Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданында алып күш иесі тұрады.
Күш атасы – Парсахан: солтүстіктің тұрғыны 40 тонналық екі бірдей вагонды сүйреді
693
оқылды

Аққайың ауданының тұрғыны Парсахан Алдияров жас кезінен ауыр затты ұршықша иіреді. Өзі ата жұртын аңсап келген жанның бірі екен. Ол 2000 жылдары Өзбекстаннан Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударған. Бүгінде өрт сөндіру бөлімінде жүргізуші болып жұмыс істейді.

Оның айтуынша, Парсахан ауыр атлетикаға ешқашан қызықпаған.

Алайда қара күштің иесі 23 тоннадан асатын вагонды еш дайындықсыз 60 метрге дейін сүйрей алады. Тіпті  жалпы салмағы 40 тоннадан асатын екі бірдей вагонды сүйреп көрген.

"Трюк жасаған кезде қара күштен гөрі ептілік қажет", – дейді ол. Өзі ұлттық спорт түрлерімен айналысқанды ұнатады екен.

Өрт сөндіру бөлімінің басшысы Асхат Бейсенбаевтың айтуынша, ұжымда сыйлы Парсахан биыл аударыспақтан облыс чемпионы болып, спорт шеберіне кандидат атанған. Енді Парсахан ауыр тракторды тартып, көпшілікті тағы бір таңғалдыруды ойлап жүр. Ол трюкті Тәуелсіздік күнінде жасамақ.