Астана қаласы әкімінің орынбасары апаттың нақты себебін атады.
Астанада жарықтың не себепті өшкені белгілі болды
1,134
оқылды

Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Нұркенов 29 қазан күні жарықтың не себепті сөніп қалғаны жөнінде түсінік берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Нұрлан Нұркеновтің айтуынша, 29 қазан күні сағат 21.57-де Астана ЖЭО-2 сыртқы тарату қондырғысында апат болып, Астана ЖЭО-2-ге қосылған 10 қосалқы станса электрсіз қалған.

Сонымен қатар Астана қаласы әкімінің орынбасары апаттың нақты себебіне тоқталды.

– Төтенше жағдай шина ажыратқышының жарылуы салдарынан болды. Осының салдарынан қысқа тұйықталу болды. Сөйтіп кеше сағат 21:57-де он қалалық қосалқы станса сөніп қалды. Мұның салдарынан оң жағалауда энергия беру шектелді. Сағат 23:00-де әуежай қосалқы станциялары іске қосылды. Сағат 23:10-да «Бәйтерек» қосалқы стансасы қосылды. Осылайша түнгі сағат 2-ге дейін барлық қосалқы станция іске қосылды, – деп түсіндірді Нұрлан Нұркенов.

Оның айтуынша, екінші станцияның жұмысында ешқандай технологиялық үзіліс болмаған. ЖЭО-2 жұмысын жалғастырды және қалыпты режимде жұмысын жалғастырып жатыр. Төтенше жағдай бір жарым сағат ішінде толығымен жойылып, түнгі сағат 2-де барлық абонентке электр қуаты берілді.

Нұркеновтің сөзінше, Алматы, Байқоңыр және Сарыарқа аудандарында барлығы 100 мыңнан астам абонент электр қуатынсыз қалған. Апат себебін жою үшін шұғыл қызметтер дереу жұмылдырылды.