Жоғалған азамат Батыс Қазақстан облысының Жаңқала елді мекенінен аман-сау табылды.
Атырауда бес күн бойы хабарсыз кеткен ер адам аман-есен табылды
4,639
оқылды

Ер адамның жоғалғаны туралы хабарды Атырау облысына қарасты Исатай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері 28 қазан күні сағат 12:10 шамасында алған.

Ер адамның туыстары 1976 жылғы ер азаматтың 3 күн бұрын Айбас елді мекенінде мотоциклмен мал іздеуге шығып, қайта оралмағанын айтып шағымданған. 

«Аталған хабарлама бойынша Исатай аудандық полиция бөлімі жедел тергеу тобының қызметкерлері іздестіру шараларын жүргізген. Екі күнге созылған іздестіру  нәтижесінде 30 қазан күні кинолог мамандар ер адамды Исатай ауданынан 270 шақырым жерде орналасқан Батыс Қазақстан облысы, Жаңқала елді мекенінен аман-сау тапқан.  Осылайша, 47 жастағы азаматты Исатай аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Данияр Бимұханов және Исатай аудандық төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері арнайы тікұшақпен Исатай ауданына жеткізген», – делінген Атырау облысы Полиция департаменті таратқан мәліметте.

Белгілі болғанындай, мотоциклінің жанар-жағармайы таусылған ер адам үйге қайтар бағыттан жаңылып,  адасып кеткен. 

Баян ЖАНҰЗАҚОВА