Ақтөбе облысында қызылшаның алғашқы фактілері ақпан айында тіркеле бастаған.
Алты сәби жансақтау бөлімінде: Ақтөбе облысында қызылшаға қатысты жағдай ушыға түсті
706
оқылды

Ақтөбе облысында қызылшаға қатысты жағдай ушығып барады. Қазір жансақтау бөлімінде алты сәби жатыр және емханадағы барлық төсек-орын науқастармен толыққан. Бұл туралы Aikyn.kz Астана арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Ақтөбе облысында қызылшаның алғашқы фактілері ақпан айында тіркеле бастаған. Деректерге сай, ауру шетелден жұққан. Аурудың қарқыны күз келе күшейе түскен. Жыл басынан бері облыстың мыңнан астам тұрғыны қауіпті дертке шалдыққан. Қазір жансақтау бөлімінде алты сәби жатыр. Ал емханаларға қосымша төсек-орындар салынуда. 

"Бүгінде бізде облыста 211 төсек, ересектер мен балаларға арналған облыстық ауруханаларда 91, "Чайка" шипажайында 120 төсек бар. Соңғы 10 күнде мұнда күніне орта есеппен 20 жағдай тіркелді", – деді Ақтөбе облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Түлкібаев.

Дәрігерлердің айтуынша, ауру жұқтырған балалардың 70 пайыздан астамы екпе алмаған. Ал мұндай жағдайларда аурудың алдын алу өте қиын екен.

"Екпе алмаған адамдардың қызылшаға қарсы иммунитеті мүлдем жоқ. Сондықтан ауру классикалық, ауыр түрге өтеді. Ауру симптомдар: интоксикация, қызба, әлсіздік, летаргия. Тыныс алу жүйесінен асқынулар жиі дамиды", – деді Ақтөбе облстық клиникалық инфекциялық аурухананың бас дәрігері Майра Нұрғалиева.

Дәрігерлер қызылшаның өте жұқпалы ауру екенін ескертуде. Вакцинацияланбаған адам оны 100% ықтималдықпен жұқтыруы мүмкін. Аурудың айтарлықтай өскеніне қарамастан, облыстағы балабақшалар мен мектептер карантинге жабылмаған. Қызылша анықталса, жұқтырған бала оқшауланады. Ал қалған балалар 21 күн бойы бақылауда болады.