Шымкент – дара дәстүрімен, ерекше мәдениетімен танылған шаһар. Бірлігі жарасқан, ымыралы күн кешкен, ежелден достықтың тұ­ғырлы ордасы, миллионнан астам тұр­ғынды бауырына басқан Шым­кентте Республика күні дүркіреп өтті
Шымкент - достықтың мекені
1,163
оқылды

Қазақ халқы паш еткен асқақ адамгер­шіліктің, адал ниеттің, шынайы жанашыр­лықтың арқасында талай ұлттың өкілдері қиын-қыстау шақтың ауыртпалығын ең­серді, қазақ жерінде өнді-өсті, бақытын тапты. Мереке аясындағы іс-шаралар патриотизм, абырой, әділдік, құрмет, ізгілік, бауырмалдық сияқты асыл қа­сиеттерді дәріптейді.

Ынтымақтастықтың үлгісін көрсететін шаралар жиі өтеді

 Шымкентте «Достық дастарханы» халықаралық палау фестивалі биыл тағы да жалғасын тапты. Қазақстан халқы ассамблеясы және «Дустлик» қауымдас­тығы, Өзбек этномәдени бірлестігінің ұйым­дастыруымен өткен шарада Қазақ­станнан және көршілес елдерден келген 43 аспаз өз шеберліктерін көрсетті. Фести­вальге аудан әкімдері, қоғам қайраткерлері, қала тұрғындары, балалар үйінің тәрбие­ленушілері қатысты.

– Дастархан – берекенің бастауы. Сон­дықтан да бүгін мерекеге орай қаншама ұлттардың басын бір дастарханда бірікті­ріп, достықтың, ынтымақтастықтың үлгі­сін көрсетіп отырмыз. Фестивальде үздік аспаздарға номинациялар, сыйлықтар беріледі. Әділ қазылар алқасы палаудың әр түрінен дәм татып, өз бағасын береді. Бірақ бұл жолы жүлделі орын белгіле­мей­міз. Аспаздар бірінен бірі өтеді, – деді Өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Тахирбек Нишанбаев.

Шара аясында Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғыз елінен, Тараз, Алматы, Түркістан қалалары мен басқа да өңірлерден 43 аспаз палау әзірледі. Одан бөлек, «Мейірім» қо­ғамдық қоры балалар үйінің тәрбиелену­шілері мен аз қамтылған отбасыларына 100 келі палау таратты.

«Бүгін мұнда балаларымды алып кел­дім. Өзім көпбалалы анамын. Мұндай шара әртүрлі ұлттардың достығының көр­сеткіші деп білемін. Ұйымдастырушыларға үлкен рақмет айтамын. Палаудың дәмі тіл үйіреді. Елімізде молшылық болсын, бір­лігіміз ажырамай, тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын», – деді сайрамдық тұрғын Шарафат Пахриддинова.

Осынау шарада қатысушылардың барлығы алғысхатпен марапатталып, сый-сыяпатқа ие болды. 

Үшінші мегаполисте этнос жастары арасындағы шараның бірі – «Қазақтану» жобасы шеңберіндегі «Мың жүйрік» республикалық ағартушылық байқауы. Еліміздің әр өңірінен 5-12 жас аралығын­дағы 575 жасөспірім бақ сынаған байқау да өз мәресіне жетті. Қазылар алқасының қорытындысымен 10 қатысушы үздік деп танылып, бағалы сыйлықтармен мара­патталды. 

– Қаламызда үшінші рет өткізіліп жатқан жобаға қызығушылар саны жыл­дан-жылға саны артып келеді. Мәселен, 2021 жылы байқауға 100-ге жуық жасөс­пірім қатысса, 2022 жылы – 300, ал биыл олардың саны 575-ке жетті. Бұл – осынша баланың қазақ ертегілерін тыңдап, мақал-мәтел, өлең оқуға деген ынтасы жоғары екенін білдіреді. Жоба онлайн форматта ұйым­дастырылып, қазылар алқасы тара­пынан қатысушылар­дың еңбегі сараланды. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан 10 қатысушы үздік атанды. Сіздерді осы­нау жеңістеріңізбен шын жүректен құт­тық­таймын. Елімізде осындай мерейлі сәттер көп болсын, – деді қалалық Ішкі сая­сат жә­не жастар істері жөніндегі бас­қарма бас­шысының орын­басары Бексұлтан Ержанұлы. 

Байқау 4 бөлім негізінде ұйымдас­тырылды. Қатысушылар «Ертегі әлеміне саяхат», «Тұлғалар тағылымы», «Мен ұнататын мамандық» және «Туған өлкеге тағзым» тақырыптары бойынша сынға түсті. Алғашқы бөлімде үміткер өз қа­лауымен кез келген ертегіден үзінді айтып береді. Ұсынылатын ертегіде шы­ғарманың желісі толық сақталуы керек. Қазылар алқасы өнерді бағалайтын кезде қатысу­шының өзін көпшілік алдында ұстауына, тіл көркемдігіне, мәнерлеп айту шебер­лігіне назар аударды.

– Осынша баланың қазақ тілінде өнер көрсетуге деген құлшынысы бізді қатты қуантты. Тіпті, бір үйден 2-3 балаға дейін мемлекеттік тілде ертегі айтып, байқаудың көркін қыздырды. Әттең-ай дейтін жері жобаға тек 5-12 жас аралығындағы жасөс­пірім деп бекітілуі болды. Өйткені одан жоғары жастағы балаларда қатысуға ниет білдіріп еді. Тәртіп бойынша оларды қа­былдай алмадық. Алдағы уақытта осы мәселе де ескерілсе екен, – дейді қазылар алқасының мүшесі, «Шұғыла» газетінің бас редакторы Базаркүл Қалбыр. 

Шымкент қаласындағы «Достық» үйінде өткен марапаттау салтанатына еліміздің Ақтау, Ұлытау, Алматы, Түркістан облыстарымен бірге Шымкент қаласының этнос жастары және оның жетекшілері келген. 

– Біз Ұлытау облысы Жезқазған қа­ласынан келдік. Шәкіртім 6-сынып оқу­шысы Аврора Зурли – итальян ұлтының қызы. Ол қазақ тілінде өте жақсы сөйлейді. Ертегі оқып, ондағы кейіпкерлерге тамса­нып отырады. Осы байқау арқылы қазақ тілінде білім көкжиегін арттырып, жүлделі орыннан көрініп отыр, – деді Жезқазған қаласындағы №26 мектеп-гимназиясының қазақ тілі пәнінің мұғалімі Орынбасар Серғазықызы. Жеңімпаз 10 балаға арнайы диплом және велосипед табысталды. 

Жыр додасы өтті жалындап

Шымкентте ұлық мереке аясында жыр додалары да ұйымдастырылды. Жас ақындар арасындағы республикалық «Күміс домбыра» айтысы «Тәуелсіздік – бабалар аманаты» деген тақырыпта өтті. Жыр додасына еліміздің әр өңірінен 16 айтыскер ақын қатысты.

– Тәуелсіздік алғалы айтыс өнері ұлттық мәдениетіміздің асыл мұрасы ретінде кеңінен насихатталып келеді. Соның ішінде «Күміс домбыра» жобасы халық арасында кеңінен қолдау тауып, биыл үшінші жыл қатарынан өтіп отыр. Осы орайда киелі өнердің дамуына қолдау көрсетіп келе жатқан қала әкімдігіне ал­ғыс айтамыз. Бұл айтыс еліміздің тәуел­сіздік жылдарында жеткен жетістіктерін насихаттау және жас ақындардың ішкі мүмкіндіктерін ашып, шабыттарына қанат бітіру мақсатында өткізілді. Жас ақындар арасындағы республикалық айтыс тек Шымкент қаласында ғана өткізіліп жүр­генін де айта кету керек. Жас ақындардың бұл айтысқа қызығушылығы жоғары, сондықтан жоба тоқтап қалмаса екен деген тілегіміз, әрі өтінішіміз де бар, – деді Қаратау дәстүрлі өнер мектебінің айтыс сыныбының жетекшісі, белгілі айтыскер ақын Қажымұқан Абзал.

Тәуелсіздікті тірек еткен жыр додасына белгілі айтыскер ақындар мен мәдениет саласының мамандары әділ бағасын беріп, қазылық етті. Атап өтсек, айтыстың ақтаң­гері атанған Бекарыс Шойбеков, Маржан Есжанова, Күлия Айдарбекова, Ахметжан Өзбеков, Еркебұлан Қайназаров сынды азаматтар қазылар алқасы құра­мында болды. Жыр додасында жас ақын­дар қоғамдағы өзекті тақырыптарды қозғап, көрерменді ұшқыр ой, ұрымтал шумақтарымен тамсандырды. 

– «Күміс домбыра» айтысына биыл үшінші рет қатысып тұрмын. Бірінші айналымда Астананың ақыны Ердәулет Ыбыраевпен шықтым, екінші айналымда түркістандық ақын Ахметрасул Баянбай­мен айтыстым. Айтыстың көрермені жыл­дан жылға жасарып келеді. Сондықтан да жастар арасындағы маңызды мәселелерді қозғадым, – дейді Қаратау дәстүрлі өнер мектебінің мұғалімі, ақын Аян Ниязбек. Айтыстың ақтық кезеңіне жолдама алған үш жұп суырып алып, шаппа-шап айтыс көрсетіп, көрермен қауымның қошеметіне бөленді.

Айтыстың жеңімпаздары мен жүл­дегерлерін Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов марапаттап, ұлттық өнерімізді ұлықтап, тамаша айтыс көрсеткен өнерпаздарға алғысын білдірді. Сонымен, әділқазылар алқасының шешімімен жүлделі ІІІ орынды Ердаулет Ыбырай мен Нұрдаулет Өмір­бекке, ІІ орын Жамбыл облысының өкілі Мұхтар Қонарбай мен түркістандық ақын Ахметрасул Баянбайға, ал І орын Бая­науылдан келген Мәрес Байронға берілді. «Күміс домбыра» айтысының бас жүлдесін Шымкент қаласының өкілі Аян Ниязбек жеңіп алды. 

«Күміс қалам» байқауы да осынау елдіктің мерекесі қарсаңында орайлас­тырылды. Осымен үшінші жыл қатарынан дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан жыр мү­шәйрасына 19 бен 35 жас аралығындағы ақындар қатысты. Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен мүшәйра жыр маржанын терген жас ақындардың шабытына шабыт қосып, оларға жан жақ­ты қолдау көрсету мақсатында ұйым­дастырылған. 

Жыр кешіне Шымкент қаласы әкі­мінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов арнайы келіп, көпшілікті Респуб­лика күнімен құттықтап, үлкен додада бақ сынағалы отырған жас таланттарға сәттілік тіледі.

– Поэзия адам жанына рухани азық беретін әдебиеттің ең ұлы жанрларының бірі екені белгілі. Бүгінгі байқау жас ақын­дардың бойындағы шығармашылық қабілеттерін, өнерге деген құштарлығын арттыра түседі деп ойлаймын. Сол арқылы жастар әдебиет әлеміне нық қадам басып, өз туындыларының көркемдік деңгейін шыңдай түссе деген ізгі ниетіміз бар. Бай­қау үміткерлерінің арасынан Ұлы Абай айтқандай, «Іші алтын, сырты күміс сөз жақ­сысын» келістіріп жазатын дара ақын­дардың шығатынына сенім білдіреміз, – деді Қ.Асылов. 

Ережеге сәйкес, байқаудың шешуші кезеңінде 16 ақын өнер көрсетіп, көрермен қауымды мән-мағыналы әрі жалынды жырларымен қуантты. Нәтижесінде, үздік деп танылған қос ақын финалға шығып, бақ сынасты. Осылайша, Ұлытау облысы­нан келген Айзада Рахымжан «Күміс қалам–2023» байқауының бас жүлдесін жеңіп алды. Жеңімпазға арнайы күмістен құйылған қалам мен бағалы сыйлықтар тапсырылды. Ал Жадыра Байбұланова – Есенғали Раушанов атындағы, Шерхан Талап – Әмірхан Балқыбек атындағы, Абзал Мақаш – Әбілдә Аймақ атындағы, Сезім Мергенбай – Мархабат Байғұт атын­дағы, Серғазы Қайырболды – Аман­хан Әлім атындағы арнайы жүлделерге ие болды.

Қазылар алқасында «Ана тілі» газетінің бас редакторы Ерлан Жүніс бастап, Ханбибі Есенқарақызы, Абай Қалшабек, Танакөз Толқынқызы және Әлімжан Әлішер төрелік етті. 

Мереке аясында қала жастарына ар­налған белсенді, шығармашыл жастар қауым­дастығын қалыптастыруға, жастар­дың жаңа және қолданыстағы бастамала­рын қолдауға бағытталған «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобалар байқауы да өтіп, сондай-ақ күн батареялары, қадамдық қуат, қоқыс қалдықтарын қайта өңдеу және анимациялық фильмдерді дыбыстау жобасы бойынша үздіктер анықталды.

Ақ орамал – ұлттық құндылығымыздың бірі

Өскелең ұрпақтың саналы, ибалы болып өсуіне тәрбиенің тигізер пайдасы зор. Достық пен ынтымақтастықты, сыйластықты жоғары қоятын оңтүстік өңірде орамалға мән беріледі. Орамал – қазақ әйелдерінің киелі бас киімі. Ол – әйел затының бойындағы иманы, ина­баты, қорғаны, талғамы, дәрежесі мен мәртебесі. Шымкентте Республика күні аясында Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ұйымдастыруымен өткен «Ақ орамал» этнотанымды симпозиумында ұлттық киімнің шығу тарихы мен қыз баланың баскиіміне қатысты кең көлемде салиқалы әңгімелер айтылды. 

Маңызды басқосуда орамалдың ескі мен жаңа үлгілерін үйлестіріп, жаһандану дәуірінде өзіне тән бейнесін насихаттау үшін елімізге еңбегі сіңген этнограф-зерт­теушілер арнайы шақырылған. Олардың арасында белгілі этнограф, қылқалам ше­бері, бірнеше этнографиялық кітаптардың авторы Ералы Оспанов, бізкестеші шебер, зерлеу үйінің негізін қалаушы Айжан Абдубайтова, этнодизайнер Тілек Сұлтан және қолөнер шебері Эльмира Шер­мұхаме­товалар бар. 

– Соңғы кезде қоғамда, әлеуметтік желіде мектеп оқушыларының орамал орануы жайында көп пікірталас туындады. Дін жолын ұстанғандар мақұлдаса, тағы бір топ оған қарсы шығып жатыр. Маман ретінде айтар болсам, заман ешқашан бір орында тұрған емес. Үнемі ауысып, адам­дардың өмірілік ұстанымы мен көзқарасы өзгеріп отырады. Өзгерістер орын алмаса, жаңалықтар да болмайды. Десе де, за­манына қарай жаңалықтарды да дұрыс қабылдап үйрену керек. Дін мәселесі көтерілген сәтте оқушы қыздардың ора­малына қатысты пікірлер жиі айтылады. Тарихқа үңілсек, қазақ Қоқан хандығы мен Кеңес дәуірінің озбырлығын бастан өткерді. Тәуелсіздіктен кейін біз ұлт ре­тінде қалыптасып, қазір ұлттық құндылы­ғымыз бір ізге келе бастады. Егемендіктен кейін мемлекеттің аяқтанып алуына көп көңіл бөлінді де, құндылық, салт-дәстүрде азғана бостық пайда болды. Сол орынды түрлі діни ұстанымдар мен ұлтымызға жат киімдер иеленді. Қазір жас қыздардың басына қара және ақ түстегі орамалды жиі көріп жүрміз. Негізінде, салтымызда қыздар анасына көмектесу үшін үй шаруасына араласқан сәтте қызыл, сары, жасыл секілді жарқын түсті бір байлам шыт орамал ораған. Өйткені ақ орамал – балалы болған аналар орайтын орамал болған, – деді этнограф Ералы Оспанов. 

Ал этнодизайнер Тілек Сұлтан қазақ қыздарының жасына қарай киім кию үлгісі жайында айтып берді. 

– Қазақ халқының ең ардақтысы да, байлығы да әйелдері болған. Ер адамның бар байлығы – жүйрік аты мен беліндегі белдігі. Қыз бала шыр етіп өмір есігін ашқаннан, қартайып, өмірден озғанға дейін киім-кешектерін алтын, күміс, асыл тастармен әшекейлеп, қадірлеген. Қыздар 5-6 жасқа дейін ұл баламен бірдей ойнап, өседі. Одан кейін тазалыққа бет бұрып, қызға тән қасиеттер қалыптаса бастағанда анасы маңайындағы абысын­дарын шақырып, шағын той жасап, қыз­дың шашын өріп, алғашқы үкілі тақиясын, үстіне кестеленген қызыл комзол кигізген. Қазір кейбір адамдардың діни көзқара­сы­на байланысты 6-7 жастағы қыздарына орамал орағаны жиі кездеседі. Негізінде, ата-салтымызда кішкентай қызды мұн­шалық еркінен тыс күйде орандырып қоймаған. Ежелден қазақ қызын қатты еркелетіп, құрметтеген. Бар жақсысын кигізіп, бар асылды қызға лайық көрген. Әке үйінен ұзатылып кеткенше қыздың басынан үкілі тақиясы түспеген. Бүгінде қазақтың қай ұлттық киімін алып қара­саңыз да, шариғатқа қайшы келмейді, – дейді этнодизайнер. 

Симпозиум барысында Т.Сұлтан әр өңірдің, әр рудың кимешек үлгісін көр­сетіп, осыған қарап әйелдердің жасы, тұр­мыстағы жағдайы жөнінде баяндап бер­ді. Осылайша, басқосуға жиналған ақ­жаулықты аналар, студент жастар, тігін­шілер, зиялы қауым өкілдері ұлттық киім­ді насихаттаушылардан құнды мағлұматтар алып, ұлттық киімнің сырына қанықты. 

Бірлігі бекем, ынтымағы ырысты Шымқала тұрғындары бейбітшіліктің бесігі болған Қазақстанымыздың қуатын арттыруға, рухани кемелденуіне осылайша үлес қоса бермек. 

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы