Мәскеудегі Қазақстан елшілігінде Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі мен Естай атындағы мәдениет сарайының бірлесуімен «Ертіс-Баян өңірінің дарынды тұлғалары» атты көрменің ашылу салтанаты өтті. Аталған көрме Республика күні мерекесіне орай ұйымдастырылған.
Зиялы қауым мұрасы Мәскеуде таныстырылды
1,011
оқылды

Көрмеге Ж. Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театры, Естай атындағы мәдениет сарайы­ның ұжымы, Аль-Аки халықтық-фольклорлық ансамблі қатысты. Мәс­кеу­ге алғаш сапар шеккен көрмеге Ертіс-Баян өңірінен шыққан әдебиет және өнер майталмандарының, оның ішінде ақын Мәшһүр Жүсіп Көпеев, жазушы, драматург Жүсіпбек Аймауы­тов, режиссер, актер Шәкен Айманов, режиссер Всеволод Иванов, жазушы Қал­мұқан Исабеков және қоғам қайрат­кері Нәзір Төреқұловтың жеке заттары қойылды. Жиылған қауымға жәдігер­лерді музей басшысы Ербол Қайыров таныстырды. Жәдігерлер арасында Қалмұқан Исабаевтың баспа машинасы бар. Қ. Исабаев 500 шақырымға тең Ертіс – Қарағанды каналы салынатын жерлермен жаяу жүріп, өзімен бірге алып жүрген баспа машинасымен «Ар­ман арнасымен» атты кітабын жазған екен. Германияда тұратын достары сый­лаған бұл баспа машинасы осындай тарихи мәнге ие. Көрмеге белгілі ре­жис­сер Шәкен Аймановтың тоны да қойыл­ды. 1970 жылы Мәскеу қаласында ре­жис­сердің «Атаманның ақыры» көркем фильмінің тұсаукесері өткен, сол жылы режиссер көлік апатынан қайтыс болған. Көрмеге қойылған тон режиссердің өмірінің соңғы жылдарында киген киімі екен. Бұл киімін музейге Кәукен Кен­жетаев тапсырған. 

«Көрменің мақсаты – шетелге қазақ халқының зиялы қауымын таныстыру, бүгінге дейін ұлттық құндылықтары­мызды қалыптастыруда аянбай тер төккен, ұлтымыздың ұлт болып сақ­талуына үлес қосқан ұлы тұлғалардың ерен еңбектері мен шығармашылық жұмыстарын насихаттау. Осыдан 87 жыл бұрын Жұмат Шанин жетекшілігімен қазақ халқының өнер майталмандары Мәскеуде қазақ өнерінің онкүндігін өткізіп еді, уақыт өте біз сол тарихи оқиғаны қайталағандай болдық, біз осы тұлғалардың жеке заттарын Мәскеу қаласына қайта әкелдік», – дейді музей басшысы Ербол Қайыров. 

Е. Қайыровтың айтуынша, музей жыл сайын жаңа жәдігерлермен толығып отырады. Соңғы екі жылдың ішінде «Алаш­ордалықтар ізімен» атты экспеди­ция ұйымдастырылған. Нәтижесінде, А. Байтұрсынұлының «Маса», «Қырық мы­сал» шығармаларын, Қ. Кемеңгеров­тің «Қазақ тарихынан», Абай Құнан­байұлының Санкт-Петерборда шыққан шығармалар жинағы, Мәскеу қаласында Н. Төреқұловтың басшылығымен шыққан «Темір қазық» журналының түпнұсқалары табылды. Сонымен қатар жақында ғана Қаныш Сәтбаевтың өзі қолданған баспа машинасы табылды. Қазір музейде 60 мыңға жуық жәдігер сақталған. Мұндай жәдігерлер қатарын толықтыру үрдісі әлі де жалғаса бермек. 

Сондай-ақ «Ертіс-Баян өңірінің дарынды тұлғалары» атты іс-шараның аясында Ж. Аймауытов атындағы Павло­дар облыстық қазақ музыка-драма теа­тры Мытищи қаласында өткен Халық­аралық «Подмосковные вечера» фести­валінде өнер көрсетті. Фестивальға 200-ден аса театр үміткер болып, олар­дың 14-і іріктеуден өткен. Биыл ақын, жазушы, композитор, тарихшы Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 165 жыл толғанына орай фестивальда ақынның «Ұждан» әңгімесінің желісі бойынша спектакль сахналанды. 

«Қоғам бет-бейнесінің айнасы – ұждан. Қазір қоғам да, адам да бір қалпында тұрмайды, өзгеріске ұшырап отырады. Ар-ұждан болмауының себебі­нен көп жағдайда ұтылып жатамыз. Қо­ғам мен ұждан тақырыбын байланыс­тыра отырып, ұжданы бар қоғам мен ұждансыз қоғам қандай болады деген сұрақ пайда болды. Тақырып таңдау кезінде бізді мазалаған ой осы болған­дықтан, пікіріміз бір арнада тоғысып, режиссер Азамат Нығмановпен бірге Шәкәрімнің «Ұждан» шығармасын таңдадық», – дейді Ж. Аймауытов атын­дағы қазақ музыка-драма театрының әдеби-драма бөлімі меңгерушісі Нұркен Тұрлыбек. 

Естай атындағы «Аль-Аки» халық-фольклорлық ансамблінің қатысуымен Мәскеу сахнасында қазақтың классик күйші-композиторы Құрманғазының,  аса көрнекті қазақ сазгері Н. Тілендиевтің күйлері шырқалды. 

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ