Астанада тұрғын үйде болған өрт салдарынан әйел адам көз жұмды

Құтқарушылар тұрғын үйден 51 адамды эвакуациялады.

Астанада бес қабатты тұрғын үйден өрт шығып, салдарынан 72 жастағы әйел адам көз жұмды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Қалалық ТЖД таратқан ақпаратқа сәйкес, қайғылы жағдай 29 қазан күні кешкі уақытта, қалада жаппай жарық сөнген кезде болған.

«101» нөміріне Манас көшесі, 3/1 мекенжайында өрт болып жатқаны туралы хабар түсті. Өрт сөндірушілер дереу оқиға орнына аттанды. ТЖД өкілдері жеткен кезде бес қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында 18 шаршы метр аумақты құрайтын тұрмыстық заттар мен жиһаздар жанып жатқаны анықталды», – делінген хабарламада.

Құтқарушылар тұрғын үйден 51 адамды, оның ішінде 14 баланы эвакуациялады.

«Өртті астаналық өрт сөндірушілер сағат 00:44-те сөндірді. Өрт орнынан 1951 жылы туған 72 жастағы әйелдің мәйіті табылды», – деп хабарлады ТЖД.

Өртті сөндіруге Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінен жеке құрамның 16 адамы мен 4 бірлік техникасы жұмылдырылды.

Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.