Марат Бекетаев соттың санкциясымен қамауға алынған.
Бас прокуратура Марат Бекетаевқа қатысты мәлімдеме жасады
2,434
оқылды

Экс-әділет министрі Марат Бекетаев құқық қорғау органдарынан жалтаруға әрекет етіп, елден қашпақ болған. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев мәлімдеді, - деп хабарлайды Aikyn.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

«Бекетаевқа қатысты қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану бабы бойынша күдікті деп,  қылмыстық қудалау жүргізіліп жатыр. Соттың санкциясымен ол қамауға алынды. Қамауға алу себебі – ол құқық қорғау органдарынан жалтаруға әрекет еткен жерінен ұсталды», - деп жауап берді Ә.Шындалиев тілші сұрағына.

Бас прокурордың орынбасарына «күдікті мақсатты түрде шетелге кетіп бара жатты ма?» деген  сұрақ қойылды.

«Ол құқық қорғау органдарынан басқа жаққа қашпақшы болды. Сол әрекеті кезінде ұсталып, күдікті екенін ескере отырып, оның қашуға оқталған мақсатын ескеріп, Бекетаев қамауға алынды. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Қылмыстық іс жүргізу кодексіне сәйкес, тергеу амалдарының мәліметін жариялауға тыйым салынады. Сондықтан істің мән-жайын толық айта алмаймын», - деді Әсет Шындалиев.

Бұл ретте ол осыған дейін күдіктінің заңсыз әрекеттері бойынша тексеру болғанын айтты.

Анықталған деректер аясында қылмыстық іс қозғау туралы шешім жасалды.