Театр әлеміндегі жас режиссерлердің жетістіктерін насихаттап, олардың кәсіби әлеуетін арттыру мақсатында І Республикалық жастар театрлары фестивалі ұйымдастырылып отыр.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өткізілетін фестивальде отандық 8 режиссердің туындылары таныстырылады. Атап айтқанда, Гүлназ Балпейісова, Мейрам Хабибуллин, Антон Зайцев, Әлібек Өмірбекұлы, Шағуан Үмбетқалиев, Анна Цой, Әридаш Оспанбаева және Шыңғыс Жақыпбай сынды 35 жасқа дейінгі режиссерлердің таңдаулы қойылымдары сахналанады.
«Фестиваль арқылы тағы бір көздегеніміз – қазақстандық режиссерлердің кәсіби шеберліктерін шыңдау, шығармашылық тәжірибе алмасу», – дейді шара ұйымдастырушылары.
Сонымен қатар жастар театрлары фестивалінде Астана қаласы әкімдігінің Жастар театры, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры, Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық драма театры және т.б ұжым өкілдері үздік қойылымдарын ұсынады. Республикалық ауқымда ұйымдастырылған шара аясында театр өнеріне зор еңбегі сіңген қайраткерлер Нұрқанат Жақыпбай, Есмұқан Обаев, Талғат Теменов, Әубәкір Рахимов, Қуандық Қасымов, Гүлсина Мирғалиева, Мұрат Ахманов және т.б мәдениет саласының майталмандары бой көрсетеді. Ұлттық және әлемдік мәдениеттің құндылықтарын үйлестіре отырып, ұйымдастырылған І Республикалық жастар театрлары фестивалінің ресми ашылу салтанаты 1 қараша күні сағат 17:00-де өтеді. Шара барысында елімізде үздік деп танылған қойылым режиссерлері марапатталады.
Айта кетейік, фестиваль аясында өтетін қойылымдар Алматы қаласындағы үш театр сахнасында ұсынылады. Нақтылайық, 1 қараша сағат 17:00-де фестивальден тыс «Құлагер» қойылымы Ғ.Мүсірепов театрында, 2 қараша күні 15:00-де «Я есть», «Тотальный театрында» 18:30-да «Қарагөз» трагедиясы Ғ.Мүсірепов театрында, 3 қараша 11:00-де «Шырақ» лирикалық драмасы Ғ.Мүсірепов театрында, 18:30-да «Кассандра таңбасы» М.Әуезов театрында көрерменмен қайта қауышады. Ал 4 қараша 15:00-де «Ричард ІІІ» трагедиясы Ғ.Мүсірепов театрында, 18:30-да «Қыз жібек» М.Әуезов театрында, 5 қараша 11:00-де «Қобыланды», 18:30-да «Алғашқы ұстаз» қойылымы Ғ.Мүсірепов театрында сахналанады.
6 қараша күні фестивальдің жабылу салтанаты өтеді. Театр сүйер қауым үшін фестиваль – еліміздің әр аймағынан келетін өнер ұжымының үздік қойылымдарын тамашалауға таптырмас мүмкіндік.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ