«Көпен көптің адамы» деген сөз ма­қал­ға айналып кетті. Бұл Көпекеңнің өзі жүрген ортасында беделінің зор екенін айқындайды. Айналасын думанға бөлеп, әзілімен, тапқыр сөзімен жұрттың бәрін үйіріп әкететін қасиеті қалайда ерекше еді.
Дарыны мол дара тұлға
2,807
оқылды

Мұндай дара қасиет енді біреуге қо­нар, мүмкін қонбас. Меніңше, Көпендей адам енді бұл ғасырда бола қоймас.

Көпен менімен курстас. Курстас­тардың ішінде екеуіміздің сатирадан бір терінің пұшпағын илеп, екеумізге диплом жетекшіміз Т.Қожакеев бір болған соң ба, басқалардан бір-бірімізге жақынырақ болдық. Екеуміз ілкіде бір кездесе қалсақ, айтар сөз таусылмайтын. Көпекең, әрине, айтқыш, мен – тыңдағыш. Құдай-ау білмейтіні жоқ. Неше жылғы оқиғаны дәл кешегі сияқты майын тамызып жеткізеді ғой. Тақырып деген сан алуан. Бірінен өтсең екіншісі дайын. Ең соңғы түйін­дерінде маған қоятын ылғи бір сұрағы бар:

– Ана летчигің стюардессамен туу ас­панға ұшып кеткенде қызғанбайсың ғой?

– Ойбай, несіне қызғанам. Ұшса ұша берсін, стюардесса қыздармен кетсе кете берсін!

– Міне, сөйт! Сенікі дұрыс! Еркегіңді қызғанба. Ұшса ұшад, қонса қонад! Бәрібір сені табад! Оған менен сәлем айт! 

Үнемі сөзіміз осымен бітеді.

 Арамызда Серік Жолдыбай деген курстасымыз «Журналист – 73» атты чат ашып, барлық курстас осы чатты күнде кіріп шығатын өз үйіміздей етіп алдық. Жігіттердің де, қыздардың да көңіл сарай­лары ашылып, баяғы 50 жыл бұрынғыны қозғап, «Өй, олай емес еді ғой, былай еді ғой» деп қызыл кеңірдек болып, айтысып қалатын шақтар да болды. Айтпайтын сөзіміз жоқ. Көпекең осы чатта бәрімізге төрелік айтып отыратын. Көпеннің сөзінен кейін жым болып тоқтаймыз.

Көпен чатқа бір-екі күн шықпай қал­са, іздеу басталады. Сөйтіп жүріп, курстас Клара Қабылғазина бір күні өзінің 70 жылдық мерейтойы болатынын, соған түгел Алматыда бас қосу керегін хабар­лады. «Клараға не сыйлық әзірлей­міз? Мүмкін, естелік кітап шығарармыз» деп чат сыртынан өзімізше сыбырласа баста­ған едік. Әлемді жайлаған «Ковид» біздің елге жетіп келмесі бар ма?! Үйден аттап сыртқа бір қадам шықпайтын кез басталды да кетті. Айналып кетейін Клара осы кезде жол тапты. 

«Курстастар, мен туралы кітапты қоя тұрыңдар. Одан да бәріміз бірігіп курс­тастар туралы кітап шығарайық. Бір-біріміз туралы естеліктерімізді осы кітап­қа жазайық. Ескерткіш болып қалады», – деп идея тастады. Бұл орынды идеяны құп алып, Көпен – редактор, мен құрас­тырушы боп, «Дариға-ай, қайда сол жыл­дар» атты 1968–1973 жылдары бітірген курстар жайлы кітап «ковидтің» қызып тұрған шағында дүниеге келді. Осы кітап­тың шығуына баспахана тауып, оның шығынын арзандату жұмысында Көпен зыр жүгіргені есімде. Кітап шыққан соң оны Астанаға жеткізуін, әрқайсысымызға таратуын да Көпекең өз мойнымен кө­терді. 

«Дариға-ай, қайда сол жылдар» атты ес­телік кітапта мен «Көпен – көптің адамы» деп Көпекең жайлы пікір жаздым. Көпекең менің риясыз таза көңілмен жазғаныма риза боп қалды. «Бірақ мен үшін мемлекеттік сыйлық сұраған өлеңің­ді алып тастайықшы», – деп өтінді. 

Мен:

– Жоқ, алмаймын! Сатира жанрынан ешкім Мемлекеттік сыйлықты алған емес, менің бұл саған тілеп жүрген нөмірі бірінші тілегім ғой. Өлең қалсын. Жо­ғары­да биліктерде отырғандарға тым болмаса үнім жетсін! Біреуі оқып, саған Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығы бұйырып қалар. Неге сен Мемлекеттік сый­лықтан үміттенбейсің? – деп алдыр­мадым. Сол өлең мынау еді.

Бұл өлең менің «Қараша қаздың қаң­қылы» атты өлеңдер жинағымның ара­сында бар-тын.. 

 

Бағаланар ма сатира?

Орыстар жиі жылап, жиі күлсін,

Бір-бірін сүйер болса сүюі шын.

Бағалап сатирасын сары алтындай

Өледі Петровы мен Ильифі үшін.

 

Түріктің Әзиз бейі Несинін айт, 

Танылған жарты әлемге есімін айт.

«Әз Әзиз падишасы әзілдің» деп

Тербеткен туған елі бесігін айт.

 

Көпен Бей емес еді осал адам, 

Күлкіден езу шіркін босамаған.

Садағы бар тілінің, оғы бар деп

Көпенге бір мәртебе жасамаған.

 

Талай жын жым болып ед «Арадағы»,

Талай сұм құм болып ед даладағы.

Ым мен жым, қу менен сұм бірігіп ап,

Көпенге оң көзбенен қарамады.

 

Курстас, қайран менің Көпенім-ай,

Қыртысты тегістейтін өтегім-ай,

Несиннен нең кем еді, бағаласа

Мемлекеттік сыйлыққа көтеріп-ай?!

 

Бір күні Көпекең курстастар чатына «Жайдарман» әзіл-сықақ отауында отыр­ғанын айтып, артынша бір топ қызбен түс­кен суретін қосып салып жіберіпті. «Жайдарманның» әдемі қыздары қып-қызыл киініп алыпты. Ортасында көңілі шаттанған Көпекең отыр. Көңіл күйі жақсы. Мәз-мейрам. Бақыттың ұшар ба­сын­да тұрғандай кейпі бар. Біздің курс­тағы жетпісті алқымдаған, одан әрі асқан жігіттердің Көпекеңнің бұл тұрысына қызыға да, қызғана да қарап отыр-ау деп мен Көпеннің уатсабына іле-шала мына өлеңді жазып жібердім.

– Сенсің бе, Көпен, расында,

Қып-қызыл қыздар қасыңда.

Дәл осындай «Жайдарман»,

Болмады-ау, шіркін жасыңда.

Жүре бер жүйрік Көпен-ай,

Емессің бізге бөтен-ай,

Қыздардан қызып қуат ал,

Бұл уақыт та өтеді-ай.

Курстастар отыр қызығып,

Тұрғанда қыздар тізіліп.

Қызыл гүлдей қыздарға

Ойлары тұр-ау бұзылып?.. – деп.

Мақсатым, сатирикті әзілмен қажау, сөйлету ғой. Оған қысылар Көпекең бар ма, лезде ол да менің уатсабыма: «Өрімтал-ау, (Мені Өрімтал дейтін) өлеңің тамаша екен. «Жайдарманнан» жаңа шықтым. Алғашқы өлеңіңнің шумағыңа мына сөзді тіркеп жіберші:

– Жетпіске келген шағыңда,

Жетеңде тұрар жүз үміт,

Баяғыдай қарайсың,

Бір тамшыдай үзіліп.

Жанардағы сөзіңді

Тұрады іштей қыз ұғып.

Қалқатаймен қоштасып,

Қайтасың үйге сызылып,

Таңда тарқар сәт қайда,

Жатасың-ау кіжініп!.. – депті менің айта алмағанымды аузыма салып. Бұған не дерсің? Сонда Көпекеңнің «Жайдар­ман­ның» қыздарымен бірге болып, үйге қайтайын деп тұрған уақыты түнгі сағат 24-тің шамасы. «Түнгі 24- ті азсынып, таң­ға дейін болмадым-ау» деген өкінішін білдіргеніне ал күлейін кеп. Міне, біздің Кө­пекеңнің әзіл-сықақ отауларымен ара­ласы, жұмысы. 

Өстіп жарқырап, жайнап жүрген Көпекең бұ дүниеден лезде өтіп кетер деп кім ойлаған? Енді Көпекең туралы естелік жазуға қолға ұстаған қаламым да жүрмей отыр.

 Ол білдіртпеді, бірақ қатты ауырды. Ішінде бір науқас барын сезді. Бірақ онысын ешкімге сездірмеді, байқатпады. Тек соңғы үш ай мерзімінде үйінен шық­пай қалғанда «Көпекең, бүйтпейтін еді ғой, не болды?» деп курстас қыз-жігіттер сырттай әлдебір неден сезіктендік. Сол сезігімізді және бір-бірімізден жасырып әуре болдық. Көпеннің өзі де қоңыр даусымен әрқайсысымызға жеке-жеке телефон шалып тұратын.

 – Өрімтал-ау, болмай тұр, – деді бірде маған, – шамасы өткізіп алдым-ау деймін. Өзіме қарамағаныма енді өкініп тұрмын. Адам өзіне де қарау керек екен.

Мұндайда не дей алады тыңдаушы. Жұбатудың жөнін де білмей қалады екен.

– Қой, Көпеке, өйдеме. Тексерілгенің дұрыс қой. Дәрігерлер де кейде дұрыс диагноз жасай бермейді, – деген сықылды бірдеңені міңгірлеп жеткізуге тура келді. Әйгерім арқылы да науқасының жайын біліп тұратын болдым. Өзіне ауруының қиын екенін біле тұра жиі-жиі «қалай­сың?» деуге де ыңғайсыз. Бір күні мен СМС-пен сәлемдесіп, жағдай сұрадым.

 «Қалай Көпен екен?» – деп сұрақ туып,

Сен жаққа жүрміз күнде құлақ түріп.

Мен болсам күнде Алладан сұрап келем,

«Көпекемді жазшы» деп жылап тұрып.

 

Уақыттың жетегімен сәтсіз, сәтті.

Бұл өмір бәрімізге бірдей тәтті.

Көпеке-ау, ортаға шық, түрегелші,

Бұрынғыдай ерге қон! Ерттеп атты.

 

Бұған артынша «Рақмет!» деген жауап келді. Бұдан кейін де мен бірнеше рет өлеңмен сәлем бердім, жағдайын білдім. Бірақ оған жауап келмеді. Артынша Көпекең келмес сапарға аттанды.

Көпекең шығармаларының төрт том­ды­ғын, бір кітап альбомын шығарып жат­қанын айтқан еді. Бұл кітаптар Көп­екең қайтыс болған соң барып қолымызға тиді. «Көпен келе жатыр» деген атпен шыққан бұл кітаптарды Алматыдағы «Дала дизайн» баспасы шығарыпты. Оты­рар ауданының тумасы TOLAGAI–2050 мекемесінің басшысы Оразхан Жаныс­беков деген азамат бес томдыққа қаржы­лай демеушілік көрсетіпті. Оған мың да бір рақмет! Алла жарылқасын!

Қолыма «Көпен келе жатыр» атты бес томдықтарды ұстап отырып, Көпекең өз шығармасын қызғыш құстай қорып, әр жерде шашылып қалмасын деп іштей ой түйіп, ауырып жүргеніне қарамастан баспадан тезірек басылып шығуына соңғы күшін жұмсаған-ау деп ой түйдім. «Жұбаныш болса әлі жас. Әйгерім болса, өзі жоқта сол Жұбанышты өсіріп, бағып тәрбиелеуден қолы тимес. Шығарма­ларымды біртұтас біріктіріп кетейін» деп бекінгені көрініп тұр.

Көрдіңіздер ме, Көпекең бәрін алдын ала ойластырған. Бүйтпесе, дарыны мол дара тұлға Көпен болмас еді. Көпекең – сатираның саңлағы. Саңлақтар өлмейді. Өйткені оларды өлтірмейтін соңында қалған мол мұрасы бар. Көпекең әлі тірі

Өріс ЯШҮКІРҚЫЗЫ,

сатирик