Бірнеше облыс әкімінің орынбасары партиялық жауапкершілікке тартылды.
Мектеп салуға бөлінген бюджет қаражатының тек 37% игерілді – "AMANAT"
1,402
оқылды

2027 жылға қарай елімізде кемінде 1,2 млн оқушы орны ашылуы тиіс. Партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасында осындай міндет қойылып отыр.  Мектептерді салу, жөндеу және жабдықтауға қатысты осы және өзге де өзекті мәселелер «AMANAT» Партиялық бақылау комитетінің отырысында талқыланды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында атап өткендей, сапалы орта білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы.  

Жалпы, осы жылы оқушы орындарының тапшылығы мәселесін шешу үшін 137,7 мың орынға арналған 165 мектеп ашу жоспарланған. Оның ішінде 78,5 мың оқушы орнына лайықталған 77 мектеп пайдалануға берілді. Биыл мектептердің құрылысына шамамен 164 млрд теңге бөлінген. Алайда, 7 айдың қорытындысы бойынша 2023 жылы қаражатты игеру көрсеткіші тек 37%-ы құрап отыр. 

Комитет төрағасы, Мәжіліс депутаты Павел Казанцев атап өткендей, жалпы білім беретін мектептерді салу және жөндеу қарқыны әлі де көңіл көншітпейді. Биыл мектеп мүлдем салынбаған өңірлер де бар. Атап айтқанда, осы жылы 3 мектептен салынуы тиіс Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және 2 мектептен салынуы тиіс Шығыс Қазақстан облыстары мен Алматы қаласында бірде-бір мектеп бой көтермеген. Сол сияқты Қарағанды облыстарында да бір мектеп салынуы керек еді.

«Белгіленген мерзімде жұмысты толық аяқтау үшін мердігер ұйымдардың көбінесе қажетті ресурстары (ұйымдастырушылық, қаржылық, материалдық-техникалық) ғана емес, сонымен қатар біліктілігі де жетпей жатады. Бұл жағдайды үнемі сот процестері арқылы шешу, мерзімінен кешігу, жұмыс сапасына қатысты шағымдар сияқты келеңсіздіктерге әкеліп соғады. Техникалық қадағалау жасау жеткіліксіз деңгейде жүзеге асырылады, көбіне-көп сапаға қатысты ескертулер жөндеу немесе құрылыс жүріп жатқан кезде емес, аяқталғаннан кейін беріледі», – деді ол.

Мәселен, Шығыс Қазақстан облысы Зайсан қаласындағы 300 орындық мектеп туралы айтсақ, көктемгі су тасқыны салдарынан білім ошағын салу үшін таңдалған жер учаскесі су астында қалған. Осы жағдайға байланысты құрылыс алаңын ауыстыруға тура келді.

«Осы жылдың 8 айында аталған мектептегі құрылыс-монтаж жұмыстары тек 10%-ға орындалды. Жыл соңына дейін екі ай ғана уақыт қалды, бұл жерде құрылыс келесі жылдың екінші жартысында ғана аяқталады десек қисынды болады. Геодезистер, жобалаушы мамандар қайда қарады? Мектеп тұрғызатын алаңды алдын ала дұрыс таңдау керек еді, ал енді нысанды салу құны қымбаттап кететін болды», – деді «AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев.

Білім ошақтарындағы жөндеу жұмысының уақтылы жүргізілуінде мектеп басшылары да маңызды рөл атқарады. Мысалы, Атырау облысының Құлсары қаласында №18 мектеп директоры, «AMANAT» партиясының мүшесі Алтынгүл Ибраева мердігермен байланыс орнатып, көктемде оқу процесінің аяқталуын күтпей-ақ қаржыландыруды алғаннан кейін жөндеу жұмысын бірден бастап кеткен. Сонымен қатар, Алтынгүл Ибраева аудандық партиялық бақылау комиссиясымен бірлесіп, жұмыс сапасын жеке бақылайды. Осылайша, жұмыс кестесі сақталып, жөндеу дер кезінде жасалды. 

Өз кезегінде Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан Комитет мүшелерін «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасының іске асырылу барысы туралы хабардар етті. Осы жылдың сәуір айында Мәжілісте өткен «AMANAT» партиясы фракциясының отырысында жасалған ескертулерді ескере отырып, 17 қазанда Үкімет Ұлттық жобаға отандық тауар өндірушілерді қолдаудың қосымша шараларын көздейтін өзгерістер жобасын бекітті.

«Салынып жатқан мектептерге жиһаз тек қазақстандық өндірістен сатып алынады. Сондай-ақ, сатып алынатын тауарларға бизнеспен алдын ала (офтейк) келісімшарттар жасалады. Сыртқы қасбеттерді безендіруде климаттық және сейсмикалық жағдайларды ескере отырып, негізінен отандық өндірістің заманауи материалдары қолданылады», – деді ол.

Мемлекеттік органдардың мектеп тапшылығы мәселесін шешуге күш салып жатқанына қарамастан, Республикалық маңызы бар қалаларда білім ошақтары әлі де жетіспейді. Астана қалалық партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Мирас Шекеновтың айтуынша, бүгінде елордада 1,4 млн адам тұрса, оның 444 мыңы – кәмелетке толмағандар.

«Астаналықтардың орташа жасы – 30. Алдағы жылдары мектеп оқушылары санының күрт өсуі күтіледі. Ел тұрғындарының қалаға ағылу процесі, яғни ішкі көші-қон әлі де жоғары. Бұл адам ресурстарын жоғалтып отырған аймақтарға зиянын тигізеді. Оқу-ағарту министрлігі, әкімдіктер мен Үкімет мектептер мен балабақшалардың құрылысын жобалау кезінде демографиялық аспектіні ескеруі керек. Қазір Астанадағы мектептерде бала саны тым көп», - деді ол.

Бұл пікірмен Комитет мүшесі, Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев те келісіп отыр. Ол осыған ұқсас жағдай орын алып отырған оңтүстік астананың проблемасын тілге тиек етті.

«Қалалардың көз ілеспес жылдамдықпен өсуі мектеп тапшылығы мәселесін үдетіп отыр. Жағдай ушығып тұр, Алматыда бірде-бір мектеп жөнделмеген. Көптеген тұрғын үй кешені бей-берекет, бақылаусыз салынып жатыр. Ал сол кезде емханалар, балабақшалар, мектептер жетіспейді. Құрылыс жүргізетіндер тұрғын үй кешенін салатын болса, онда әлеуметтік инфрақұрылымды да қоса тұрғызуы тиіс. Біз құрылыс компанияларын осыған тартуымыз керек», – деді халық қалаулысы.

Алматы әкімдігі соңғы екі жылда қалада 11 мектеп салынғанын, ал 2020 жылдан бастап құрылыс салушылар үшін әлеуметтік инфрақұрылымды, атап айтқанда, балабақшалар мен мектептерді міндетті түрде салу туралы ереже қолданылатынын атап өтті.

Жиын қорытындысы бойынша Комитет мүшелері орталық және жергілікті мемлекеттік органдар үшін бірқатар ұсыным қабылдады. Мәселен, жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеу мен түзетуді жеделдетуге, мектептерді салу және жөндеу жөніндегі жобаларға мемлекеттік ведомстводан тыс сараптаманың оң қорытындысын алуға мүмкіндік беретін тетікті әзірлеу қажет. Оқу-ағарту министрлігі салынып және жөнделіп жатқан барлық мектептің нақты жүйелі есебін қамтамасыз етуі қажет.

«Өңірлердегі партиялық бақылау комиссиялары білім беру нысандарын салуға және жөндеуге қатысты сайлауалды бағдарламаның барлық тармағының орындалуын бақылауға алып, әрбір нысанда көшпелі тексерулер жүргізуі тиіс. Сондай-ақ, олар партиялық бақылау бекеттерінің жұмысын жандандыруы қажет», - деп түйіндеді Павел Казанцев.

Сонымен қатар, мектептердің құрылысы мен жөнделуіне тиісті партиялық бақылаудың жасалмағанына байланысты Комитет үш облыстағы әкімдердің орынбасарлары мен құрылыс басқармаларының басшыларына «ескерту» түріндегі жаза тағайындауға қаулы етті. Олар Алматы облысы – Нұржан Құдайбергенов пен Сапар Нұрашев, Атырау облысы – Жасұлан Бисембиев пен Нұрберген Құсайынов, Маңғыстау облысы – Жұмабай Қарағаев пен Айнұр Манкешова.