Қазақстанда киік аулау мерзімі белгіленді

Ресми ақпарат бойынша, Қазақстандағы киіктер саны 2 млн-ға жуықтаған.

Қазақстанда аң аулау қағидаларына енгізілетін өзгерістер жобасы әзірленіп, құжатта жыл сайын киік аулауға рұқсат етілетін мерзім белгіленді. 2024 жылдан бастап 1 қазан мен 15 қараша аралығы киік аулау мерзімі болып бекітілмек, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Биыл Қазақстанда киіктердің санын реттеу туралы Экология министрінің бұйрығы 6 қазаннан бастап күшіне енді. Министрліктің көктемгі әуе есебі бойынша мәліметінше, Қазақстандағы киіктер саны 2 млн-ға жуықтаған. Ал биылғы төлді қосқанда одан да асып түсуі мүмкін.

Осы ретте киіктердің оралдық популяциясын 20 пайызға, бетпақдалалық популяциясын 15 пайызға қысқарту жөнінде шешім қабылданды.

"Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау қауымдастығы әзірлеген биологиялық негіздемеге сәйкес, жыныс құрамы мен мекендеу ортасына қарамастан, киікті аулау мерзімін 1 қазаннан 15 қарашаға дейін белгілеу ұсынылды", – делінген құжат жобасында.