Әлем картасы өзгеріп, ірі им­перия­лар келмеске кетіп жатқан күрделі кезеңде Түркия Республи­касының құрылып, іргелі мемлекет ретінде қалыптасуында Мұстафа Кемал Ататүріктің айрықша қызмет атқарғаны белгілі.
Ататүрік – тәңірінің түркіге тартуы
1,096
оқылды

29 қазанда бауырлас Түркия Республикасының құрылғанына 100 жыл толады. Түбі бір туысқан ел ертеден бері азат өмір сүрді дегенмен, ХХ ғасырдың басын­дағы «соқтықпалы, соқпақсыз» жылдарда зайырлы, демокра­тия­лық жолға түсті. Елдігін сақ­тады. Содан бері ғасыр өтіпті. Жаһан жұрты республика ре­тінде танып, мойындаған кезде Түркия жалғыз тәуелсіз түркі елі еді. Қазір түркі жұртының алты азат мемлекеті бар. Қазақстан тәуелсіздік алған сәтте алғашқы болып егемен ел екенін мойын­дай­тынын мәлімдеп, шын қуан­ған жұрттың бірі Анадолыдағы ағайын болатын. Ал Түркия та­ри­хында Мұстафа Кемал Ата­түрік­тің орны бөлек. Анадолы жұр­тының тағдыр-талайы осы­нау қайраткер тұлғаның табан­дылығы мен ақыл-парасатына тікелей байланысты еді. 

Aiqyn газеті бауырлас елдің ғасырлық мерейтойы қарсаңын­да әлем тарихында өзіндік із қал­дырған Мұстафа Кемал Ататүрік жайлы сенатор Дархан Қыдырәлінің мақаласын оқыр­манға ұсынуды жөн көрді.

РЕДАКЦИЯДАН

 

Әлем картасы өзгеріп, ірі им­перия­лар келмеске кетіп жатқан күрделі кезеңде Түркия Республи­касының құрылып, іргелі мемлекет ретінде қалыптасуында Мұстафа Кемал Ататүріктің айрықша қызмет атқарғаны белгілі. Ал Ататүріктің еңбегі мен ерлігін дұрыс бағамдау үшін сол кезеңді тарихи тұрғыда бір шолып шыққан абзал. 

Кез келген империяның шарықтау шегі және құлдырау кезеңі болады десек, үш құрлыққа тамыр жайған Осман им­периясы тоқырау кезеңін бастан өткеріп жатты. Алып империяның шекарасын қорғау, сол үшін әскери жорықтарды көп ұйымдастыру елді үлкен шығынға әкеліп соқты. Жібек жолының маңызын жо­ғалтуы, еуропалықтардың Қызыл теңіз, Парсы шығанағы арқылы Үнді мұхитына шығып, орасан зор байлықтарға қол жеткізуі – империяның экономикалық жағдайының әлсіреуіне әсер етті. Бірте-бірте оның экономикасы капитуляция­лар арқылы батысқа тәуелді бола бас­тады. Империяның құлауына Еуропада бастау алған ұлтшылдық қозғалыстар да негіз болды. Сонымен қатар батыстағы рефор­малау үрдісінен Түркия тыс қалып қойды. Мұсылмандық өркениеттің қорғаны саналған Османлы батыс үс­темдігін сезіне бастаған кезде рефор­ма­лар жүргізе бастады. Дегенмен көп жағ­дайда тереңге бойламай, олардың сәулеті, ғимараты, мәдениеті секілді көзге көрінетін мате­риалдық дүниелерге үңілді. Сондай-ақ алпауыт елдер күн тәр­тібіне шығыс мә­селесін қойып, өз­дері «сырқат адам» деп атаған Осман­лыны Еуропадан, Балқан түбегінен, Ыс­танбұлдан, тіпті Анатолия­дан ығыс­тырып шығару, Алтайға дейін қуып тастау, қолдарына қару алуына, әлем­дік саясатқа ықпал етуіне мүмкіндік бер­меу секілді ұйғарым жасады. На­полеон­ның «Әлемдік империя құрсам, астанасын Ыстанбұл жасайтын едім» деген сөзі бар екен. Ыстанбұл осылайша бүкіл батыс­тық мемлекеттердің көз құрты болды. Өйткені ол бір жағынан шығыс пен батысты жалғастырған еуразиялық қала болса, екіншіден, Түркия жері хрис­тиан­дар үшін аса қасиетті, киелі мекен болып саналды. Осындай кезеңде жағ­дайы әл­сіреген, жан-жағында қыспаққа алын­ған, қол астындағы ұлттың бәрі өз тәуел­сіздігіне ұмтылған, жалпы жаңа дәуірдегі ғылым мен технологиядан артта қалған Осман империясы көп жерден ығысуға мәжбүр болды. 

Осы кезде Парижде топтасқан ұлт зиялылары мен жастар бірігіп, заманға сай ұлттың қалыптасуы мен ұлтшыл­дықтың теориясын негіздей бастады. Мы­салы, 1904 жылы тегі татар Юсуф Акчура «Үш түрлі саясат» деген кітап жазды. Оны батыстың тарихшылары кейін атқарған қызметі мен маңызына қарай «түркшілдіктің манифесті» деп атады. Юсуф Акчура: «Бірінші жол – «ос­маншылдық». Империяның құрамындағы барлық этнос пен дін өкілі – бір халық, бір ұлт. Дегенмен оның құрамында мұсыл­мандар да, христиандар да бар. Ұлттық тең­сіздікке ұмтылған кезде бәрі бет алды­на кетеді, сосын «осман ұлты» деген ұлт қалмайды. Екінші жол – қазіргі халифтің жүргізіп отырған исламшылдық саясаты. Бірақ империя құрамындағы басқа мұ­сылман елдердің біразы өзге империялар­дың қол астында. Олардың арасында Осман империясына қарсы шығып жат­қандары да бар. Империя да тек мұсыл­ман­дардан құралмаған. Сон­дық­тан мұсыл­маншылдық саясаты да мемлекетті сақтап қала алмайды. Үшінші жол – түркшілдік. Осман империясының негізін қалаған түріктер болғандықтан, ша­ңырақтың иесі солар. Османшылдық та, мұсылманшыл­дық та түптеп келгенде түркшілдікке келіп тіреледі. Өйткені түрк – мұсыл­ман, түрік – османлы. Сондықтан да мемлекетке түркшілдік керек» деп жазды. 

Акчураның бұл саясаты кейін Зия Гө­калыптың әйгілі «Түркшілдіктің негіз­дері» еңбегінің жазылуына түрткі болды. Зия Гөкалып «түркшілдік, батысшылдық және мұсылманшылықты біріктіру қажет. Осыдан жаңа мемлекетшілдікті шығаруы­мыз керек» деп синтез жасады. Ататүрік негізге алған басты идеялар, міне, осылар. Осындай пікірлердің әсерімен, сұлтан 1908 жылы тақтан тайдырылды, мемлекет басына «жас түріктер» келді, парламенттік билік күшейді. Әр ұлттар парламентке өзінің өкілдерін қою арқылы тартысты күшейте берді. Сөйтіп, Осман империясы­ның құлдырауы ұзаққа созылды. Жалпы, бір мемлекеттің бір сәтте құлауы оның қайта орнынан тез тұруына мүмкіндік беруі мүмкін. Өйткені құлаған империя­ның дәстүрі, жолы тұрғындардың сана­сын­да жаңғырып тұрғандықтан, олар сол империяны қайта жасақтауға ұмтылады. Егер империяның құлауы ғасырларға ұзап кетсе, бұл қиын. Осман империясының құлауы екі ғасырға созылды. Осы уақыт аралығында бірнеше ұрпақ ауысты. Мем­лекет басына келген «жас түріктер» Бі­рінші дүниежүзілік соғыста дұрыс страте­гиялық жол таңдамады. Германия жеңіліс тапқаннан кейін Еуропа елдері жан-жақтан анталап, түрк жеріне ауыз сала бастады. Осы кезде Осман империясының құлауы ғана емес, түрік халқының мүлдем жойылып кету қаупі төнді. 

Міне, осындай күрделі кезеңде тарих сахнасына Ататүрік шықты. Ұлылар еңбегі заманының қиындығымен, уақыт­тың тығыздығымен және атқарған ісінің ауқымымен өлшенсе, Ататүріктің еңбегі ұшан-теңіз. І дүниежүзілік соғыс бастал­ғанда Уинстон Черчилль: «Қалтасында бір тиыны жоқ, қираған, қаусаған Түркиядан осы сілкіністен кейін не қалады?» деп айт­қан екен. Расында, әлемнің картасы өзгеріп жатқанда ел зиялылары империя­ны сақтап қалу амалдарын іздегенде, Ататүрік «Османлы сұлтандығын сақтап қалуға тырысу, түрік ұлтына қарсы жа­салған үлкен қастандық болар еді» деп келмеске кетіп бара жатқан империяны қайта жаңғыртуға ұмтылмай, ұлтты сақтап қалды. Сондықтан Ататүрікті талайлы шақта тағдыры тәлкекке түскен түрікке Тәңірдің тартуы деп білген жөн.

Соғыста одақтастарымен бірге жеңі­ліс­ке ұшыраған Осман мемлекеті 1918 жылғы 30 қазанда қатал үкімдер бекітілген Мондрос келісімшартына қол қоюға мәжбүр болды. Бұл келісімшарт Антанта мемлекеттеріне қауіпсіздік­те­ріне қатер төнген сәтте Осман мемлеке­тінің кез келген стратегиялық аймағын жаулап алу құқығын берді. 1918 жылдың 13 қараша­сында Антанта мемлекеттері мен грек кемелері Ыстанбұлға басып кірді. Англия, Франция, Италия және Грекия Түркияның аймақтарын басып алды. Урфа, Мараш, Газиантеп және Адана жерін француздар басып алды. Анталия мен Конияда итальян әскери жасақтары, Мерзифон мен Самсунда ағылшын әскерлері жүрді. 1919 жылғы 15 мамырда Антанта елдерінің мақұлдауымен грек армиясы Измирге басып кірді. Бірақ өзара бөліске салғанда оларда ауызбір­шілік болмады. 

Ататүрік одақтастардың алауыздығын жақсы пайдаланып, қысылтаяң кездегі ауыр шарттарды қолайлы мүмкіндікке айналдыра білді. Уақыттың тамырын тап басып таныған ол 1919 жылдың 19 ма­мырында Ыстанбұлдан «Бандырма» кемесімен жолға шығып, Самсунға келді. Бұл күн тарихта түрік халқының Ұлт-азаттық күресінің іс жүзінде басталу күні болды. Елдің қолдауына ие болған Ата­түрік Сұлтанның өкілі ретінде халық кө­терілісіне басшылық жасап жүргендердің басын қосып, Ерзұрұм, Сивас қалала­рында құрылтайлар өткізіп, халық билігін жария етті. 

1920 жылғы 16 наурызда Антанта мем­лекеттері Ыстанбұлды басып алды. Осыдан бір айдан кейін, 1920 жылғы 23 сәуірде Анкарада Түркия Ұлы Ұлттық мәжілісі ашылып, өз қызметіне кірісті. Мұстафа Кемал бірауыздан Мәжіліске төраға болып сайланды. Түркия Ұлы Ұлттық мәжілісі мен оның 2 мамырда құрылған үкіметі Анадолыдағы азаттық соғысына басшылық жасады. 1923 жыл­дың 24 шілдесінде жасалған Лозанна келісімшартымен Түркия аңсаған азат­тыққа қол жеткізді. 1923 жылы 29 қазанда Мұстафа Кемал Ататүрік бастаған Түркия Ұлы ұлттық мәжілісі Анкарада ресми түрде Түркия Республикасын жариялады. Мұстафа Кемал Ататүрік Түркияның тұңғыш президенті болып сайланды. Осы­лайша, түрік ұлты 11 жыл бойы ар­палысып, 16 миллион адам жанын құрбан етіп, үлкен қажыр-қайратпен ел тәуелсіз­дігін сақтап қалды. 1924 жылы 20 сәуірде Ататүрік тәуелсіз Түркияның Ата Заңын қабылдай отырып, мұсылман әлемінде алғашқы зайырлы мемлекетті қалып­тастырды.

Осы кезеңде Түркияға төніп тұрған тағы бір қауіп бар еді. Бұл батыс әлемін империалистік күш ретінде қабылдап, дүниежүзілік пролетарлық билікті ор­натуды көздеген большевиктер болатын. Билік басындағы Троцкий, Зиновьев бас­таған топ «дүниежүзіне төңкеріс ор­натамыз» деді. Бұған сенген түріктер де аз болмады. Әнуар паша, Жамал пашалар да осы идеяны қолдады. Олар Британияға импералистік күш ретінде қарап, содан өш алуға тырысты. Сөйтіп, Жамал паша Үндістандағы мұсылмандарды, Әнуар паша Түркістан мен Ауғанстандағы мұ­сылмандарды көтеріліске бастамақшы болды. Ал прагматикалық саясат жүргізген Ататүрік ақылға қонымды әрекет жасап, большевиктермен белгілі деңгейде мә­мілеге келіп, коммунизм идеясының Түркияға енуіне тосқауыл қоя білді.

Әрине, Ататүрік – түркшіл адам бол­ды. Ол Акчура мен Гөкалыптың түр­к­шілдік идеясынан нәр ала отырып, оны өзінше дамытты. Мемлекетті Түркия деп атауының түпкі мақсаты – түркі әлемімен, соның ішінде Түркістанмен бірігу еді. Ататүріктің түркшіл болғанын, оның алғашқы кезеңдегі қадамдарынан анық байқаймыз. Мәселен, Түркияның ал­ғашқы ақшасында көк бөрінің бейнесі суреттелген. Ол түркі тарихына байла­нысты терең зерттеулердің көп жүргізуін қадағалап отырды. Жіберген адамдары Бұхара Республикасының құрылуына ықпал етті. Түркі әлеміндегі тұтастыққа қол жеткізу үшін Ататүрік латын әліп­песіне көшті. Дегенмен Ататүрік сол тұс­тағы саяси ахуалды, дәуірдің шындық­тарын жақсы оқи білген тұлға болды. Түркістанның сол тұста тәуелсіздікке жете алмайтынын ол білді. Біріншіден, бұған саяси ахуал мүмкіндік бермеді. Сол тұс­тағы әлемдік саясатты жүргізген Еуро­падағы үлкен күштер мен Түркістанның билігін ұстап тұрған Ресей бұған мүдделі болған жоқ. Екіншіден, бұған жағра­пиялық жағдай да кедергі еді. Сондықтан Ленин мен Сталиннің түпкі саясатын айқын аңғарып, батыстың ойын оқи білген Ататүрік сол замандарға сәйкес нақты қадамдарға барды. Ол ұлыс мем­лекетін құруды ойлады. Ататүрік: «Бізді біреулер «панисламист» дейді, бірақ біз ондай емеспіз. Біреулер бізге «пантүр­кизмді» тануға тырысады. «Пантүркист те» емеспіз. Біз түрік халқына негізделген Түркия мемлекетімен ғана шектелеміз. Біз сыртқы саясатта да, ішкі саясатта да бейбітшілікті ұстанамыз. Біздің қияли саясатта шаруамыз жоқ», – деді.

Ататүріктің алысты аңдаған шебер саясаты оның көршілерімен тату болуына септігін тигізді. Мәселен, Түркия жаңа құ­рылып жатқан тұста КСРО оларға кө­мектесті. Бұхара Республикасының бас­шысы Осман Қожаоғлының ай­туынша, тек Бұхараның өзінен 100 миллион алтын рубль жіберілген. Біз сол тұста Түркістан­нан, қазақ жерінен де қаржы жиналғанын білеміз. Ал Ленин осы қаражаттың басым бөлігін орталықта алып қалып, Түркияға барлығы 11 миллион алтын рубль көле­мінде жәрдем жасаған. Большевиктердің оларға көмек бергендегі мақсаты – Түркияны өзіне қарату болды. Сондықтан 20-жылдардың басында Мәскеуде шық­қан большевиктік газеттер Ататүрікті керемет мақтап жазады. Оны проле­тариаттан шыққан көсем, халық билігімен салтанат құрған, патшаны тақтан тай­дырған, керітартпа мұсылманшылықпен күресуші, ескіліктің түбіріне балта ша­бушы, халифатты жоюшы, жұмысшы табының жеңімпазы ретінде мадақтады. Ататүрік мұны шебер пайдалана білді. Кеңестер мен батыстың арасындағы қарама-қайшылықты, өзіне төнген қауіп-қатердің барлығын ол мүмкіншілікке айналдырып отырды. 

ХХ ғасырдың алғашқы жартысында Ресейдегі ұлт-азаттық қозғалыстар сәтсіз аяқталғандықтан, олардың көсемдері Түркияны паналап, сол жақта күрестерін жалғастырғаны белгілі. Сол жылдары Ататүрікке үлкен үміт артқан Мұстафа Шоқай «Түркия Республикасы неғұрлым үлкен жетістікке жетсе, бізге үлгі болар еді» деп жүргізген реформаларын қолдап, оған үлкен құрметпен қараған. Ататүрік эмиграцияға барған осы зиялы қауым өкілдерін Түркияның қалыптасуына тарт­ты. Түркі әлемінен жиылған зиялы­ларды қолдау арқылы сол кездегі түрік қоғамын қалыптастыруға ұмтылды. Сондықтан Түркияда ұлттық идеяның орнығуында, зайырлылық, батысшылдық принципте­рін құруда, конституциялық реформалар жасауда түркі әлемінен келген зиялы қауымның әсері үлкен болды. Мәселен, татар Юсуф Акчура Түрік тарих құры­лымын басқарды, әзери Ахмет Ағаоғлы заң мен саясат саласында ықпалды қыз­мет атқарды, башқұрт Зәки Уалиди Тоған мен Абдулқадир Инан тарих, әде­биет және тіл саласында же­місті еңбек етті.

Түркия Республикасының 10 жыл­дығы аталып жатқан кезде Ататүрік: «Аустрия – Венгрия және Осман им­периясы сияқты Кеңестер Одағы да қирайды. Әр ұлт азаттық үшін айқасқа шығады, тәуелсіздік үшін күреседі. Сол кезде Орталық Азиядағы қандастарымыз тәуелсіздіктеріне қол жеткізеді. Бірақ біз туысқан ретінде ол күнді күтіп отыр­мауы­мыз керек. Дайындалып, арадағы кө­пір­лерді құруымыз керек. Ол көпір – тари­хымыз, тіліміз, мәдениетіміз. Осыларды бүгіннен қалыптастырайық. Ортақ тари­хы­мызды жазайық. Ертең бұл біздің ара­мызды жалғастыратын дәнекерге айна­лады» деп өсиет айтқан. Сондықтан түркі елдерінің арасындағы бүгінгі бауырлас­тықтың пайда болуына Ататүріктің әсері болғаны анық.

Жалпы, Ататүрік социализмнің де, капитализмнің де, либерализмнің де озық үлгілерін мүмкіндігінше өз елін өркендету жолында пайдаланды. Мәселен, ол 30-жылдары бес жылдық жоспарлы эко­номиканы енгізді. Соғыс аяқталысымен, қылышты ораққа, оқты сабанға алмастыру туралы ұран көтеріп, ауыл шаруашылы­ғына мән берді. Ұлттық өнім мен өнер­кәсіпті дамытуға ден қойды. Бір мысал, әлі соғыс жүріп жатқан 1921 жылы ол «Жергілікті жерде өндірілген киім кию туралы» заң шығарды. Жалпы, Ататүрік «ха­лықшылдық, ұлтшылдық және мемле­кетшілдік» деген ұранды ұстанды. Сон­дықтан Ататүрік барлық билікті мем­лекетке шоғырландыруға тырысты. Сол арқылы Осман империясы кезінен ықпалын жүргізіп келген түрлі әулет пен топтардың әсерін әлсіретті. Әскер мен мемлекеттік қызметке шоғырланған түрік ұлтын шаруашылық пен саудаға тартты. Оған дейін бұл сала негізінен еврей, армян ұлты өкілдерінің қолында болатын. Ата­түрік: «Бізден миллионерлер, ірі капи­талистер шығу керек. Ірі буржуазия қа­лыптасу керек. Ол ұлттық сипатта болуы тиіс» деді және соған мүмкіндік жасады. Осылай жаңа орта тап қалыптастыруға тырысты. Астананы ел орталығындағы Анкараға ауыстыру да экономикаға жан бітірді. Барыс-келіс артты, сауда жан­данды, бұқара халыққа жұмыс табылды. Бәсекелестікте соғыстан қалжыраған түрік халқы ұтылып қалмау үшін ол жалпы халыққа негізделген халықшылдық сая­сатын жүргізді. Соның арқасында Түркия 30-жылдардағы әлемдік қаржы-эконо­микалық дағдарыстан оңай шықты. 

Ататүрік – Түркия және түркі ха­лықтары үшін аса қастерлі есім. Оны сондай қадірлі еткен қандай қасиеттері еді? Соған да тоқталып өтсек.

Біріншіден, Ататүрік мемлекетін жау қолынан азат етті. Құлап жатқан Осман империясының қирандыларының ішінен өзінің ұлтын сақтап қалды. Сондықтан ол әуелі Отанын құтқарған қаһарман, жаужүрек қолбасшы.

Екіншіден, ол тәуелсіз мемлекет құрды. Мемлекеттің іргесін бекітіп, көпұлтты біртұтас ұлысқа айналдырды, тарихи таным мен ұлттық рухты күшейтіп, түрік тілінің көсегесін көгертті. Жаңа қоғам, жаңа сана қалыптастырды. Сол үшін түбегейлі саяси, әлеуметтік, эконо­микалық және мәдени реформалар жүргізді. Мәселен, соның бірі – фамилия реформасы. Оның реформасы арқылы әрбір азаматқа жаңа түрікше фамилия берілді. Ол адамның әулетімен мүлде қатыссыз болды. Сол арқылы Түркияда мекендеп жатқан көптеген этнос өкілдері түрік болып есептелді. Әрине, олар өзінің өткенін біледі. Бірақ түрік жерінде тұру арқылы, түрікше сөйлеп, түрікше білім алу арқылы олардың әрқайсысы Түрік Республикасының азаматы, патриоты ретінде қалыптасты. 

Үшіншіден, ол халықшылдық сая­са­тын ұстанды. Ленин сияқты өзге топ­тар­ды, партияларды жоя отырып, бір партияның басшылығына сүйенген жоқ. Ол тұтас халықтың қолдауына ие болды. Ататүріктің жерді, елді құтқаруы, қоғам­ды, ұлтты қалыптастыруы және халыққа арқа сүйеуі, халықтық билікті орнатуы оның есімін өзге көсемдерден биіктетіп тұр. 

Жалпы, Ататүріктің азаттық жолын­дағы жеңісі мен жүргізген жемісті ре­формалары барлық бодан халықтарға үлкен үлгі болды. Оның 1930 жылы айтқан «Күн шығыстан атады. Таңертең күннің қалай атқанын анық көргенім сияқты бір күні бүкіл шығыс халықтарының да солай оянғанын айқын көріп тұрмын» деген сөзі бар. Ол шын мәнінде шығыстағы отар­шылдыққа қарсы күрестің символына айналды. Сондықтан исламға қайшы көрінетін кейбір әрекетіне қарамастан оны бүкіл шығыс халықтары мен ислам әлемі тегіс құрметтеп, ұлы тұлға ретінде мойындап, дәріптеді. Мәселен, Мұстафа Шоқай да оны «Түркия тарихының бағытын түбегейлі өзгерткен көсем» деп бағалады. Ал Үндістан мұсылмандарының рухани жетекшілерінің бірі, әйгілі ақын Мұхаммед Икбал «Кемал пашаға» деген жыр арнап, «Біз сақтандық, қор болдық, Саған сақтық не керек?!!» деп жазды. Сондықтан Мұстафа Кемал Ататүрік тек Түркияның негізін қалаушы ғана емес, бодан ұлттардың үмітін оятқан, қиран­дыдан шыққан елдің еңсесін тіктеудің бағдарын жасаған аса ірі мемлекет және қоғам қайраткері ретінде тарихта қалды. 

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ,

 Сенат депутаты