Бүгінгі фестивальге таңдап алынған 7 дизайнер қатысты.
«Saryarka art fest Astana» сән фестивалі: 7 дизайнер киім үлгілерін ұсынды
999
оқылды

Бүгін Астана қаласындағы Достық үйінде «AMANAT» партиясының және «Жастар рухы» Жастар қанатының қолдауымен «Saryarka art fest Astana» халықаралық сән фестивалі өтті.

Жобаның басты мақсаты – туризмді дамытуға серпін беру, дизайнерлердің өзін-өзі танытуына мүмкіндік жасау.

SARYARKA ART FEST – дизайнерлердің, хенд-мейд мамандарының жəне Қазақстандағы шеберлердің жаңа толқынын таныстыруға арналған жоба. Ол тек сəнді ғана емес, туризмді, мəдениетті, білім беруді дамытуға жəне қатысушыларға Орта Азияның басқа аймақтарында өзін көрсетуге мүмкіндік беруге бағытталған.

Көрсетілім барысында қонақтар қазақстандық танымал және ісін енді бастаған дизайнерлердің ұлттық нақыштағы, сондай-ақ өзге де стильдегі киім үлгілерін тамашалады.

Жоба жетекшісі Меруерт Мұхамедьярованың айтуынша, Saryarka art fest жобасы төрт қаланы қамтиды.

«Мақсатым – қазақстандық дизайнерлердің әлемдік деңгейге жетуіне үлес қосу. Фестиваль алғаш рет сәуір айында Қарағандыда өтті. Екінші рет Астанада ұйымдастырылып отыр. Бұл жобаға басынан бастап «AMANAT» партиясы толықтай қолдау білдірді. Енді келесі жылы шілдеде Ұлытау облысында өтеді. Онда шетелдік дизайнерлерді шақыртамыз. Әр аймақта әртүрлі болады. Кейін Павлодар облысында өткізу жоспарда бар.

Бүгінгі фестивальге таңдап алынған 7 дизайнер қатысты. Сегізінші дизайнер ретінде Қайролла Әбішевті арнайы қонақ ретінде шақырдық», – дейді ол.

Көрсетілімді «Zeken Moda» сән үйі ерекше стильдегі «Ән салатын бархан» коллекциясымен ашты.

Оның авторы Қайролла Әбішевтің айтуынша, топтаманың атауында  символикалық мән бар.

«Бұл топтама ең бірінші рет 2015 жылы Мәскеуде өткен Еуразиялық жоғары сән байқауында ұсынылды. Ол Қазақстан табиғатының сұлулығы мен бірегейлігін бейнелейді. Яғни, Алматы облысындағы «Алтын-Емел» ұлттық табиғи саябағының басты көрікті көрінісін көрсетеді», – дейді ол.

Қарағандыдан келген дизайнер Әсия Құлахметова аталмыш салада жүргеніне 4 жыл болған. Айтуынша, топтамаларының басты ерекшелігі – ұлттық стильдегі киімдерді заманауи түрде ұсыну.

«Қазіргі кезде екі топтамам бар. Бүгінгі топтамам ою-өрнекпен безендірілген этно стильде болды. Киімдер күнделікті киюге де болатындай етіп жасалды.

Бұған дейін Алматыда жыл сайын өтетін «Монро»,  Теміртауда «Золтая нить», Қарағандыда «Kazakhstan Fashion week» көрсетілімдеріне қатыстым.

Жалпы 2012 жылы ательеде құрақ көрпе, той көйлектерін, күнделікті киім тігіп бастағанмын. Өзімді осы қырымнан дамыту үшін әртүрлі оқыту орталықтарына бардым. Мұғалімім – Қарағанды бойынша белгілі дизайнер Айнұр Сәндібай. Кейін 2018 жылы өз тігін ательемді ашып, дизайнерлікке 2019 жылы келдім», – дейді Әсия.

Фестивальдің ең кішкентай қатысушысы 13 жастағы Сая Шектібаева. Ол Орал қаласының атынан өз өнерін ортаға салды.

Қатысушылардың əрқайсысы шамамен 10 киім үлгісін ұсынып, ақтық сында Алғыс хат пен сертификатқа ие болды.

Жұрт назарына ұсынылған əр киім үлгісі өзінше ерекше. Оларды салтанатты жиындар мен күнделікті өмірде де киюге болады.