Тергеу мәліметінше, келіншек акушерге сәбиін алдырып тастауға келген.
Таразда түсік тастауға келген әйелдің баласын сатқан екі акушер 8 жылға сотталды
1,379
оқылды

Таразда түсік тастауға келген келіншектің сәбиін саудалаған екі акушерге қатысты сот үкімі шықты. Судья медицина мамандарының кінәсі толық дәлелденгенін айтып, әрқайсысын сегіз жылға соттады. Бұл туралы Aikyn.kz. хабарлайды.

Тергеу мәліметінше, келіншек акушерге сәбиін алдырып тастауға келген. Алайда мұндағы екі медицина қызметкері босануға, кейін баланы тірі тауар ретінде саудалауға көндірген. Сосын келіншекті жалдамалы пәтерде босандырып, басқа адамға 1,5 миллион теңгеге сатқан.

Бастапқыда екі акушерден бөлек, нәрестенің анасы мен сәбиді сатып алған азамат та тергеуге алынған. Кейін биологиялық анасы жәбірленуші, ал бала сатып алған азамат куәгер ретінде сотқа тартылды. Ал сәби әлі "Үміт" балалар үйінде. Ол биологиялық анасына қайтарылмауы да мүмкін. Қазір құзырлы орган өкілдері әйелді аналық құқығынан айыруды қарастыруда.  

“Аналық құқығынан әлі айырылған жоқ. Іс бойынша сот үкімді жария етті. Алдағы уақытта баланың тағдыры шешілуі үшін сот қорғаншылық және қамқоршылық функцияларды жүзеге асыратын органға тапсырма берді”, – деді Жамбыл облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Айгүл Бексұлтанова.