AtyrauPress сайтының мәліметінше, ол кіші жүздің барлық руын, оның ішінде 4 тайпа мен 31 ру барын да айтып отыр.
Бауырсақтың дәмі қатты ұнады: Шетелдік азамат қазақ руларын жатқа біледі
779
оқылды

Бірлескен компанияның бірінде қызмет ететін Хеймиш Полс Атырауда 2017 жылдан бері тұрады. Ол қазақтың руларын, этникалық құрамы мен халықтың басқа да ерекшеліктерін жақсы біледі, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Хеймиш Полс 2017 жылдан бері қазақ халқының салт-дəстүрі мен мəдениеті туралы көп мағлұмат алған. Бос уақытында қазақ руларын зерттейді екен. Оның айтуынша, бұл ақпарат арқылы өзіне жаңалықтар ашыпты.

Мен бір халықтың руларға қалай бөлінетінін білгім келді. Қазақстанда 200-ден астам ру бар. Қазір мен кіші жүздің руларын ғана жатқа білемін. Жыл сайын əріптестеріммен бірге мен де көктемнің келгенін атап өтуді ұнатамын. Ал қазақ мəдениетіне тоқталсақ, мені олардың рулары қатты қызықтырады. Уақыт табыла қалса, бəрін үйренуге асығамын, – дейді ол.

Қазақ халқының өз ұлттық киімдерін киіп жүргені оны ерекше қуантады екен. Ол қазақы киімдердің əсемдігін ерекше атап өтті. Ою-өрнектер көктемнің келуін бейнелейтіндей.

Бауырсақ пен наурыз көженің дəмін татып көрдім. Қатты ұнады. Өзімнің ұлттық киімім бар. Оны арнайы мерекелерге киіп жүремін. Ою-өрнектері мен түстері көңіл күйімді көтереді. Басқалардан мүлде ерекше. Мұнда адамдар өте мейірімді, қонақжай. Бұл жердің табиғаты да бөлек, – деді Хеймиш Полс.

Бұдан бөлек, шетелдіктерге қазақтың ұлттық ойындары мен музыкалық аспаптары да ұнайды. Мысалы, Хеймиш Полс жақында асық пен лəңгі ойнауды үйреніпті. Оның пайымдауынша, асық дəлдікті, ұстамдылықты, тапқырлықты дамытып, дұрыс есептеуді үйретеді. Ал лəңгі ептілікті жетілдіреді.

Ұлттық ойындарды маған кенже ұлым үйретті. Ол Атырауда оқып жүріп үйреніп алған. Сондай-ақ 15 жастағы ұлым домбырада ойнай алады. Қазір алты күйді еркін орындайды. Біздің сүйікті күйлеріміз – «Адай» мен «Балбырауын». Менің түсінгенімдей, бұл – Атыраудағы ең танымал шығармалар, – деді ол.