Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қара­ғанды облысындағы «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамына қарасты Костенко атындағы шахтада болған қайғылы оқиға орнына жедел жетті.
Инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды
744
оқылды

Мемлекет басшысы өрт салдарынан қаза тапқан кеншілердің отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтты.

– Мен Мемлекет басшысы ретінде баршаңызға көңіл айтамын. Бұл – қасірет. Бәрін түсінемін. Апат болды. Апаттың кесірінен көптеген адам қаза тапты. Сондықтан бұл жерге арнайы келдім. Тиісті шаралар қабылдаймыз, соның ішінде зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсетеміз. Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасылары ешқандай мұқтаждық көрмеуі үшін  Үкімет, әкімдік және қайырымдылық ұйымдарының алдында жан-жақты көмек көрсету міндеті тұр, – деді Мемлекет бас­шысы.

Мемлекет басшысының айтуынша, жер астында қалған кеншілерді құтқару, зардап шеккен және қаза болған азаматтардың отбасыларына жан-жақты көмек көрсету – кезек күттірмейтін міндет.

– Ең алдымен, құтқару жұмыстары жүргізіледі. Екіншіден, зардап шеккендер мен медициналық кө­мекке мұқтаж азаматтардың нақты санын анық­тауымыз керек. Үшіншіден, осы апаттан зардап шеккендердің барлығының отбасына материалдық көмек көрсетеміз.  Егер қажет болса, арнайы қор ашамыз. Мұнымен өзім айналысамын. Қазір кеншілердің зейнетке шығу жасына қатысты мәселе де қарастырылып жатыр, – деді Президент.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан соң Қарағанды облысындағы «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамына қарасты Костенко атындағы шахтада болған апат салдарын жою жөніндегі жедел штаб отырысын өткізді.

Ең алдымен, құтқару жұмыстарының барысы және қазіргі ахуал туралы Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов баяндады.

– Апат кезінде шахтада 252 адам болған. 206 қыз­меткер өз бетінше көтерілді. Қазір апаттық-құт­қару жұмыстарына 10 бөлімше, 55 тау-кен құт­қарушы және 12 техника жұмылдырылды. Жұмыстар екі өндіру учаскесі аумағында жүргізілуде. Жаңа өрт ошақтары байқалмайды. Жұмыс тәулік бойы жалғасады, – деді Сырым Шәріпханов.

Мемлекет басшысы Төтенше жағдайлар ми­нистрінің баяндамасын тыңдап болғаннан кейін іздестіру-құтқару жұмыстарын барлық қажетті күшті тарта отырып, күшейтілген режимде жалғас­тыруды тапсырды.  

– Жаңа ғана азаматтар әр 10-15 минут сайын ақпарат беріп тұру мәселесін көтерді. Мүмкіндігінше қамтамасыз ету керек. Халықпен қарым-қатынас жасайтын бір өкіл болсын. Жұртшылықты ақпа­ратсыз қалдыруға болмайды. Бұл – өте шетін әрі мүлдем жол беруге болмайтын мәселе. Біз күн-түн демей, соңына дейін күресуіміз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан соң Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният зардап шек­­кен азаматтарға көрсетіліп жат­­­қан медициналық көмек тура­лы мәлімет берді.

– Медициналық көмек жедел әрі толық көрсетіліп жатыр. Әр­түрлі деңгейде газдан уланғандар токсикология бөлімшесінде ем алуда. Медициналық көмек көр­сетуге барлық дәрігер жұмыл­дырылды, – деді Ажар Ғиният.

Сонымен қатар Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау минис­трі Светлана Жақыпова қаза тап­қан кеншілердің отбасыларына қан­­дай әлеуметтік көмек көрсе­тіле­­тінін айтты.

– Қаза тапқан азаматтардың отбасыларына асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдем­ақы тағайындалады. Ол респуб­ликалық бюджеттен, әлеуметтік сақтандыру қорынан және өмірді сақтандыру компаниясынан төле­не­ді. Жәрдемақы көлемінің жалпы орташа мөлшері асырауындағы адамдар 18 жасқа толғанға дейін ай сайын 400-500 мың теңгеден бас­талады. Егер балалар жоғары оқу орындарында білім алып жатқан болса, онда 23 жасқа дейін төле­неді. Әзірге барлық төлемді өтеу «Ар­селорМиттал Теміртау» компа­ния­сына жүктеледі. Кәсіпорын ұжымдық шартқа сәйкес жылдық төлем тәуекелдерін төлеуге мін­детті. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы жерлеу рәсімдеріне байланысты барлық шығынды, сондай-ақ балаларды жоғары оқу орындарында оқытуды өз мойнына алуға тиіс, – деді Светлана Жақы­пова.

Премьер-Министр Әлихан Смайылов Үкімет «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының акцио­нерлерімен алдын ала уағдалас­тық­қа қол жеткізгенін және кәсіп­орынға тиесілі меншік құқығын Қазақстан Республикасының пайдасына беру жөніндегі мәмілені ресімдеу процесі аяқталуға жақын екенін баяндады.

Үкіметтік комиссия мүшелері­нің баяндамаларын тыңдаған Пре­зидент апатты жою және кен­ші­лерді құтқару үшін барлық шараны қабылдауды, сондай-ақ қаза тап­қан және зардап шеккен азаматтар­дың отбасыларына жан-жақты көмек көрсету жөнінде тапсырма берді.

– Сіздердің міндеттеріңіз – адамдармен тікелей жұмыс істеу, кездесу, сондай-ақ жедел топты қа­жетті құрал-жабдықтармен қам­тамасыз ету. Біз қазір қалыптасқан жағдайды түсіндіру, ең бастысы, шешім қабылдау үшін жұмыла жұмыс істеуіміз керек. Жергілікті әкімдік тиісті шешім қабылдауы қажет. Кәсіпорынның сұраныс­тарына сүйене отырып, қажетті нәрсенің бәрін анықтаңыздар. Үкіметтік комиссия барлық мәсе­лені пысықтауға тиіс. Мен не істеу керек екенін айттым. Әркім өзіне қатысты жұмысты біледі. Ми­нис­тр­лер, басшылар өздерінің жұмыс тәсілдерін білуі керек. Президент әр оқиға сайын келіп, тапсырма береді деп күтіп отыруға болмайды. Вадим Борисович Басинге кәсіп­орынды басқаруды өз қолына алуды тапсырамын. Үкімет пен әкімдікке жан-жақты тиісті көмек көрсетуді, Төтенше жағдайлар министрлігіне мүдделі құрылым­дармен бірлесіп апат салдарын жою және кеншілерді құтқару үшін барлық шараны қабылдауды тап­сы­рамын. Ішкі істер министрлігі зардап шеккен адамдардың от­басыларымен жұмыс істеуі керек. Үкіметтік комиссияға азаматтар­дың қаза болуына әкеп соқтырған өрттің мән-жайын тергеуді, бар­лық кінәлілерді жауапқа тартуды тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.