Астанада Қазақстан онкологтары мен радиологтарының IX конгресі өтіп жатыр.
Елімізде кейінгі 20 жылда қатерлі ісіктен болатын өлім – 33%-ға азайған
712
оқылды

26 қазанда Астана қаласында Қазақстан онкологтары қауымдастығы мен Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты ұйымдастырған Қазақстан онкологтары мен радиологтарының IX съезі өз жұмысын бастады.

Съезд Алматы Декларациясының қабылдануының 45 жылдығына және МСАК бойынша Астана декларациясының 5 жылдығына арналған Алғашқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі жаһандық конференция шеңберінде өткізіледі.

Съезд жұмысына әлемнің 20 елінен 2000-нан астам қатысушы қатысады, олардың арасында АҚШ, Франция, Испания, Қытай, Израиль, Түркия, Мальта, Дания, Бельгия, Латвия, Польша, Үндістан, Моңғолия, Грузия, Ресей және Украинаның жетекші ғалымдары бар. Сонымен қатар, съезде әлемнің жетекші ғылыми және клиникалық орталықтарының ғалымдары мен тәжірибешілері баяндама жасады.

- Еліміздегі онкологиялық аурулар, бүкіл әлемдегідей, әлеуметтік маңызды және медицинаның басым бағыттарының бірі болып табылады, себебі оларды емдеу мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік дамуына айтарлықтай ауыртпалық түсіреді, – деп атап өтті Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Қанатұлы Аймағамбетов.

Сондай-ақ, ол соңғы жылдары Қазақстан Үкіметі, Денсаулық сақтау министрлігі және онкологтар халықаралық зерттеу кооперациясын ілгерілету, онкологиялық ауруларды диагностикалау және емдеу саласындағы озық тәжірибемен алмасу, ең заманауи талаптар мен әдістемелерді ескере отырып, кадрлар даярлау бойынша көп қырлы және аса сұранысқа ие жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұргүл Таудың пікірінше, онко сақтық қағидаттарын оқыту, салауатты өмір салтын ұстану (жаман әдеттерден бас тарту, дұрыс тамақтану, дене белсенділігі, темекіге қарсы күрес) бойынша іс-шаралар кешенін жүргізу бойынша халықпен жұмысты жалғастыру маңызды.

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Вячеслав Дудник IX съезге қатысушылардың алдында сөйлеген сөзінде ДДҰ декларациялайтын әлемдік трендтерге сәйкес саланың дамуы туралы айтып берді.

Ол соңғы 20 жылда елімізде онкологиялық көмекті ұйымдастыру мен көрсетуде елеулі оң өзгерістер болғанын атап өтті:

- онкологиялық аурулармен сырқаттанушылық 25% - ға өсті, ал қатерлі ісіктен болатын өлім – 33% - ға дейін төмендеді;

- Қазақстандық онкологтар елімізде алғаш рет сәтті енгізген онкологияға бірегей реконструктивті-пластикалық жедел араласулар (3D-протездеу) жүргізілуде.

- онкологиялық науқастарды емдеуде заманауи мақсатты және иммуно-онкологиялық препараттар енгізілді.

Шуз Йоахим (Франция) қатерлі ісікті зерттеу жөніндегі халықаралық агенттігі (International Agency for Research f Cancer - IARC) директорының орынбасарының пікірінше, онкологтардың Съезі сияқты маңызды және жаһандық іс - шараларды өткізбей қатерлі ісікті зерттеу бойынша халықаралық ынтымақтастық және инновациялық технологияларды енгізу мүмкін емес. Қазақстандық онкологтар шетелдік әріптестерімен тәжірибе және білім алмасу, онкология саласындағы соңғы ғылыми жетістіктер үшін кең және көп қырлы ынтымақтастық үшін әрқашан ашық және осы қауіпті аурулармен күресте бірлескен күш-жігер жұмсайды

Американдық клиникалық онкология қоғамының (ASCO) Халықаралық істер жөніндегі Вице-президенті Даг Пайл (АҚШ) онкологиялық көмекті дамытудың маңызды құрамдас бөліктеріне айналатын халықаралық ынтымақтастық пен тәжірибе алмасудың маңыздылығы мен қажеттілігін ерекше атап өтті. Еліміздің бас онкологы Диляра Радикқызы Қайдароваға және Қазақстан онкологтар қауымдастығына қазақстандық онкологияны әлемнің жетекші қауымдастықтарына интеграциялау және қазіргі әлемдік онкологияның маңызды жетістіктерін іске асыру мақсатында бүкіл Орталық Азияның халықаралық ынтымақтастық мүмкіндігін кеңейткені үшін ерекше ризашылығын білдірді.

Съездің бірінші күнінің қорытындысы бойынша сүт безі обырын, сүйек ісіктерін, жұмсақ тіндер мен тері ісіктерін, сирек кездесетін ісіктер мен меланомаларды, бас және мойын ісіктерін, нейроонкологияны, ядролық медицина мен патоморфологияны заманауи емдеудің өзекті мәселелері бойынша секциялар өткізілді.

Сондай-ақ, бүгін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сессиясы өтті, онда әлемнің әртүрлі елдеріндегі онкологиялық аурулардың диагностикасының сапасы мен деңгейін едәуір жақсарту және скринингтік тексерулердің заманауи технологияларының мүмкіндіктері талқыланды.

Съезд жұмысы жалғасуда, екінші күні асқазан-ішек жолдарының ісіктерін емдеу стратегиясы, торакалды онкология, онкогинекология, сондай-ақ паллиативтік көмек және оңалту мәселелері бойынша қызықты ақпаратқа толы бағдарлама күтіп тұр.