күй кештім
1,461
оқылды

Голливудтағы орындаушылық өнері бойынша дүниежүзілік чемпионатта бір­­­неше алтын медаль иегері атанған қобызшы Ләйла Тәжібаева бұл батыл шешімі арқылы барша отандасына сый жасағысы келгенін айтады. Ендеше мереке қарсаңында қазақтың өнерлі әрі батыл қызымен сұхбаттасуды жөн деп таптық. 

– Ләйла ханым, барша елімізді Республика күнімен құттықтау мақ­сатында 3 600 биіктіктен пара­шют­пен секіріп, қобызда күй ойна­ды­­­ңыз. Мұндай ерекше батыл ше­шім­ге қалай бел байладыңыз?

– Алғашында бұл идеяны ма­ған Қазақстан авиациялық спорт федерациясының вице-прези­ден­ті, нұсқаушы Тимофей Меркулов ұсынды. Ол «Еліміз үшін басты ме­реке саналатын Республика күніне менімен бірге парашютпен секіріп, қобызда күй ойнасаңыз» деп ұсыныс жасады. Мен қуана қабыл алдым. 

– Парашютпен секіруге кез кел­ген адамның батылы жете бер­­мейді. Әсіресе, нәзік жанды әйел затына мұндай шешімді қабылдау тіпті оңай болмасы анық. Парашютпен секіру барысында қандай сезім кештіңіз?

– Әрине, қобызда ойнау бір бөлек, биіктіктен парашютпен секірудің өзіне басында жүрек­­сін­дім. Ол үшін психологиялық, мо­ральдық тұрғыда жақсылап дайын­далу керек. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей, ұша­­тын күнге дейін қорқыныш сезімім сейілмеді. Нұсқаушымнан қайта-қайта әрбір мәселені сұрағыштай бердім. Бір қызығы, аспанда ұшып келе жатып, қобызда күй ойнаған кезімде санамдағы қорқыныштар өздігінен жоғалып, батылдық пай­да болды. Күй ойнап біткенше еш­­қандай қорқыныш сезімі бол­­ма­ды. Күй ойнап біткесін ба­сын­дағы қорқыныш сезім­­­­дерімді қай­та кешіп, қобалжи бастадым. Се­бебі аспандағы бірнеше метр биіктікте ауа жердегідей жұмсақ болмайды. Ауа биіктікте қатқылдау болған соң еркін тыныс алу жағы қиындау болады. Сондықтан биік­­тікте әр­­­түрлі сезімді бастан кеш­тім. Бірақ қобыз маған қанат бітір­­ген­дей, ерекше күш сыйла­­ғандай әсер берді. 

– Сіз аспанда «Жезкиік» күйін орын­дадыңыз. Неліктен тап осы күйді таңдадыңыз? Мұның басқа да сим­воликалық мәні бар ма? Мәсе­лен, елі­­­­міздегі киік мәселесіне қа­ты­­­сы бар ма?

– Себебі нұсқаушым Тимофей Меркулов қазақтың ежелгі аспабы қобызда ойнауымды сұрағанда елі­міз үшін маңызды күй ой­науым­ды өтінді. Мен ойланбастан осы күйді таңдадым. Өйткені бұл күй «Ләйлә қобыз» тобының, яғни менің жаз­бам. Менің репер­­туа­рымдағы күй. Өзіміз өңдеген, аранжировкасын өзіміз жасаған авторлық күйіміз, былайша айт­­қанда. Қазір авторлық құ­қық деген де маңыз­­ды емес пе?! Бұл ешқандай хайп емес. Бұл елі­­­­міз үшін маңызды мереке саналатын Республика күнімен құттықтау акциясы деп түсінге­німіз жөн. Сонымен қатар еліміз­дің батыл шешім қабылдай алатын батыр қыздары өте көп деген де ойды меңзейтін бастама. Сондай-ақ ұлттық аспабымыз қобызды, ұлттық құны­­­дылы­­­­ғымызды, мә­дениетімізді наси­­­­хаттауды мақ­сат тұттық. 

– Осы бастамаларыңыз ар­­­­қылы Гиннестің рекордтар кіта­­бына енуді де мақсат тұтқан екен­­сіздер. Бұл тұрғыда қазір қандай жұмыс атқарылып жатыр?

– Иә, біз парашютпен жай ғана секіріп қана қоймай, ұшу бары­сында қобызбен күй ой­надық. Бұл – ерекшелік. Сон­дықтан осы бастамамызды Гин­нестің рекордтар кітабына ен­гіз­сек деп шешім қа­­был­­­­­­дадық. Ол үшін оған құжат­тарды өзіміз дайындап, хат жол­­­­дау­­ымыз қажет екен. Қазір нұс­­­­­­қаушым Тимофей Меркуловтың да, менің де шаруа­лардан қолымыз тимей жатыр. Бұйыртса, алдағы уақытта осы жұ­мысқа кірісеміз деп отыр­­мыз. Әлемдік Гиннестің рекордтар кіт­а­бын білмеймін, бірақ Қазақ­­стан­дағы Гиннес рекордтар кіта­бына кіреміз деп ойлап отырмыз. 

– Сіз сонымен қатар елімізде алғаш болып электронды қобызда күй тартуды қолға алдыңыз. Осы бастамаңыз тыңдармандар тара­­пынан қалай бағаланды?

– Алғаш рет шет мемле­­кет­тердің ішінен Түркия мемлекетінің Анкара қаласындағы елшілікте электронды қобызыммен күй ой­надым. Ол дәл осы Республика кү­нінің қарсаңында бір жыл бұрын болатын. Ол кезде жұртшылық өте жақсы әсер алып, рецензиялар жа­зып, газеттерге де мен туралы ма­қалалар берді. Екінші рет сол Түр­кияның Ыстанбұл қаласында өнер көрсеттім. Ол жерде жан-жақтан келген бизнес өкілдері, меценаттар, миллиардерлер жи­налды. Онда да қыл қобызбен де, электронды қобыз аспабында да ойнап, өнер көрсеттім. Сонда Аликоч деген танымал миллиардер қолымды алып, өзінің риза­­шы­­лығын біл­дірді. Америкалықтар да өте таң­ғаларлық сезімдер кешке­­нін айтып, ризашылықтарын жа­сырмады. 

Бір айта кетерлігі, алдағы уа­қытта, келесі жылдың көкте­­мінде тағы да парашютпен секіруді жос­­парлап отырмыз. Ол кезде осы элек­­тронды қобызбен күй ойнау арқылы қазақ мәдениетін за­манауи бағытта танытуды мақсат етіп отырмыз. 

– Шығармашылығыңызда қан­­дай жаңалықтар бар, алдағы жос­парларыңыз ше?

– Жақын арада өзімнің жеке кон­цертімді өткізу жоспарымда бар. Бірақ қай жерде, қай уақытта өткізуді ойластырып жатырмын. Себебі әдеттегідей мұның барлығы өз қалтамдағы қаражатыммен жү­­зеге асатын болады. Сонымен қа­­­тар Абзал Арықбаев деген керемет композитор, музыкант, күйші «Күй­сандық» деген бағдарламаға еліміздің ұлттық аспаптарын, со­ның ішінде домбыра, қобыз, саз­сырнай, жетіген сияқты барлық аспап күйлерін және заманауи күйлерді жинап жатыр. Соған да өзімнің орындауымда бірнеше күйді ұсынып отырмын. Қазір ойым­­да көптеген жоба бар. Сәтін салса, жақсы жаңалықтарымды бөлісемін деген ойдамын.

Сұхбаттасқан 

Наурызбек САРША