Қарашаның 3-ші жұлды­зында Астанада түгел тәуел­сіз түркі мемлекеттерінің бас­­шылары бас қосады. Сөй­тіп, Түркі мем­лекеттері ұйы­мы басшыларының ме­рей­тойлық саммитін ұйым­дас­тыру Қазақстанның ен­шісіне жазылыпты.
«Түркі дәуірі» басталып келеді
2,016
оқылды

Саммит «Түркі дәуірі» дейтін ұранмен өтеді. Айбынды, бауырлас ха­лық­тардың болашаққа де­ген се­німін нығайтуға септе­сетін, әдемі һәм әуезді ұран. Бәлкім мұндай ұранмен түркі баласы­ның бас қоспағанына ғасыр­лар өткен шығар... 

Әу баста «Түркітілдес мемле­кеттердің ынтымақтастық кеңесі» деп аталған, кейін «Түркі мемле­кет­тері ұйымы» болып өзгерген құры­лымға мүше елдер басшыла­ры­ның алғашқы саммиті 2011 жы­лы Алматыда өткен-ді. Биыл туыс елдердің басшылары бауыр­ластықты айшықтайтын атауы бар саммитте оныншы рет бас қосады. Рас, «арада өткен 12 жыл­да қалай 10 рет саммит өтті, жыл сайын ұйым­дастырылмай ма?» дейтін заң­ды сұрақтың туындауы хақ. Жай-жапсарын айтсақ, 2016 және 2017 жылдары бұл ұйымның сам­миті ұйымдастырылмады. Ал соң­ғы алты жылда кезектісі бар, онлайн және төтенше жағдайға қа­тысты басқосу бар, әйтеуір бұл ұйым басшылары үздіксіз жина­лып, кеңес құрып келеді. «Кеңес» демекші, өзгенің қабағына қара­ған­дай болған «Түркі тілдес мем­ле­кеттердің ынтымақтастық ке­ңесі» дейтін атауды 2021 жылы Ыс­­­тан­бұлда өткен саммитте бауыр­­­­­­лас елдер басшылары «Түр­кі мем­­лекеттері ұйымы» деп өз­гер­туге келісті. Сөйтіп, «түркі тіл­­­дес мем­лекеттер» дейтін қи­сын­­­сыз атау­дан, «кеңес» дейтін шарт­­ты ұғым­нан құтылдық. Құ­ры­лым ұйым­ға айналды. Алға нақ­­ты жос­пар­лар қойды. Түр­кі­лер сол жос­пар бойынша алға жыл­жуға бекін­ген жайы бар.

Ал Астанада өтетін саммитте әріптес­терін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қонақ қылады. Жиынға ұйымға мүше Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан президенттері, Түркі мемлекеттері ұйымы жұмысына ба­­­қылаушы ретінде қатысып жүрген елдердің мемлекет және үкімет басшылары, ұйым­­­ның бас хатшысы қатысады. Саммитте мем­­­ле­­кет басшылары бірқатар маңызды мәсе­лелер жайлы шешім қабылдамақ. Кейбір ақпараттарға қарағанда экономика, сауда, көлік және кеден салаларындағы жоба­ларды пысықтауға қатысты құжаттарға қол қойылуы мүмкін екен. Ұйымға мүше мем­лекеттер мен бақылаушы елдер жетек-шілері көпжақты ынтымақтастықты да қа-рас­ты­рып, аймақтық және жаһандық мәсе-ле­лер жайлы да ұстанымын білдіруі ық­­­­­­­­тимал. Әрі ұйым төрағалығы Өзбек-станнан Қазақ­станға тапсырылады. Жиын соңында Аста­на актісі мен Астана саммиті декларация­сына қол қойылады. Бұл құжат-тардың мазмұны саммит өткен соң белгілі болады.

Алмасаң, бермесең...

Негізі, түркі интеграциясы жайлы сөз қоз­ғағанда өзара байланыстар әдетте мә­дени-гуманитарлық сипатта өрбіп жат­қандай көрінетін. Түркі мемлекеттері ұйы­мы «кеңес» болып тұрған кезде қабылданған біршама шешімдердің толық нәтиже бермегені рас. Әдетте, басқосулар өзара ілти­пат білдіру мен ой бөлісу сипатында өтетін. Кейінгі жылдары ұйым аясындағы байланыстар нығая түскендей көрінеді. Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдермен өзара тауар айналымы да арта түсті. Дәлірек айтқанда, 2010–2022 жыл­­­дар аралығында еліміздің ұйымға мүше елдермен арадағы тауар айналымы 3 есе өсті. Сөйтіп, 4,5 млрд долларлық көлемнен 12,9 млрд долларға жетті. 2023 жыл­дың есебі әлі белгісіз екенін ес­кер­сек, бұл көрсеткіш биыл да өсуі мүм­­­­кін. Мемле­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­­­­тың бауырлас елдер басшыларымен әр кездесуі, өзара мемлекеттік және ресми сапарлардың нәтижелері де біз сөз еткен көрсеткішке өзгеріс енгізері анық. Ресми статистикадан бөлек, Қазақстан Үкіметінің Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер­мен өзара тауар айналымын 23 млрд доллар­ға жеткізу жоспары тағы бар. Білетіндер қазіргі үрдіс сақталса, бұл мақсатқа 4-5 жыл­­­да жету мүмкіндігі бар деп санайды. Өйт­­кені 2017 жылдан бері Түркі мемле­кеттері ұйымына мүше елдермен өзара сауда-саттық көлемі жылына шамамен 30-31 пайызға өсіп отырған. 

Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйы­мына мүше елдермен арадағы 12,9 млрд долларлық тауар айналымының 74%-ы экспорттың үлесінде. Яғни, Қазақстан 9,6 млрд доллардың тауарын бауырлас ел­­дерге сатады. Дегенмен бұл өнімдер ши­­кі­­­­зат екенін мойындау керек. Айталық, Қа­зақ­стан Түркияға мұнай, көмір, газ, мыс, мы­рыш, алюминий, қорғасын тәрізді өнім са­тады. Аз мөлшерде болса да металл өнім­­­дерін, күн­бағыс майын, өңделген ас­тық жармасын сатамыз. Ал Өзбекстанға сататын өнім біршама өзгерген. Ресми Астана Таш-кентке азық-түлік тауарларын, күнба­­ғыс майын, маргарин, тіпті компьютер, теле­­­­­дидар, көлік сатады екен. Дегенмен Өз­бекстанға экс­порттың құрамында өңдел­меген шикізаттың үлесі шамамен 50%-дан асады. 

Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің ішінде көбіне Түркия мен Өзбекстаннан түрлі тауарларды көбірек импорттайды. Айталық, Түркиядан сатып алатын өнімдердің жалпы құны былтыр 1,6 млрд доллар болса, Өзбекстаннан 1,3 млрд доллардың затын импорттадық. Қырғыз­­­­стан мен Әзербайжаннан алатын өнім­дердің үлесі көп емес. Сәйкесінше, 384 және 87 млн доллардың өнімі. Дегенмен Қазақстан мен Әзербайжанның алға қойған мақсаты біршама жоғары. Алдағы жылдарда өзара тауар айналымын 1 млрд долларға жеткізу көзделген. 2023 жылдың алғашқы бес айында екі елдің арасындағы тауар айна­­­лымы былтырғымен салыстырғанда 50%-ға өсіп, 243,6 млн доллар болды. Ал Қырғызстанмен арадағы тауар айналымы биылғы 7 айда былтырғыға қарағанда 13%-ға өсіп, 757 млн долларға жетті. Меже – 2 млрд доллар. Біздің пайымдауымызша, мұндай жағдайда Қазақстанның көрші елдерге экспорты арта түседі. Импорттың үлесі де өсетіні сөзсіз. 

Айтпақшы, Түркі мемлекеттері ұйымы­на мүше елдер қазір Қазақстанның өзгелер­мен сауда-саттығында жыл өткен сайын алға шығып келеді. Қазір ТМҰ-ның үлесі Қазақстан сауда-эко­номикалық қатынас­тарының оннан бірін құрайды. Түркия мен Өзбекстан еліміздің сыртқы саудасында Ресей, Қытай және Ита­лиядан кейінгі, төртінші, бесінші орын­дарға шықты. Егер ұйымға мүше елдердің өзара тауар айна­­­лымы қазіргідей қарқын­мен жылына 30-31%-ға өсіп отырса, меже­ле­­­ген 23 млрд долларлық сауда-саттық кө­леміне жету көп күттірмейтін сияқты. Ал мұн­дай «секіріс» ТМҰ ресми құрылғаннан кейінгі алғашқы онжылдықта болмаған еді. 

Айтылды ма, орындалғаны жақсы

Әдетте ТМҰ-ны бауырлас елдерді ортақ мүддеге біріктіретін ұйым деп бағалай­­тынымыз рас. Кей азамат бұл құрылымның әскери одаққа айналғанын да тілейді. Қайтсін енді, төңірек тыныш болмай тұр. «Азатпыз» дейтін кез келген мемлекетке төнетін түрлі қатер бар екеніне куәміз. Бұ­­­рын терроризм мен экстремизмді ғана бас­­­ты қауіп санайтын едік, қазір сын-те­­геу­­рін­­­­нің сипаты өзгеріп тұр. Содан ғой, аға­йын жұрт бір-біріне арқа сүйегенді құп көреміз. Алайда интеграция, өзара ынты­­мақтастық пен серіктестік айта салғанға ғана оңай. Алға қойған мақсат-мүддесі, ұстанымы бөлек мемлекеттерді ортақ іске жұ­мылдыру үшін дипломаттардың қа­­жыр­лы еңбегі керек. Кейде ұсақ-түйек болып кө­­­рі­нетін мәселелердің де маңызы артып тұра­ды. Айталық, биылғы ақпанда Түркияда ала­пат зілзала болды. Бауырлардың басына іс түс­кенде түркі жұрты қарап қалмады. Қазақ­­­­стан құтқарушылар жіберіп, халық киіз үй, киім-кешек дегендей қолындағы­­­сын берді. Өзге түркі мемлекеттері де Ана­­­долы жұрты­на шама-шарқынша көмектесті. Алай­да табиғи апаттар кезінде өзара көмекті жү­йелі ұйымдастыратын құрылым ТМҰ аясын­­­да жоқ еді. Сол себепті Қазақстан Пре­­­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаев ТМҰ-ның Анкарада өткен кезектен тыс сам­­­митінде:

– Біз табиғи апаттың алдын алу үшін күш жұмылдыруымыз керек. Түркиядағы зіл­зала қауіп-қатерге қашанда дайын болу қажеттігін көрсетті. Сондықтан ұйым ая­­­­­сында Төтенше жағдайлар мекемелерінің бірлескен күшін жасақтауды ұсынамын. Оны Алматыдағы Төтенше жағдайлар және алапат жер сілкіністерінің қауіп-қатерін азайту жөніндегі орталықтың негізінде ашу­ға болады. Бұл орталықты 2016 жылы Қазақстан және Қырғызстан үкіметтері құр­ған. Бірлескен күшке Ұйымның Азамат­­тық қорғаныс хатшылығы мәртебесін берген жөн деп санаймын. Ол апаттан зар­дап шеккен елдерге көмек көрсету жұ­мыс­­­тарын үйлестіретін болады. Осы құрылым аясында халықаралық іс-шаралар ұйымдас­тырылады. Атап айтқанда, құтқарушы­­­­­­лардың біліктілігін арттыру және оқу-жаттығу курстары өткізіледі, – деді. Жиын соңында «Түркі мемлекеттері ұйымының Азаматтық қорғау механизмін құру туралы шешім» қабылданған еді. Ал Қазақстан Үкіметі «Ашық НҚА» порталында қазан­­­ның басында осы құжатқа қол қою жайлы қаулы жобасын талқылауға шығарды. Алдағы уақытта бұл мәселеге қатысты тиісті қаулы немесе жарлық шығуы да мүмкін. Сол сияқты 2022 жылдың қарашасында Самарқандта өткен саммитте Түркі инвес­­­тициялық қорын құру жөнінде келісім жасалған еді. 2023 жылдың 15 наурызында Президенттің «Түркі инвестициялық қорын құру туралы келісімге қол қою туралы» №143 Жарлығы шыққан. Ал «Түркі инвес-ти­циялық қорын құру туралы» келісімді қыр­күйекте Мәжіліс, қазанның басында Сенат ратификациялады. Осынау мысал­­дардың өзі түркі интеграциясын жедел­­детуге Қазақ­стан барынша ден қойып отырғанын байқатады. Сөйтіп, Қазақстан билігі өзінің бастамасымен қабылданған «Түркі әлемінің келешегі – 2040» құжатын жүзеге асырудың нақты тетіктерін іске қосып жатыр. 

Бір сөзбен айтқанда, ресми Астана ТМҰ аясындағы интеграциясының жан-жақты болғанын қалайды. Көлік-логис­тика, жаңа нарық, білім мен ғылым, ақ­па­­­раттық тех­нологиялар, төтенше жағ­­­­­­­­­дайлар­­­­­да әрекет ету, халықаралық ұйымдарда ортақ мүддені білдіру, жасыл экономика, жастар саясаты тәрізді көп­­теген мәсе­­­­ле­лердің қамтылға­­­нын құп көреді. Әрі ұйым­ға мүше елдердің мүд­­­де­сіне қайшы әре­кетке барған емес. Кері­­­сінше, бауыр­ларға мысқалдай болса да пай­­­дасы тиетін жолды таңдағанға ұқсайды. 

– Қазіргі алмағайып кезеңде көлік-транзит коммуникациясының әлеуетін арттыру және оның мүмкіндігін барынша пайдалану аса маңызды. Себебі біздің мемлекеттеріміз Батыс пен Шығысты, Солтүстік пен Оңтүстікті тікелей байланыс­­тырады. Бауырлас үш ел (Қазақстан, Әзер­байжан, Түркия) арқылы өтетін Транс­каспий халықаралық көлік дәлізі – соның жарқын мысалы. Сондықтан біз көлік-ло­гистика саласына ерекше мән береміз. Соң­ғы 15 жылда Қазақстан осы саланы дамы­­туға 35 миллиард доллар қаржы бөлді. Біз көлік бағдарын көбейтуге және логис­ти­каны өзара ықпалдастыруға мүдделіміз, – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Са­мар­қандта өткен саммитте. Әрі Қазақ­станның сыртқы сауда-экономи­калық сая­сатында бұл бағыт ерекше на­зарда. Яғни, біз ТМҰ интеграциясын бірде жария түрде, енді бірде жанама түрде терең­детіп келеміз. Ұйымның құрылу мақсатына қайшы түс­пейтін кез келген бастама бұл құры­лымды күшейтуге ықпал етеді деген сөз. 

Қай белесте тұрмыз?

Түркі интеграциясының қазіргі бағдары анықталып келе жатқанымен, бауырлас­тықтың қаншалықты деңгейде беки түс­кеніне баға беру қиын. Тіпті, интегра­ция­лық процестердің қай белесінде тұр­­­­­­­­­­­­­ға­­­­­­­­­­нымызға да баға беру оңай емес. Қазақстан ежелден бұл бағыттағы инте­­­­грацияда бі­реуге «аға», біреуге «іні» болуды қаламады. ТМҰ-ға мүше кез келген елдің тең құқылы болуы керек екенін жақтап келеді. Тіпті, халықаралық қауым­­­дастық мойындамаған құрылымдарды, көпшілік жақтамайтын идеологияны да ұйым жұ­мысына қатыс­тыруға жол бергісі кел­­мей­ді. Бір сөзбен айтқанда, ұйымның геосаяси ойындарға араласуын қаламайды. Бірақ ел ішінде ТМҰ-ның Еуропа одағы сияқты қуатты ұйымға айналғанын көргісі келе­тіндер де, әскери-саяси одаққа айнал­ғанын қалай­тындар да бар. Ұйым жұмысында белгілі бір идео­логия болғанын құп көре­тіндер де кездеседі. Дегенмен идеологиялық ұстын қалай болады, оған жауап беру қиын. Әзірге «түбіміз бір, туыспыз» дейтін ұғым басым. Ал мамандар түркі интеграциясының бола­шағына қатысты түрлі ой айтады. Өткен күндер мен шыққан белестерге бе­ріл­­­ген баға да әртүрлі. Күтеріміз де сан қилы. 

Нұрғали ЖҮСІПБАЙ, 

журналист (Қазақстан):

– Қазіргі кезге дейін түркі мем­лекеттері арасындағы ын­тымақ­тас­тықтың ең қуатты, басым бағыт­та­рының бірі мәдениет саласы еді. Бұл салаға басымдық берудің өз заң­ды­лығы да бар. Өйткені түркі мемле­кеттері мен халықтарының шық­қан тегі, тарихы, тілі, ділі бір. Сон­дықтан мәдениет саласы ин­­­тегра­­­­цияның не­гізгі бағыты болып қа­лады. Өз басым ТүркСой, Түркі мә­дениеті мен мұрасы қоры секілді ұйым­дардың шеңберінде бұл ба­ғыттағы жұ­мыс жүр­­гізіле береді деп ойлаймын. Ал қа­зір­гі халықаралық гео­саяси аухалды ескеретін болсақ, осы саммиттен ке­йін түркі мем­ле­­кеттері өзара даму ста­­­ртегиясында қа­уіп­­сіздіктің барлық са­ла­ларын ескеріп, тиісті бастамалар ұсынып, арнайы меха­­­низмдер қабыл­дайды деген ойдамын. Сон­дай-ақ түркі мем­лекеттері қаты­нас­­тарын бағам­дайтын саланың бірі – эконо­микалық ба­ғыт. Экономикалық бағытта иннова­циялық техноло­­гиялардың маңызы еске­­рілуі керек. Демек, бұдан кейінгі дәуірде электронды сауда, электронды жүйелерді дамыту бо­йынша тиісті шешімдер қабыл­данады және бұлар түркі мемлекеттердің интегра­ция­сына оң ықпал етеді деген үміттемін. Әрі өз басым саммиттен соны кү­темін. Мы­салы, элек­тронды сауда, ком­мерция, электрон­­ды банкинг салалары бойынша нақты қадамдар жасалса дейміз. Элек­­тронды сауда-саттық жүйесі түркі мем­лекеттері үшін аса маңызды стратегиялық сала болып саналатын логистиканың дамуына да оң ықпалын тигізеді. Әрі бұл – қажеттілік. Сондықтан құжаттар осы ра­курстан қа­былданатын болар деген пі­кірдемін. 

Айтпақшы, саммиттің Астанада және күрделі геоясаяси жағдай кезінде ұйымдастырылуы өте маңызды. Өйткені жаһанның түкпір-түкпірінде түрлі деңгейде шиеленістер бой көтере бастады. Ал түркі әлеміне тұрақтылық керек. Әрі ТМҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары ұйым аума­ғында тұрақтылықты сақтауға бар күш-жіге­рін салып келеді. Саяси, экономикалық тұрақтылық бұл ұйымның ең қуатты тұстарының бірі және солай болып қала беруі керек. 

Мақсат ЧАКИ,

саясаткер (Қырғызстан):

– Менің ойымша, қазіргі кезде Түркі мем­лекеттері мен халықтарының интеграциясы бастапқы кезеңде тұр. Біз әзірге алғашқы қадамдарымызды жасап жатырмыз. Сая­си, экономикалық, рухани-мәдени тұрғыда толық­­қан­ды интеграция жасалып жатыр деуге әзірге ертерек. Біз қа­­­зір өзара жақындасып келеміз. Түркі мемлекет­­терінің басым көпшілігі тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары Түркі мем­лекеттері ұйы­­­­мы, ТүркПА, ТүркСой, Түркі акаде­миясы тәрізді ұйымдар құрды. Түркі мем­­­­лекеттері ұйы­­мы саяси, ТүркПА парла­­­ментаралық бай­­ланыс, ТүркСой мә­дени-рухани, Түркі академиясы ғылым-білім бағытында жұ­мыс істеп, өзара жақындастырып келеді. Қыс­­­қасы, біз өз те­гі­мізді, ізімізді, тарихы­мызды іздеп, өткен күндердегі ұлылығы­мыз­­ды қалпына келтіруге талпынып жа­тырмыз. Бұл – тамаша жетістік. Бірақ менің ойым­­­­ша, толыққанды инте­грация екі негізгі аспектте жақындасқанда ғана жүзеге асады. Олар экономикалық және идеоло­­­­гиялық тұрғыда жанасудан басталады. Осы­нау екі аспектісіз интеграция, өзара ын­тымақтастық әрекеттер жайлы айту қиын. Өйткені экономика дегеннің өзі түркі ха­лықтарының күнделікті тұрмысы. Эконо­­микалық бай­­ланыстар, сауда-саттық тығыз болған сайын интеграция тереңдей түседі. Мұндайда инте­­­грация автоматты түрде жүзеге асады. Ал қазіргі таңда, қайталап айтамын, инте­гра­ция саяси деңгейде ғана жүріп жатыр. Алайда саяси интеграция өзара жақын­даса түсуде тым сенімді фактор емес. Меніңше, ең сенімді фактор экономи­калық бай­ла­­­ныстар болса керек. Біз өзара ешбір кедергісіз сауда-саттық жасап, елдеріміздің ара­­сындағы тауар айналымы миллиард­­таған доллардан асқанда халық өздері-ақ интеграция процесіне қатысады. Халық жақындаса түссе, мемлекет, үкімет онсыз да сол бағытты ұстайды. Ал интегра­­цияның екінші маңызды аспектісіне немесе табыс фак­торына келсек, ол – идеоло­гиялық жа­қындық. Түркі халықтары тегіміз бір, қан­дас, бір отбасы, бірегей қауым екені­мізді, түбіміз бен тегіміз бір, бір ата­ның балалары еке­німізді, мемле­кеттеріміз ұстанған саяси бағыты әртүрлі болғанымен, бәріміз бір бү­тін екенімізді толық түсінген кезімізде интеграция жылдам әрі тиімді сипатта жүзеге асады. Әзірге түркі мемле­кеттерінің әрқайсысында өз ұстанымы, өзінің векторы бар. Айталық, Түркия батысқа көп қарайлайды, Қырғызстанның бағыты басқа, Қазақ­­станның ұстанымы, Өзбекстанның көздегені бөлек дегендей. Түркіменстан жабық по­зицияда, бұйығы өмір кешіп жатыр. Демек, әзірге біз идео­логиялық тұрғыда өзара бауырлас­тығымызды толық сезінбей жатырмыз. Рас, бұл жайлы биік мінберлерде жиі айтылады, бірақ бұқараның деңгейінде көп сезіле қойған жоқ. Сондықтан түркі әле­­міндегі идео­логиялық векторды өзіміз қалыптас­тыруымыз керек. Бізге идеологиялық стратегия, бағдарламалар, ұрандар қажет. Тек содан соң ғана нағыз интеграция жүзеге асады. 

Аман МӘМБЕТӘЛІ, 

саясаттанушы (Қазақстан):

– Биылғы ТМҰ саммиті – ме­рейтойлық жиын. Алдағы саммит осы күнге дейін атқа­­­рылған қыр­уар еңбектің, табанды қызметтің жемісі деп білемін. Мұны бірінші баға деп қоялық. Екіншіден, бұл – интеграцияның табиғи, эво­­лю­ция­­­лық түрде жүзеге асып жат­­­қа­нының көрінісі. Өйткені бас­­­­­тапқыда түркі мемлекеттерінің даму бағыты, жо­­лы, деңгейі әртүрлі еді. Сон­дық­­тан инте­­­­­­грация процесі баяу дамуда. Яғни, қандай да бір құ­­жат­ты қабылдау, белгілі бір мәселеге қатысты ортақ шешімге келу қиын еді. Қоғамға ықпал ететіндей ортақ құжат қа­был­дай ал­мағанбыз. Өйт­кені Түркі мем­лекет­­терінің даму деңгейі әртүрлі бол­ды. Олар­дағы қо­ғамдық құбы­лыс­тарда да, таным­-түсінікте де айыр­машы­­лықтар болды. Бұл өз ке­зегінде интегра­­­ция­ның мә­­дени-рухани бағыттағы бастапқы қадамдарының тым сәтті бола қойма­ғанын көрсетті. Біз енді ғана, өте ұзақ уақыттан кейін ин­те­грацияда өзара түсіністікке қол жеткізген сияқтымыз. Мем­­ле­кет басшы­­­­лары, тиіс­ті маман­­дар интеграцияның нақты даму бағытын ай­қындаған сыңайлы. Әрі осынау бағыт көпдең­гейлі, көпсалалы сипатымен ерекше­ленеді. Осыдан біраз бұрын ғылы­ми, мәдени бағытта көп жұмыс жасалып, біршама ортақ ұста­ным пайда болса, түркі әлемінің эко­номикалық инте­­грациясы енді басталып келеді. Меніңше, бұл – үлкен жетістік. Бұйырса, жуық арада Түркі инвестициялық қо­ры өз жұмысын бастайды. Бұл дегеніңіз – Еуропа, Азия даму банктері немесе Халықаралық валю­­та қоры сияқты сипаты бар құры­­лым болады деген сөз. Тамаша бастама. Қазақстан Пар­ламенті бұл қорды құру туралы келісімді рати­фикациялады. Ме­нің білуім­ше, жарғылық капи­­талы 500 млн доллардан басталуға тиіс. Мұны түркі инте­­гра­­ция­сындағы жаңа қадам деп білемін. Алдағы саммит­те де өзара бай­ланысты күшейтетін кезекті ше­шім қабылданатын шығар. 

Амангелді ҚҰРМЕТ

© инфографика: Елдар Қаба