Кеше Франция Президенті Эмманюэль Макрон Қазақстанға ресми са­пармен келді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Эм­манюэль Макронмен келіссөз жүргізді.
Еуропа Одағындағы маңызды әрі сенімді серіктес
672
оқылды

Келіссөз алдында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмманюэль Макрон бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы мемлекеттер басшыларына рапорт беріп, екі елдің ән­ұран­дары шырқалды. Содан кейін прези­денттер шағын құрамда келіссөз жүргізу үшін Шығыс залына барды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Эмманюэль Макронға ілтипат білдіріп, жылы қарсы алды. 

– Президент мырза, біз үшін бүгін үл­кен оқиға. Сіздің сапарыңызды бәріміз құптаймыз. Менің шақыруымды қабыл алып, Қазақстанға ресми сапармен кел­геніңіз үшін алғыс айтамын. Қазақстан мен Франция арасындағы ынтымақтастық жақсы дамып келе жатыр. Дегенмен екі­жақты қарым-қатынасқа тың серпін беру керек. Сондықтан сіздің сапарыңызды тарихи, өте маңызды деп айтуға болады. Бүгінгі келіссөздер нәтижелі болатынына сенімдімін. Оған ешқандай күмәнім жоқ, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Франция Қа­зақстанның Еуропа Одағындағы басты және сенімді серіктесі, сондай-ақ ел эко­номикасының ірі инвесторының бірі екенін атап өтті.

Қазақстан мен Франция арасындағы байланыстарға жоғары баға берген Эм­манюэль Макрон Қазақстан Президентіне ресми сапармен келуге шақырғаны үшін алғыс айтты. 

– Президент мырза, Астанаға келіп, Сізбен жүздесіп отырғаныма қуаныш­тымын. Осы сапарды ұйымдастыр­ға­ныңыз­ға ризашылығымды білдіремін. Бұл сапар біздің екіжақты серіктестігіміз үшін маңыз­ды жылмен тұспа-тұс келіп отыр. Бүгін біз өзекті халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасып, БҰҰ Жарғысын, со­ның ішінде аумақтық тұтастық, ұлттық тәуел­сіз­дік қағидаттарын сақтауға бейілді екенімізді тағы да нақтылай аламыз. Соны­мен қатар екіжақты ынтымақтастық мәсе­лелерін талқылаймыз. Біз экономи­калық тұрғыдан серіктес елдерміз. Сондай-ақ Қа­зақстан мен Франция арасындағы эко­номикалық-стратегиялық әріптестігімізді одан әрі дамыта түсетін маңызды келісім­дерге қол қоямыз. Сізбен жүздесіп, ортақ күн тәртібін талқылау мүмкіндігі туғаны үшін қуаныш­тымын, – деді Франция Президенті.

ТАУАР АЙНАЛЫМЫ 30%-ға ӨСІП, 4 МЛРД ДОЛЛАРҒА ЖЕТТІ

Мемлекеттер басшылары қазақ-француз стратегиялық серіктестігінің қа­зіргі жай-күйі мен даму перспек­тиваларын талқылады. Саяси диалогті нығайтуға, сауда-эконо­ми­ка­лық, инвестициялық, энерге­тикалық, көлік-логистикалық және мәдени-гу­манитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аударылды.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмманюэль Макрон халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәсе­лелер жөнінде пікір алмасты.

Екіжақты кездесуден кейін мемлекеттер басшылары келіссөздерді екі ел делегация­ларының қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғастырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмманюэль Макрон екі мемлекеттің ресми делега­цияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.

Мемлекет басшысы Франция Прези­дентінің Астанаға алғашқы сапары екі­жақты қарым-қатынасты дамытуға тың серпін беретінін және көпжақты ынтымақ­тастықты мүлде жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік жасайтынын атап өтті. 

– Франция – Қазақстанның Еуропа Одағындағы маңызды әрі сенімді серіктесі. Былтыр өзара тауар айналымы 30 пайызға өсіп, 4 миллиард долларға жетті. Биылғы сегіз айда екіжақты сауда-саттық көлемі өткен жылмен салыстырғанда 21 пайызға артты, яғни 2,7 миллиард долларды құ­рады, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, Фран­ция бұған дейін ел экономикасына ша­мамен 18,7 миллиард долларға жуық ин­вес­тиция салған. Энергетика, құрылыс, аэро­ғарыш, фармацевтика, тау-кен және химия өнеркәсібі, машина жасау салала­рында бірлескен жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Эмманюэль Макронның өзара тиімді қарым-қатынастарды дамытуға қосқан жеке үлесін ерекше атап өтіп, екі ел халық­тарының игілігі жолындағы ынтымақтас­тықты одан әрі нығайтуға Қазақстанның дайын екенін жеткізді.

Келіссөз барысында тараптар жасыл энер­гетика, логистика, транзит, ауыл ша­руа­шылығы, денсаулық сақтау, цифр­лан­дыру және білім беру салаларындағы ал­да­ғы ықпалдастықтың басым бағыт­тарын айқындады.

Мемлекет басшысы мәдени байла­ныс­­тарды дамытуға ерекше назар ауда­рып, француз мәдениеті мен тілін Қа­зақ­станда ілгерілету қажет екенін айтты.

Өз кезегінде Эмманюэль Макрон екі ел арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы келісімнің қабылданғанына 15 жыл толғанын атап өтіп, Францияның өзара мүддені көздейтін түрлі саладағы екіжақты байланыстарды одан әрі нығайтуға ниетті екенін растады.

– Екіжақты экономикалық қарым-қатынастар, соның ішінде ауыл шаруа­шылығы, энергетика, жаңартылатын энергетика салаларындағы байланыстар алдағы уақытта тың серпінмен дамиды деп ойлаймын. Біз бұрынғы жобаларға да, жаңа бастамаларға да инвестиция салуды қолдаймыз. Бүгін өте өзекті мәселелерді талқыладық. Бұдан бөлек, мәдени-гума­ни­тарлық ынтымақтас­тығымыз да қар­қын­ды дамып келеді. Білім-ғылым сала­ларында нақты келісім бар. 2024 жылдың қыркүйек айынан бастап Қазақ-француз университеті өз жұмысын бастайды, – деді Франция Президенті.

Сонымен қатар екі ел басшылары өңір­лік және жаһандық күн тәртібіндегі негізгі мәселелерге қатысты тұрақты қарым-қа­ты­настың маңыздылығына назар аударып, халықаралық ұйымдар аясындағы диалогті тереңдету қажет екенін атап өтті.

БАҚ ӨКІЛДЕРІ ҮШІН БРИФИНГ ӨТКІЗДІ

Екіжақты келіссөздерден кейін Мем­ле­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франция Президенті Эмманюэль Макрон бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасады.

Президент, ең алдымен, шақыруын қабыл алып, Қазақстанға ресми сапа­рмен келгені үшін Эмманюэль Макронға алғыс айтты. Сондай-ақ Францияны Қазақстан­ның Еуропадағы өте маңызды әрі сенімді серіктесі ретінде атап өтті.

– Биыл екі ел арасындағы Стратегия­лық әріптестік туралы келісімге қол қойылғанына 15 жыл толды. Достық пен өзара қолдауға негізделген осы ынты­мақ­­тастықты одан әрі нығайту – ортақ мінде­тіміз. Біз бірге күш жұмылдырып, көздеген мақсатқа жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін. Сондықтан бүгінгі сапардың мән-маңызы айрықша, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Президент Эмма­н­юэль Макронмен мазмұнды келіс­сөз жүргізіп, екіжақты байланысты нығайту жөнінде нақты келісімдерге қол жеткіз­геніне назар аударды.

– Франция – Қазақстанның ең ірі сауда серіктесінің бірі. Биылғы сегіз ай ішінде сауда-саттық көлемі өткен жылмен салыстырғанда 21 пайызға өсті. Яғни, 2,7 миллиард долларға жетті. Сон­дай-ақ Франция негізгі шетелдік инвес­тор­ларымыздың қатарына кіреді. Соңғы 15 жылда Франциядан Қазақстанға 18,7 миллиард долларға жуық инвестиция тартылды. Бүгінде біз энергетика, атом өнеркәсібі, тау-кен, химия, машина жасау, құрылыс заттарын өндіру, аэро­ғарыш және фармацевтика салаларында маңызды жобаларды жүзеге асырып келеміз. Еліміз­де Alstom, Total Energies, Orano, Vicat сияқты 170-тен астам француз компания­сының табысты жұ­мыс істеуі – соның айқын дәлелі, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, келіссөздер барысында сауда, экономика және инвестиция салаларындағы ық­пал­­дас­тық­тың ауқымын кеңейтуге баса мән беріліп, шикізат, ауыл шаруа­шылы­ғы, кө­лік, логистика, жеңіл өнеркәсіп, денсау­лық сақтау, инновация, қаржы және басқа да секторларда тың жоба­ларды қолға алу маңызды екені атап өтілген.

– Бұл, әсіресе қазіргі күрделі гео­саяси және геоэкономикалық ахуал кезінде аса өзекті. Осы ретте Стратегия­лық минерал­дар саласындағы ынтымақ­тастық ниеті туралы декларацияға қол қойылды. Сон­дай-ақ Boehringer Ingelheim, Total Energies, Alstom компания­ларымен келісімдерге қол жеткіздік. Оған жаңа ғана өздеріңіз куә болдыңыз­дар. Бұл келісімдер екі ел үшін де пай­далы болмақ. Жоспарланған шараларды тиімді іске асыру мақсатында бірлескен инвестициялық жобаларды министр­ліктер деңгейінде ілгерілету керек. Ол үшін арнаулы жұмыс тобын құруды ұсындым, – деді Президент.

Сонымен қатар екіжақты келіссөздер барысында «жасыл» экономикаға көшуге және климаттың өзгеруіне қатысты мәселелерге назар аударылған. Қасым-Жомарт Тоқаев Эмманюэль Макронға екі елдің мүддесіне сай келетін бірқатар нақты ұсыныс айт­қанын, еліміз Францияның One Planet Summit бастамасы аясында бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін нақты­лағанын мәлімдеді.

Бұған қоса, президенттер мәдени-гу­манитарлық саладағы ынтымақтас­тық­тың маңызды екенін ескеріп, білім және ғы­лым бағыттарындағы жобаларды жүзеге асыру жөніндегі уағдаластыққа қол жеткіз­ген. Мемлекет басшысы фран­цуз мектеп­терін ашуға, француз тілін үйретуге, ака­демиялық байланысты арттыруға бағыт­тал­ған бірқатар келі­сімге қол қойылғанын айтты.

Екі ел басшылары аймақтық және жа­һандық күн тәртібіндегі өзекті мәсе­ле­лер жөнінде пікір алмасып, әлемдегі түрлі саяси шиеленістер мен түйткілдер бейбіт және дипломатиялық жолмен шешілуге тиіс деген байламға келген.

Өз кезегінде Франция Президенті Эмманюэль Макрон Қазақстанға сапар­мен келуге шақырғаны үшін Прези­дентке алғыс айтып, екі елдің ынтымақ­тастығын одан әрі кеңейту қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ Қазақстан мен Францияның ұстанымдары көптеген мәселелерде сәйкес келетініне назар аударды.

– Сіздің еліңіздің рөлі мен гео­графия­лық орналасуы, сондай-ақ оның аумағы­ның үлкендігі біз үшін өте маңыз­ды. Сон­дықтан бүгін экономикалық ынтымақ­тастығымыз жан-жақты тал­қы­ланды. Бү­гін қол қойылған құжаттар – осының айғағы. Президент мырза, Сіз Қазақстанда жұмыс істеп жатқан фран­цуз кәсіп­орын­дарының маңызына арнайы тоқталдыңыз. Француз ком­паниялары сауда және энер­гетика салаларында ұзақмерзімді серік­тестік орнатты. Компанияларымыздың басқа да салаларда бірлесе жұмыс істегенін қалаймыз. Ынтымақтастықтың негізгі бағыттары белгілі. Олар – энергетика және аэроғарыш өнеркәсібі салалары, – деді Эмманюэль Макрон.

Сонымен қатар Франция Президенті Қазақстанның әлемдегі азық-түлік қауіп­сіздігін қамтамасыз ету ісінде маңызды рөл атқаратынына тоқталды.

– Компанияларымыз бұл іске оң сеп­тігін тигізе алатынына сенімдімін. Біз нарықты нығайтуға үлес қоса ала­мыз. Бұл ретте аусылға қарсы вакцина өндірісі жо­басын жүзеге асыру туралы маңызды ке­лісімге қол қойылды. Сон­дай-ақ денсау­лық сақтау саласында орна­тылған серік­тестіктің келешегі зор. Президент мырза, Сіз халықтарымыз арасындағы байланыс­тардың маңызды екенін айттыңыз. Біз білім беру бағы­тын­дағы ынтымақтастыққа қатысты бірқатар келісімдерге қол қойдық, – деді Франция Президенті.

Сондай-ақ келіссөздер нәтижесінде Қазақстан мен Франция басшылары бірлескен мәлімдеме жасады және екі елдің ресми делегация мүшелері бір­қатар құжаттарға қол қойды.

ПРЕЗИДЕНТТЕР ҚАЗАҚ-ФРАНЦУЗ БИЗНЕС ФОРУМЫНА ҚАТЫСТЫ 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франция Президенті Эмман­юэль Макрон қазақ-француз бизнес-форумының ашылуына қатысты. 

– Франция – біздің экономикамызға 19 миллиард долларға жуық қаржы құй­ған ең ірі халықаралық инвесторлардың бірі. Биыл алғашқы алты айда француз серік­тестеріміздің Қазақстанға салған тікелей инвестициясы 50 пайызға артты. Бұл – таңғаларлық өсім әрі елімізге деген жо­ғары сенімнің белгісі, – деді Президент. 

Мемлекет басшысы бүгінде елімізде екі жүзге жуық француз компаниясы жұ­мыс істейтінін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев­тың пікірінше, мұнай және газ қорын геологиялық барлау, уран экс­порты, жел, күн және гидроэнергетика салаларын­да ірі жобаларды жүзеге асы­руға мүмкіндік мол.

– Қазақстан уран өндірісі бойынша әлемде бірінші орында және Еуропа тұтынатын ядролық отынның төрттен бір бөлігінен астамын қамтамасыз етіп отыр. Ауаға таралатын көміртегі шы­ғарын­дыларын келешекте нөл деңгейіне жеткізу мақсатындағы мүддеміз сәйкес келеді. Франция сияқты, Қазақстан да өз аймағында бұл сала бойынша көш­басшы саналады. Жалпы қуаты 1ГВт болатын жел станcасы паркін салу мақсатында француздық Total Energies компаниясының 1,3 миллиард доллар көлемінде инвестиция құюға ниет білдіруі – соның айқын дәлелі, – деді Қазақстан Президенті.

Көлік-логистика саласы ықпалдас­тықтың тағы бір өзекті бағыты ретінде аталды. Президент еліміздің Транс­каспий халықаралық көлік бағытын немесе «Орта дәлізді» дамытуға барынша күш салып отырғанына назар аударды. 

– Бұл – Еуропа мен Азия арасындағы сенімді жеткізу тізбегін қамтамасыз ететін ең қысқа әрі анағұрлым өміршең бағдар. Енді бұл бағыттағы іс-әре­кетімізді Тран­сеуропалық көлік желісі­мен және Еуропа Одағының «Жаһандық қақпа» бастама­сымен ұштастыру маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиында сөз алған Франция Пре­зиденті Эмманюэль Макрон Қазақ­станның 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі мақсатын жоғары бағалады. Франция басшысы азық-түлік қауіпсіздігін қам­тама­сыз ету үшін ауыл шаруашылығы са­­ласындағы ынтымақтас­тық­тың перспек­­тивасы зор екенін атап өтті. Эмманюэль Макрон сөзін қорытын­дылай келе, өзара мүддені көздейтін көп­теген саладағы ықпалдастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін растағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы қазақ-француз бизнес форумы аясында Фран­ция­ның бизнес құрылымдарының басшы­ларымен кездесті. Lactalis Group компа­ния­сының бас директоры Эмма­нюэль Беньемен әңгімелесу барысында Мемлекет басшысы аталған кәсіпорын Қазақстан нарығына 20 жыл бұрын келген алғашқы француз компания­ларының бірі екенін атап өтті. 

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуын­ша, азық-түлік қауіпсіздігінің жаһандық сын-қатерлеріне байланысты агро­өнеркәсіп және азық-түлік өнімдерін өндіру сала­ларын­дағы ынтымақтас­тықтың мән-маңы­зы артып келеді. Осыған орай Қазақстан ауыл шаруа­шылығы өнімдерін терең өңдеу ісіне инвестиция тартуды ынталандырады. Эмманюэль Бенье қабылдағаны үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, Lactalis Group компания­сының ынты­мақ­тастықты нығайту және Қазақстанда жаңа өндіріс орындарын ашу жоспары­мен бөлісті. Содан кейін Мемлекет басшысы Boehringer Ingelheim France компаниясының президенті Крис­тиан Вайзенді қабылдады. Кездесу бары­сында Қасым-Жомарт Тоқаев отандық QazBioPharm холдингі мен Францияның Boehringer Ingelheim компаниясы арасын­да технологияларды беру туралы қол жет­кізілген келісімнің маңызды­лығын атап өтті. Сонымен қатар Прези­дент Semmaris компаниясының бас директоры Стефан Лаянимен кездесті. Стефан Лаяни Қасым-Жомарт Тоқаевқа Алматы облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін ірі хаб құру жөніндегі бірлескен жобаның іске асырылуына қатысты мәлімет берді. Нысан 2025 жылы пайдалануға беріледі деп жоспар­ланып отыр. Қазіргі уақытта Қазақстан инвестициясының жалпы кө­лемі 150 миллион долларды құрайды. Ком­пания өз тарапынан жобаны жүзеге асырудың бастапқы кезеңінде технология­лар мен Францияның озық тәжірибесін транс­ферт жасайды.

Мемлекет басшысы Франция Пре­зиденті Эмманюэль Макронмен бірге «Этноауыл» ұлттық көрмесін аралады.

Франция Президенті Эмманюэль Макронның Қазақстанға ресми сапа­ры­на орай халқымыздың бай мәдени мұра­сымен таныстыратын арнайы «Этно­ауыл» көрмесі ұйымдастырылды.

Мемлекеттер басшылары бастаған делегацияны көрме алаңында Жас көрермендер театрының әртістері мен «Қорқыт» этно-фольклорлық ансамблі ән шашумен қарсы алды.

Франциядан келген жоғары мәрте­белі меймандар жеміс-жидекпен безен­дірілген «Көк базарды», қолөнер бұйым­дарын және қазақ суретшілерінің кар­ти­наларын, сондай-ақ отандық дизай­нерлер әзірлеген ұлттық сән үлгілерінің дефилесін тамашалады.

Сонымен қатар шетелдік қонақтарға Ұлттық музей қорындағы экспонат­тар­дан («Алтын адам», «Берел жылқысы», «Сармат көсемі», «Қыпшақ жауынгері» т.б) жасақталған «Ұлы дала алтыны» экспозициясы, Ықылас Дүкенұлы атын­дағы мұражайдағы ұлттық музыкалық аспаптар таныстырылды.

Этноауыл аумағында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмманюэль Макронға ба­луан­дарымыз қазақ күресінің әдіс-тә­сілдерін, жас жеткіншектер асық ойы­нын, ал саятшылар мен құсбегілер тазы иттері мен қыран құстарын көрсетіп, халқымыздың аңшылық дәстүрі туралы әңгімелеп берді.