Көкөзек су қоймасында балық қырылып жатыр
Көкөзек су қоймасында балық қырылып жатыр
585
оқылды
Алматы іргесіндегі ағын көлшіктің жағалауы кешелі бері өлі балыққа толып кеткен. Алайда су жәндіктерінің неден қырылғанын әзірге ешкім айта алмай отыр. Су тартылып, тізеден әзер асатын тоғанда балықтарға «ауа жетіспей қалды» деген болжам бар. Көкөзек су қоймасы маңында әр жерден бір табылған өлекселерді алғашында тұрғындар байқапты. Бұрын-соңды мұндайды көрмеген олар көлшіктегі су деңгейінің күрт түсіп кеткенін айтады. Өйткені оған құятын Қарғалы өзенінің арнасы бітеліп қалған. Сондықтан «саяз суда еркін жүзе алмаған балықтар тұншығып өлді» деген болжам айтуда. Шағын көл өткен жылы ғана «Алтынкөл демалыс аймағы» серіктестігіне сенімгерлік басқаруға берілген. «Кешке дейін балықтар шығарылады. Тиісті жерге алып кетеді. Экологияға ешқандай қауіп төнбейді. Балықтардың өлу себептерін тиісті құзіретті органдар анықтайды», - дейді Алматы облысы Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Қанат Айманов. Қазір көлдегі су деңгейі бір метрге де жетпейді. Сондықтан бұл көлшікте мүлде балық қалмады деуге әбден негіз бар. Ал өлген балықтардың біразы су түбіне шөгіп қалған. Жағалауға жиналып қалған өлі балықтарды қолмен тазалап жатыр. Алайда шағын су қоймасында қанша балық қырылғаны әзірге белгісіз. Оны алдағы уақытта балық шаруашылығы қызметкерлері есептейді. Ал экологияға жауапты мамандар судың сынамасын зертханаға жіберген. Гүлнар Жұмабайқызы