Айыпталушылар қазандықтарды күрделі жөндеуге бөлінген ақшаны жымқырды деген күдікке ілінді.
«4,1 миллиард теңге залал келтірген»: Риддер ЖЭО-ның экс-басшыларына қатысты тергеу жүріп жатыр
1,431
оқылды

ҚМА Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті алаяқтық фактісі бойынша Риддер ЖЭО-ның экс-басшыларына қатысты істі тергеп жатыр,  деп хабарлайды Aikyn.kz

Олар алдау және сенімін теріс пайдалану арқылы бөтеннің мүлкін жымқырып, аса ірі көлемде мемлекетке 4,1 млрд теңге залал келтірген деген күдікке ілінді. 

«Тергеу барысында ЖЭО жабдықтарының тозуы және жылу энергиясын берудегі бірнеше рет істен шығуына жөндеу жұмыстарын жүргізуге арналған қаражаттың жүйелі түрде ұрлануы себеп болғаны анықталды. 

2018-2022 жылдар аралығында Риддер ЖЭО-ның бұрынғы лауазымды тұлғалары ғылыми-техникалық қызмет көрсету, қазандықтарға, жылу желілеріне және турбогенераторларға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін кәсіпорындармен жалған келісімшарттар жасап, уәкілетті органға жалған есептер ұсынған»,  делінген ҚМА таратқан хабарламада. 

Тергеу барысында қабылданған шаралар мен Премьер-Министрдің төрағалығымен Үкіметті демонополизациялау жөніндегі комиссия шеңберінде Риддер қаласындағы жылу энергиясын өндіру стансасын мемлекет меншігіне беруден келтірілген шығынды өтеуді қамтамасыз етті, оның құны шамамен  5,5 млрд теңге.

ҚПК-нің 201-бабының талаптарына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де деректері жария етілуге жатпайды.