Соңғы 24 сағат ішінде Израиль Газа секторына 43 жаппай шабуыл жасаған.
Газа секторында қаза тапқандар саны 7 мыңнан асты
910
оқылды

Израильдің Газаға жасаған шабуылынан қаза тапқандар саны соңғы 24 сағатта 481 адамға көбейіп, 7028-ге жетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz  Anadolu агенттігіне сілтеме жасап.

Газа денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Ашраф әл-Кудраның мәлімдеуінше, эксклавтағы израильдік шабуылдардың құрбандары арасында 2913 бала, 1709 әйел және 397 қарт адам болған. Газа секторының 18 484 тұрғыны зардап шеккен.

Сондай-ақ ол соңғы 24 сағат ішінде Израиль Газа секторына 43 жаппай шабуыл жасағанын айтты.

Шабуыл салдарынан қираған ғимараттар үйінділерінің астында әлі де адамдар бар. Ресми ақпаратқа сәйкес, 1650 адам, оның ішінде 940 бала із-түзсіз жоғалып кеткен.

Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі өңірдегі денсаулық сақтау саласындағы жағдай өте күрделі екенін де атап өтті.

«Негізгі шабуыл нысанасы денсаулық сақтау мекемелері болып отыр. Израильдің соққысы салдарынан 57 медициналық мекеме қирап, 25 жедел жәрдем көлігі зақымданды, 101 медицина қызметкері қаза тапты, 12 аурухана мен 32 медициналық орталық толық қирап қалды», – деді Ашраф әл-Кудра.

Палестина Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі мыңдаған науқас пен жаралылардың емделуін қамтамасыз ету үшін шұғыл шаралар қабылдауға шақырды.

 

Фото: AP Photo / Doaa AlBaz