Астана қаласының халықаралық әуежайында кейінгі уақытта жолаушылардың чемодандарын рұқсатсыз ашып, ондағы ақшалай қаражатын, алтын бұйымдарын және басқа да бағалы заттарын ұрлау жағдайларының өсуі тіркелді.
Астанадағы әуежайда жүк ұрлығымен айналысқан қылмыстық топ ұсталды
1,323
оқылды

Елордалық әуежайда жүк ұрлығымен айналысқан қылмыстық топ ұсталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Астана қаласының халықаралық әуежайында кейінгі уақытта жолаушылардың чемодандарын рұқсатсыз ашып, ондағы ақшалай қаражатын, алтын бұйымдарын және басқа да бағалы заттарын ұрлау жағдайларының өсуі тіркелді. 

Мәселен, 2023 жылдың тамызында «Астана – Ыстамбұл» бағытының жолаушысы ұшып келгеннен кейін чемоданынан 19 мың АҚШ доллары сомасында ақшалай қаражатының жоғалғанын анықтады. Жол жүгінен 7 800 АҚШ долларын ұрлау туралы дәл осындай өтініш «Астана – Дубай» бағытындағы әуе рейсінің жолаушысынан да келіп түсті. 

Осыған байланысты, көлік полицейлері көлік прокуратурасымен бірлесіп жүргізген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде, аталған қылмыстарды жасады деген күдікпен әуе айлағында жүк тиеуші болып жұмыс істеген 6 адамнан тұратын қылмыстық топты ұстады. Ұсталғандар өз кінәсін мойындады. Ақшалай қаражаттың бір бөлігі алынып, иесіне қайтарылды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, күдікті тұлғалардың басқа да осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріледі. 

Сонымен қатар тергеу органы ҚПК-нің 200-бабы тәртібінде елордалық әуежайға қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою туралы ұсыныс енгізді, бұл соқыр зоналарды алып тастау, қызметкерлерге қойылатын талаптарды қатаңдату және басқа да іс-шаралар. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр.