Республика күні – Ұлттық ме­реке, тарихи күн. Еліміздің барлық азаматы үшін ортақ мейрам. Бірлік пен ынтымағы жарасқан Қазақстан халқы бейбітшілік пен тыныш­тықтың, достық пен татулықтың қадірін әркез бағалай біледі.
Республика күні Астанада кең ауқымда тойланды
739
оқылды

Қа­сиетті қазақ даласында, қазақтың туған топырағында тағдыр тоғыс­тырған барша халықтың еркіндігі, тең құқығы мен бос­тан­дығы бәрінен қымбат. Сондық­тан да болар еліміздің әрбір аза­маты 25 қазанды мерекелік көңіл-күйде ерекше атап өтті десек болады. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барша Қазақстан халқын ме­рекемен құттықтады. 

– Баршаңызды ұлттық мерекеміз – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Қазақстанның тарихи таңдауын айқындаған Егемендік дек­ларациясы – елдігіміздің берік тұғыры. Онда мемлекетіміздің аумақтық тұтас­тығының мызғымастығы, халқымыздың жалпыұлттық бірегейлігін нығайтуға ұмтылысы және азаматтарымыздың құ­қықтары мен бостандықтарына кепілдік берілетіндігі нақты көрініс тапқан. Осы басты қағидаттар Конституциямызда, заңдарда және Қазақстанның стратегия­лық бағыт-бағдарын белгілейтін басқа да құжаттарда көрсетілген. 

Республика күні ырысты ынтымақ пен өзара тілеулeстіктің арқасында хал­қымыздың барлық сын-қатерден сү­рінбей өтіп, азаттыққа жеткенін әйгі­лейді. Біз бабалар аманатына адал бо­ламыз. Ел бірлігін әрдайым нығайта береміз. Егемендігімізді қадір тұтып, көздің қарашығындай сақтаймыз.  

Халқымыз тату-тәтті әрі берекелі қоғам құруға бар ерік-жігерін жұмсайды, жасампаз ісімен жаңа белестерді бағындырады. Әрбір отандасымыз адал азамат деген атқа лайық болып, елімізді дамытуға салмақты сөзімен, өнегелі ісімен үлес қосады. 

Біз бірге мақсатымызға  жетеміз – баршаға бірдей мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстанды құрамыз.

Байрағымыз көк аспанда асқақ желбіресін! Ұлттың рухы қашанда биік болсын! Еліміз өсіп-өркендей берсін! Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тілеймін!, – деп, барша халыққа ақ тілегін арнады Президент.

Елорда тұрғындары да Егемендік декларациясы қабылданған, еліміздің іргетасы қаланған, көпэтносты мемле­кетіміздің жалпыұлттық бірегейлігі мен бейбіт достығына тіреу болған тарихи күнді ерекше көңіл-күйде атап өтті. Астананың бес ауданындағы елдімекенде халық үшін интерактивті концерттік бағдарламалар, спорттық эстафеталар ұйымдастырылып, балаларға арналған анимациялық қойылымдар ұсынылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мерекелік іс-шараның мақсаты – қайта жаңғырған Республика күні мерекесінің мәні мен мазмұнын, маңызын өскелең ұрпақтың жадына сіңіру арқылы, жас ұрпақты отансүйгіштік, патриоттық рухта тәрбиелеуге үлес қосу. Қала тұр­ғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлау. Сонымен қатар мерекелік іс-шара аясында қаламыздың әлеуметтік осал топтарына азық-түлік себеттерін тарту етіп, сый-сыяпат та жасалды. Өз кезе­гінде «Астана жастары» еріктілері кон­цертті тамашалауға келген адамдарды құшақтап, ыстық ықыласын білдіріп, «Әр құшақта – Отанға деген махабат» деген жазуы бар тақтайшаларымен ме­ре­келік көңіл-күйді сезіндірді.

Бүгінгідей бейбіт, берекелі күнде халқымыз да мерекені қуанышпен атап өтіп, өздері де жүрекжарды тілектерін арнады. Байқоңыр ауданы Өндіріс кентінде мерекені атап өтуге халық өте көп жиналды. Мерекемен құттықтап, өзіміз сөзге тартқан Арман Алдаберген есімді ақсақал концертті тамашалау үшін келгенін айтып:

– Республика күні құтты болсын. Ел іргесі бүтін, аспанымыз ашық бейбіт заман болсын. Қазақ халқы қашаннан «Бірлік бар жерде, тірлік бар» деп ынтымақ-ырысты бағалай білген халық. Сондықтан елміздің әрбір азаматына денсаулық, бақыт, тілеймін. Халқымыз аман, еліміз тыныш болсын! – деп бата берді.  

Ал өзін Юрий Дмитриев деп та­ныстырған азамат: 

– Мен үшін Республика күні – ерек­ше мереке. Мен Отаным Қазақстанды жақсы көремін. Барлық халыққа береке-бірлік тілеймін. Жастарға оқыңдар, өсіңдер, еңбек етіңдер дегем келеді, – деп ақ пейілін жеткізді.

Иә, Ата Заңымыз – Конституцияда «Біз Қазақстан халқы, дүниежүзілік қо­ғамдастықтың ажырамас бөлігі бола отырып, қазақ мемлекеттілігінің бұлжы­мастығын негізге ала отырып, адам құқығы мен бостандығының басымды­ғын тани отырып, де­мо­кратиялық қоғам мен құқықтық мемлекет құруға бекем бел байлап, азаматтық татулық пен ұлтаралық келісімді, өзіміз үшін және өз ұрпақ­тарымыз үшін лайықты өмірді қам­тамасыз етуді қалай отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз және конституциялық құрылыстың мынадай негіздерін жариялаймыз» деп жазылға­нындай, бүгінде мемлекет тарапынан әділетті мемлекет, біртұтас ұлт, берекелі қоғам, зайырлы орта құру мақсатында стратегиялық бағдарламалар қабылда­нып, түрлі бағдарламалар жүзеге асып жатыр. Халқымыздың арман-тілегі де этносаралық татулық пен халықтың біре­гейлігі, біртұтастығымен үндес. Біздің мемле­кетіміз – ортақ идеалар мен құн­дылықтар біріктірген адал ниет­ті, ақ тілекті, абзал жүректі адам­дар­дың ме­кені. Сондықтан «бір кісінің бала­сын­дай, бір қолдың саласындай» ымы­раластық, түсіністік­пен ортақ Ота­ны­мыз – Қазақтанды мекен еткен әрбір азаматтың тілегі біз үшін құнды. Тату­лық пен бірлік бар жерде қоғам өркен­дейді, әл-ауқаты артады. Мейірім мен қайырым, достық, ынтымақтастық – ел іргесінің бүтін­дігінің кепілі.

Мемлекет басшысының «Көп мә­дениетті ортаны дамытып, барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеруі үшін жүйелі қадамдар жасау қажет. Жал­пыұлттық азаматтық бірегейлік этни­калық ерекшеліктерді жоққа шығармай­ды. Ол азаматтық қоғамның жаңа моде­лі­нің негізін қалыптастыруды көздейді. Қазақстандағы әрбір этностың өз дәс­түрін, мәдениеті мен тілін дамытуға мүмкіндігі болды және бола береді» деген сөзі де бар.  Береке-бірлігі жарас­қан бір шаңырақ астында өзге этнос өкілдерін жатсынбай, туғанындай бауы­рына басып, «бір нанды бөліп берген» қазақ халқының даладай дархан, құзар шыңдарындай асқақ, өзен-көлдеріндей тұңғиық, көгілдір аспанындай мөп-мөлдір ақ пейілі, жылы құшағы қазақ топырағын басқан әрбір адамға, әрбір ұлтқа әрқашан ашық. Сондықтан халық­тың ыстық пейілі де бейбітшілік пен бірлікті тілге тиек етуінің өзіндік мәні бар.

Ал Астана қаласы Ішкі саясат бас­қармасының ұйымдастыруымен үкі­меттік емес ұйым өкілдерінің қатысумен салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Салтанатты іс-шара барысында Ішкі сая­сат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов жиналған көп­шілікті мерекемен құттықтап:

– Республика күні – бұл жай ғана мереке емес, оның терең идеологиялық, мазмұны мен практикалық манызы бар. Мемлекетімізде азаматтық қоғамды қа­лыптастыру, оны дұрыс бағытта дамыту әрбір азаматтың басты міндеттерінің бірі. Себебі азаматтық қоғамның белсен­ділігі адами капиталдың, әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі алғы­шарт­тарының бірі болып саналады, – деп атап өтті. 

Н.Әлмұхановтың айтуынша, биыл Астана әкімдігінің қолдауымен Респуб­лика күнін мерекелеу аясында 200-ден астам мәдени-бұқаралық, білім беру, спорттық және әлеуметтік іс-шара ұйым­дастырылды. Астананың орталық алаңдарында сондай-ақ тұрғын алаптар аумағында, білім беру ұйымдарында, ашық аспан астында мерекелік концерт­тер, автошерулер, көрмелер, балаларға арналған көрнекті нысандарға экскур­сия­лар, ұлттық спорт түрлерінен тур­нирлер, халықтың әлеу­меттік осал топтарына азық-түлік себеттерін тарату және басқа да іс-шаралар мерекенің көрігін қыздырды.

«Астана жастары» еріктілерінің бастамасымен «Менің елім – менің Туым» челленджі ұйымдастырылып, тұрғын үйлердің терезелері мен балкон­дарына, көше бойына 1000-нан астам Ту ілінді. «Мейірімді қала» акциясы ая­сында еріктілер автобустарда жолау­шыларға бірлік пен отансүйгіштікті насихаттап, Көк байрағымыз бен «Қазақстан» шоколадын сыйлады. 

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ