Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет активтерді қайтару бойынша жұмысты жалғастырып жатыр.
Бұрынғы вице-министр Тимур Тоқтабаевтың қымбат мүлкі тәркіленіп, 7 жылға сотталды
620
оқылды

Бұрынғы вице-министр Тимур Тоқтабаевқа қатысты қылмыстық істі тергеу шеңберінде мемлекетке Қостанай облысындағы «Шевченковское» бірегей кен орны қайтарылды, –  деп хабарлайды Aikyn.kz.

 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мәлім еткендей, Мемлекет басшысының заңсыз сатып алынған активтерді қайтару жөніндегі тапсырмасын орындау барысында мемлекетке бірегей никель мен кобальт кен орны  қайтарылды.

Кен орнында никель (1,075 млн тонна) және кобальт (585,9 мың тонна) қоры бар. Пайдалы қазбалар қорларының құны 5,6 трлн теңгеден асады.

«27 қазанда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының Т.Тоқтабаевқа қатысты үкімі жарияланды. Ол пайдалы қазбалардың ірі қорлары бар кен орындарын онымен үлестес тұлғаларға беру кезінде ауыр зардаптарға әкеп соқтырған лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылды»,  делінген Антикор хабарламасында.

Тоқтабаевқа 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды және мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан, «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наградасынан айырылып, қымбат мүліктері:

  • Алматы қаласы, Бостандық ауданы, Көкшоқы ш/а мекенжайы бойынша орналасқан жер учаскесі;
  • Алматы қаласы, Бостандық ауданы, Алматы бау-бақша серіктестігі мекенжайында орналасқан тұрғын үй;
  • 2021 жылы шыққан  Mercedes-Benz Maybach S580 4MATIC  маркалы авто;
  • 2021 жылы шыққан  Bentley Bentayga V8  маркалы авто;
  • 13 коммерциялық ұйымның қатысу үлесі тәркіленді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет активтерді қайтару бойынша жұмысты жалғастырып жатыр.