Бүгінде халық арасында «теңге бағамы өсті» немесе «теңгенің халі қалай?» сияқты сұрақтар өзекті әрі жиі қойылып жүр.
Теңге бағамы неліктен құбылмалы?
949
оқылды

Ұлттық валютамыздың деңгейі неге байланысты құбылатыны және бұл процестер қандай өзгерістерге әкелетіні туралы қарапайым тілде жеткіземіз. Ал бұл үшін әуелі теңге бағамы қалай қалыптасатынын анықтап алайық. Негізінен теңге бағамы Қазақстан қор биржасының валюталық сауда-саттық алаңында белгіленеді.

Оған теңгенің долларға шаққандағы бағамы USD/KZT жұбы саудасының қорытындысы ықпал етеді. Мәселен, күніне бағамды шығаратын таңғы, түскі және кешкі сауда сессиялар бар. Астана уақытымен сағат 11.00-ден кейін теңгенің алғашқы нарықтық бағамы анықталады. Осы сауда-саттыққа банктер, шетел валютасымен операция жасайтын түрлі компанияның тапсырмасын орындайтын брокерлер, валюта айырбастау фирмаларының өкілдері қатысады. 

Қазір валюта биржасында шамамен 33 белсенді ойыншы бар. Екінші деңгейлі банктер де оның құрамында. Міне, олардың тарапынан келіп түскен сұраныс пен ұсыныс көлемі теңгенің күн сайынғы құбылуына әсер етіп, оның бағамын белгілеп отырады. Теңге бағамы долларды сатып алу немесе сатудың биржада өткен ең төменгі және ең жоғарғы бағасының ортақ мәнінен құралады. Мысалы, ең төменгі мәміле бір долларға 473,5 теңге, ал жоғарғы мәміле долларына 480,2 болса, онда теңге құны сол сессия нәтижесінде 476,85 болып белгіленеді. 

Айта кету керек, бүгінде мемлекет пен Ұлттық банк теңге бағамын реттеу режимінен кетіп, инфляцияны бақылаумен айналысады. Бір сөзбен айтқанда, теңге курсы нарыққа байланысты. Енді мемлекет бар күшін негізінен инфляцияға жұмсайды.  Мысал ретінде тауарлар мен қызметтер бағасы «аспандап» кеткен жағдайда  мемлекет инфляцияға бейімделеді. Яғни бағаны қажет кезде бекітіп отырады. Сондай-ақ, инфляцияны жұмыссыздық деңгейі өсіп не төмендегеніне қарай да реттеп отыру маңызды.   

Ал енді оқырмандарда «Егер теңге нарықтық жағдайда бағамдалса, неге Ұлттық банк теңгенің ресми курсын жариялайды?» деген сұрақ тууы мүмкін. Оның нақты себебі бар. Ұлттық банктің валюта бағамы биржадағы нарықтық бағамға сәйкес бекітіледі. Біздегі ішкі операциялар, төлемдер теңгемен жүретіндіктен, ресми курс шетел валютасымен келген табысқа теңгелей салық төлегенде, басқа да төлемдер жүргізгенде қажет болады. Барлық есеп-айырысулар осы ресми бағамды есепке ала отырып жүргізіледі. 

Теңге бағамының жоғары не төмен болуына не әсер етеді?

Теңге бағамының қалай қалыптасатынын айтып өттік. Ендігі кезек оның неге құбылатынын түсіндіруге арналады. 

Кез келген валюта сияқты теңгеге сыртқы және ішкі факторлар әсер етеді. Қазіргі құбылуға ықпал еткен сыртқы факторлардың ішінде доллардың жаһандық нығаюы және оның салдарынан дамушы елдер валюталары индексінің төмендегені, рубльдің долларға қатысты әлсіреуі бар. Ал ішкі факторлар дегенде квазимемлекеттік компанияларды валюталық түсімдерін сатуды міндеттеудің қазір күшін жойғанын атап өтуге болады. 

Егер жүйелі түрде қарасақ, теңгеге мұнайдың әлемдік нарықтағы бағасының ықпалы зор. Баға қымбат болса, валюталық түсімдеріміз көп болып, сыртқы сауда балансы біз үшін жағымды болмақ. Яғни экспортымыздың ақшалай көлемі импорттан асып тұруы тиіс. Ал жалпы алғанда, ұлттық валюта ахуалы сол елдің экономикалық қуатына тікелей байланысты. Сол себепті, ішкі өндірісті арттыру, шикізаттық тәуелділіктен кету аса маңызды болып отыр.

Фото: inbusiness.kz