Астаналық кәсіпкер «сақалды құрылыс» атанған атышулы «Шығыс» тұрғын үй кешенінен жылжымайтын мүлік сатып алып, әлі өз атына аудара алмай жүр.
«Елорда құрылыс» иеленді» – Кәсіпкер 7 жыл бойы мүлкіне қол жеткізе алмай жүр
1,056
оқылды

Астаналық кәсіпкер «сақалды құрылыс» атанған атышулы «Шығыс» тұрғын үй кешенінен жылжымайтын мүлік сатып алып, әлі өз атына аудара алмай жүр. Кәсіпкердің айтуынша, мүлік қала әкімдігіне қарасты «Елорда құрылыс» компаниясының меншігіне өтіп кеткен. Бұл туралы ол Abay LIVE Youtube арнасына берген сұхбатында айтты. 

«2016 жылы Өскеменнен келіп дүкен ашайық деп «Шығыс» кешенінің бірінші қабатынан нысанды ұнаттық. Жиған-терген қаржымызды әкеліп 47,5 млн теңгеге 371 шаршы метр жерді цессиялық келісімшартпен алдық.  «Құрылыс бітіп тұр, 3-4 айда кіресіздер» деді. Ал 2017 жылы сатқан адамдардың ұсынысымен сол жерден  122 және 36 шаршы метрлік тағы пәтер алдық. Бірақ құрылыс ұзаққа созылып кетті. 2021 жылы үйді салған компания басшысы Сергей Котлеровтың сотталғанын білдік», – деді кәсіпкер Ерғалиев.

«Содан «Нұрлы жер» бағдарламасы басталып, осындай проблемалық тұрғын үйлердің құрылысын аяқтайтын «Елорда Құрылыс» компаниясы құрылды. Аталған компания өкілдері «келісімшартта соманы аз көрсетіпсіздер, бізге тағы 16 млн төлесеңіздер мүлігіңізді береміз» деді. Орындадым. Сөйтіп, компаниямен бейбіт келісімге және медиативтік келісімге отырдық. Сот процестері түгел аяқталған соң, 2023 жылдың басында барсақ, тұрғын үй кешеннің коммуналдық кооперативінің басшысы қарсы болғанын айтып, алған нысандарымды берген жоқ. Сот соларды тыңдайды да, бізді тыңдамайды.  Тіпті, мүлікті мемлекеттік органдарға беріп жібердік деп те айтты. Сонда, «Елорда құрылыс» компаниясы барлық үш нысанды қосқанда, қазіргі нарық құны 300 млн теңгенің мүлкін бір тиынсыз иеленіп отыр», – деп жалғады сөзін кәсіпкер. 

Енді ол басқа заңгерлер жалдап, мүлкі үшін соңына дейін күресем деген ниетте. 

«Мен мұны әділетсіздік деп санаймын. Табан ақы маңдай термен тапқан ақшамды салған дүниені бере салу оңай емес. Қаншама жылғы еңбегіміз кетті», – деп шағымданып отыр Уәлихан Ерғалиев. 

Сұхбаттың толық нұсқасын төмендегі сілтеме арқылы көре аласыз.