...Қош, сонымен 1968 жылдың қоңыр күзінде ару қала, арман қала Алматыдағы С.Киров атындағы Қазақ ұлттық мем­лекеттік университетінің Журналистика факультетіне 52 жігіт пен қыз оқуға түстік. Кең- байтақ еліміздің түкпір-түкпірінен келген кілең ақын, жазушылардың екпіні тау қопарарлық.
Рухы мықты азамат
1,195
оқылды

 Шелек ауданының Қазақстан кеңшарына жүзім теруге барған кезде бір-бірімізбен жақын таныстық. Кешкі тамағымызды ішкен соң кең клубтың ішінде өлеңдерін оқиды, кейбірі әңгімелерін талқыға салады. Соның бірі – Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданынан келген Көпен Әмірбек.

Көпенмен абитуриент кезімде М.Горький атындағы саябақта кездесіп, танысқанбыз. Ол да ҚазМУ-дің Журна­лис­тика факультетіне оқуға түсуге келіпті. Қуанып кеттім. Осынау көк көз, шымыр жігіттің ауылда жүргенде көркемөнер­паздар үйірмесіне қатысып, өзі шығарған сықақ өлеңдерін оқитынын, жоғары сыныпта күреспен шұғылданғанын білгенімде ұната түстім.

Оқу басталды. Мен жатақханаға орналастым. Көпен де көрші бөлмеде. Ол кезде университеттің бірінші курсына оқуға қабылданғандар қажетті түрде спорт секциясына жазылуы керек бола­тын. Кәкен, мен ауыр атлетика секция­сына жазылдық. Жаттықтыру­шымыз – В.Ким деген кәріс жігіті. Ақ тер, көк тер болып штанга көтеріп жатқанымызда қасымызға Көпен келді. Ол еркін күрес үйірмесіне жазылыпты. Жоғарыда айт­қаным­дай, күреспен мектепте жүргенде жаттыққан Көпен бозкілемде қарсылас­тарының аяғын көктен келтіріп, Алматы­дағы жоғары оқу орындарының жастары арасындағы жарыста жүлде тере бастапты.

Бірде университеттің аумағында ат шаптырып, спорт залында қала жастары арасында біріншілік өтті. Финалға шыққандар спорт шеберлігіне үміткер атанбақ. Тайлы-тұяғымызбен Көпеннің сайысын көруге бардық. Еркін күрестің тәсілдерін еркін меңгеріп алған курс­тасымыз финалға дейін еркін жетті. Фи­нал­дағы қарсыласы – Механика-мате­ма­тика факультетінің соңғы курс студенті, спорт шебері Сайлау деген жігіт. Ақтық сында Көпен ұпай санымен ұтылды. Оқу бітірген кезде Көпен спорт шебері нормасын орындады. Оны біреу білер, біреу білмес.

«Сегіз қырлы, бір сырлы» деген сөз Көпен сияқты азаматтарға арналған ба деген ойға келем кей кезде. Студент кездің өзінде Көпеннің сықақ өлеңдері газет-журналдарға шыға бастады. Уни­верситеттің «Қызғалдақтар» ансамблінің белді мүшесі болды. Өз өлеңдерін оқумен бірге концертті шеберлікпен жүргізетін. Оның тапқыр сөздері көпшіліктің көңілінен шығып жататын. Бірде Масанчи көшесіндегі университеттің акт залында факультет өнерпаздарының қорытынды концерті болды. Оны да Көпен Әмірбек жүргізді. Журналистика факультеті атынан талантты күйші, ақын Тілеумұрат Қожабеков сахна төріне көтерілді. Сол мезетте Көпен микро­фонды ала салып, ойланып жатпастан: «Төремұраттың күйі Төремұрат, орын­дай­тын Тілеумұрат» деп сарт еткізді. Жиналғандар ду қол соқты. Бұл да Кө­пен­нің қиыннан қиыстырған тапқырлығы еді.

Университетті бітірген соң Көпен азаматтық борышын өтеуге аттанды. Елге оралған соң мерзімдік баспасөздерде қызмет етті. «Егемен Қазақстан» газетінің Шерхан Мұртаза ашып берген фельетон бөлімін басқарды. «Ара» журналының Бас редакторы қызметінде жүргенде ол бармаған облыс, аудан қалмаған шығар. «Көпен келе жатыр» дегенді естігенде аудан басшылары сасқалақтап, кем-кетіктерін жабуға тырысатын. «Ара» журналында Көпен жазған сын мақала­лардан соң талай басшының қызметінен айырылғаны шындық. Қоғамдағы келең­сіздіктерге Көпеннің жаны қас болатын, оны батыл жазды. Кейін «Шалқар» ра­дио­сының бас редакторы болды. Көпен­нің «Аты жоқ кітап», «Тілім қышып барады», «Қысыр әңгіме», «Ауызбас­тырық», «Неменеге жетісіп күлесің», «Көкемнің көзі», «Батпан құйрық», басқа да жиырмадан астам кітабы – қалың қауым қызыға оқитын шығармалар.

Көпенді шығысқазақстандықтар да ерекше құрмет тұтатын. 2000 жылы ол іссапармен Өскеменге келді. Мектеп оқушыларымен кездесті. Өскемен­діктер Көпенді көшеде келе жатқанда көре қалса амандасып, ілтипатын білдіріп жататын. Сол жолы Өскемендегі мәдениет үйінде курстасым қала тұрғындарымен кездесу өткізді. Ертеңінде Зайсанға шығарып салдым.

Бердібек Сапарбаев облысты бас­қарып тұрған кезде де Көпен Өскеменге ат ізін жиі салып тұрды. Қала әкімі Ислам Әбішев те Көпеннің талантына бас иетін, ағам деп сыйлайтын. Көпеннің Өскемен қаласының күніне қатысып, оқырман­дардың сауалына жауап қайтарғаны есімде қалыпты.

2020 жылдың ақпан айында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін бірнеше жыл іскерлікпен басқарған, техника ғылым­дарының докторы, профессор, марқұм Әшімжан Ахметовтің құрметіне ауди­тория ашылу салтанаты өтті. Оған про­фессордың бірге оқыған досы, қазақтың танымал сықақшы жазушысы Көпен Әмірбек, жұбайы Дина, курстастары Ғалия Омарханова, осы жолдардың авторы, қаланың зиялы азаматтары, студенттер қатысты. Кешті ұйымдастыруға мұрындық болған университет ректоры, ғылым докторы, профессор Төлеген Әділбекұлы келген қонақтарға сөз берді. Көпен небәрі 63 жасында өмірден озған досы Әшімжан Ахметовтің қазақ елінің біліміне өлшеусіз үлес қосқанын атап өтіп, болашақ ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетіп отырған университет ректоры Мұхтар Әділбекұлына алғысын айтты. Сол жолы университет ректоры Көпенді келе жатқан 70-ке толатын мерейтойымен құттықтап, иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. 

Көпеннің атағынан ат үркетін. Ол Мәскеу мен Ташкентте өткен Бүкіл­одақтық жас сатириктер байқауының жүлдегері атанды. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», бұқаралық ақпарат саласындағы Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының екі мәрте, «Парасат» орденінің иегері, Оңтүстік Қазақстан облысы және кіндік қаны тамған Отырар ауданының құрметті азаматы. Ең бастысы, халқы Көпеннің талантына бас иді. «Көпен келе жатыр» деген теңеуді теліді. Қайтыс боларынан бір жыл бұрын Көпен «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» жобасы аясында жеті том болатын «Көпен келе жатыр» атты түрлі түсті фотоальбом кітабын шығарып үлгерді. Көпеннің бала кездегі, есейген шақтағы, шығармашылық жетістіктері, достары, кіндік қаны тамған өңірдегі азаматтар жайлы көптомдығы оқырман­дар тарапынан қолдау тапты. Ұлттық академиялық кітапханада көптомдықтың тұсаукесері де дүркіреп өтті.

Жоғарыда айтқанымдай, Көпен спорт десе ішкен асын жерге қоятын. Кейде ойлаймын екеуімізді жақындастырған спорт шығар деп. Өйткені ол «Қазақ спорты» газетін үзбей оқитын. Газетті оқып болған соң маған телефон шалып, қазақ спортының жай-күйін айтатын. Елімізде ұлттық спорт түрлері – бәйге, аударыспақ, қазақ күресі, теңге алу, қыз қууды дамыту үшін не істеу керектігін қозғайтын.

Көпеннің басы идеяға толы болатын. Астана мен Алматы, Шымкент пен Ақтөбе, басқа қалаларда тұрып жатқан курстастарына үнемі телефон шалып, қал-жағдайларын сұрап тұратын. Бұдан бес жыл бұрын университетке оқуға түскенімізге 50 жыл толуы құрметіне Алматыда бас қосу жөніндегі Көпеннің бастамасын қызу қолдадық. Курстасымыз, жазушы, ақын Өріс Яшүкірқызының бастамасымен «Дариға-ай, қайда сол жылдар» атты 350 беттік естелік кітап жарық көрді. Кітаптың бас редакторы Көпен Әмірбек. Курстастар жайлы жаңалықтарды Көпеннен еститінбіз. Өкінішті-ақ, ҚазМУ-ді бітіргенімізге жарты жыл толған елеулі оқиғаға Көпен досымыз қатыса алмады. Бір кем дүние.

Әлі есімде! Бұдан төрт жыл бұрын маған телефон соқты. «Енді жарты жылдан кейін 70 жасқа толатын мерейтойым. Аманшылық болса, қасиетті Түркістанға барып, Қожа Ахмет Ясауи мавзолейіне, Арыстан бабқа барып Жұбанышты сүндетке отырғызу ойда. Соған курстастарды шақырып, құрбандық шалсам, қариялардың батасын алсам деген ниет бар», – деді. Өкінішке қарай, ақпанның соңында коронавирус деген тажал қадамымызды аттатпай тастады. Көпеннің, Клара, менің, басқа да курстастардың мерейтойын кейінге шегердік.

Көпен мен Әйгерімнің сүйеніші Жұбаныштың әдебиетке, спортқа бейімі бар. Ол тіпті үш жасынан бастап футбол ойнай бастады. Мектепте мақал-мәтелдер айту жарысында бірінші орынды иеленіпті. Көпен ұлы Жұбанышты бұдан үш жарым жыл бұрын каратэ секциясына өзі ертіп барған. Жәнібек Өмірзақов деген белгілі жаттықтырушы «Ашихара каратэ» тобында жиырмаға тарта баланы баптауда. Жұбаныштың қадамы сәтті. Тараз, Павлодар, Қостанай, Өскемен, Алматы қалаларында өткен байрақты бәсекеде бірінші орынға ие болды. 6-шы кю дәрежесі бар Жұбаныштың келешекте чемпион атанатыны сөзсіз. Көпеннің ұлы қазақ елінің абыройын асқақтата береді деген ойдамыз.

Жұбайы Әйгерім «Жұбаныш әкесіне тартқан. Спорт десе, ішкен асын жерге қояды. Күні бойы доп ойнайды, үйде болғанда да спорттық киімін киіп алып жаттығады. Туысшыл, көпшіл, көп мінезі әкесіне ұқсайды. Күн сайын жаттығуға апарамын, сабағына апару мойнымда. Жұбанышымыз әкесі сияқты ел танитын азамат болса деген арманым бар», – дейді. 

Қайран Көпен! Әлі де туыстарың мен курстас­тарыңның арасында, жұбайың мен ұлыңның қасын­да жүре тұруға болатын еді. Тағдыр деген осы. Көпен морт сынды. Айналасы төрт-бес айдың ішінде өмірден өтті. Былтыр қыркүйектің 18-ші жұлдызы күні бізді үйіне қонаққа шақырды. Түрі сынық, шаршаңқы болса да көңілді отыруға тырысты. Арасында қайта-қайта диванға қисая кетеді. Мұның алдында Көкшетау, Ақтөбе, Алматыға сапарлап келген. Е, қатты шаршаған екен деген ойда қалдық. Кетерінде құшақтап қоштасты. Бұл соңғы кезде­суіміз екен. Арада бір жарым айдан кейін, қараша­ның 9-шы жұлдызында қайран дос мәңгілік сапа­рына аттанып кетті. Курстастар ара­сынан Камал екеуіміз Көпенді ертеңінде туған мекеніне шығарып салдық.

Көпен өлген жоқ. Ол тірі. Соңында кітаптары, рухы мықты азаматтың айтқан сөздері қалды. Ұлы Жұбаныш Көпеннің армандарын орындаса деген тілек бар.

        Оңдасын ЕЛУБАЙ