Түркістан облысында соңғы жылдары өңірдің әл-ауқатын, эко­номикасын көтеру мақ­­­са­­­тында көптеген жұмыс жүріп жа­тыр. Мәселен, кәсіпкерлерге қол­­­­­­дау көрсету, инвестиция көп­теп тарту айтарлықтай жоғары деңгейге жетіп отыр.
Жаңа жобалардың қарқыны қуантады
752
оқылды

Атап айтсақ, инвесторларға жұмысын жүргі­­­зуге мүмкіндік жасау, отандық өнім өндіру мен жергілікті тауар өндірушілерді қолдау шаралары мен өңдеу салаларының дамуы­на аса мән берілуде. Осы бағыт­та бүгінде облыста көптеген ірі жоба қолға алынған. Бұл туралы Премьер-Министрдің орын­­ба­сары Серік Жұманғариннің Түр­кістан облысына жұмыс са­пары барысында белгілі болды.

Түркістан облысына табан тіреген Үкімет басшысының орынбасары Се­рік Жұманғарин бастаған топ Сайрам және Ордабасы аудандарын аралап, өңірдің тыныс-тіршілігімен танысты. Сондай-ақ облыстағы бизнес қауым­дас­­­­тығымен кездесті. 

Аудандарды аралау кезінде Түр­­кістан облысының әкімі Дархан Са­тыбалды өңірде мал бордақылау, ет экспорты, жылыжай шаруашылы­ғындағы жобалар туралы айтып, кә­сіп­керлермен кездестірді.

Вице-премьер Сайрам ауданын­да­ғы Nurym Group ЖШС-де болып, кә­сіпорын жұмысымен танысты. 2018 жылы іске қосылған кәсіпорын 14 мың мал басына арналған. Мал бор­да­­­қылаумен және ет өңдеумен ай­на­­­­­­­лысады. Жоба қуаттылығы жы­лына – 5 мың тонна ет. Ет еліміздің өңір­­­­­­лерінен бөлек, Ресей мен Өзбек­­станға экспортталады. Цех «БЖК 2020» бағдарламасы аясында қар­­­­жылан­­­­дырылған. Мұнда 25 адам қы­з­мет етеді. Сонымен қатар Астанадан кел­­ген жауапты тұлғалар Сайрам ауданындағы заманауи «Қайып ата» мал сою бекетінің жұмысын көрді. Аталған бекеттен шетелдерге ет экс­портталуда.

Кәсіпкер Сырым Ертаев жаңа ет комбинатын, мал базарын салу және жем-шөп шығару жобасымен таныс­­­­­тырды. Сонымен бірге ірі қара мал­дың ішек-қарны мен сүйегін, қанын терең өңдеп, біразын Қытайға экс­порт­тау жоспарланып отырғанын жет­кізді. Жобаларына қолдау көр­сетуді сұрады. Премьер-Министр орынбасары мәселе назарға алына­­тынын айтты.

Премьер-Министрдің орынба­­сары мен облыс басшысы Ордабасы ауданы Бадам елдімекенінде орна­­ласқан «Бөрте Милка» сүт тауарлар фер­масында болды. Ферма сиыр сү­тін өндірумен және өңдеумен айналы­сады. Өндіріс орны тәулігіне 9 тонна сүт өндіреді. Бұдан бөлек, тәулігіне 50 тонна сүт өңдеп шығарады. Мұнда 100-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпорында Венгриядан арнайы әкелінген асылтұқымды ірі қара малдардың сүттері өңделеді. Зауыт­­­та Швеция және Италия мем­­лекеттерінен дүниежүзіне әйгілі ком­­панияларының құрал-жабдық­тары орнатылған. Сүт зауыты 2017 жылдың желтоқсан айында іске қосылды.

Сүт фермасының маңында Түр­­­кістан облысында сүт өңдеу саласына қатысты жобалар таныстырылды. Кә­сіпкерлер тарапынан өтініштер мен ұсыныстар берілді.

Вице-премьер Серік Жұманғарин мен облыс әкімі Дархан Сатыбалды Шұбар ауылдық округінде орналасқан көкөніс өндірумен айналысатын ЖК Тулебаев Мейрамбек жылыжай ке­шенінде болды. Жалпы, жер көлемі 10 гектар аумақта орналас­қан жы­лы­жайдың инвестициялық құны – 300 млн теңге. Жоба 2018 жылы іске қосылған. Мұнда 30 адам жұмыс іс­тейді. Жеке кәсіпкерлік жылына 500 тонна өнім өндіреді.

Жылыжай шаруашылығымен ай­налысатын азаматтармен кездескен бас­­шылар жұмысқа кедергі келтіретін факторларды бүкпесіз айту керектігін жеткізіп, жеке кәсіпкерлікке мемле­кет тарапынан тұрақты қолдау бола­ты­нын атап өтті. Шаруалар мен кә­сіп­керлердің өтініштерін тыңдады. Жылыжай шаруашылығына мемле­кеттік қолдаулар күшейтілгені, оның шарттары туралы да мағлұмат берілді. Бүгінде өңірде жылыжайларға қолдау күшейтіліп, көмір мәселесі реттелген. Бұл бағытта жұмыс жалғасады.

Аудандардың тыныс-тіршілігімен танысқан Серік Жұманғарин облыс әкімі Дархан Сатыбалдымен бірге Түркістан облысының бизнес қауым­дастығымен кездесті. Ашық диалог алаңын­да отандық өнім өндіру мен жергілікті тауар өндірушілерді қолдау шаралары мен өңдеу салаларының дамуы туралы мәселелер жан-жақты талқыланды. Өз кезегінде инвестор­лар жобаларын таныстырып, мемле­кет тарапынан көрсетілген қолдау­лар­мен таныстырды. 

Жиын барысында белгілі болған­­­дай, өңірге инвестиция тарту мақса­­­­тында ірі жобалар іске асырылуда. Премьер-Министрдің орынбаса­­рына Түркістан облысына қарасты Ке­лес ауданындағы ірі жылыжайдың жоба­сы жайлы баяндалды. Жоба аясында 42 млрд теңге көлеміндегі инвестиция салынып, күнбағыс өнді­рісін дамы­туға атсалыспақ. Жоба ая­сын­­да 51 гектардан астам жылыжай салы­нады. Аталмыш жылыжай құры­лысының алғашқы кезеңінде 1 мыңға жуық жергілікті тұрғын жұмыспен қам­­тылмақ.

Түркістан облысында еліміздегі ең ірі мұнай зауыты салынып жатыр. Келер жылы іске қосылатын Standart Рetroleum & Со компаниясы қуаты 2 млн тонна болатын мұнай өңдеу жобасын жүргізуде.

ҚР Премьер-Министрінің орын­басары Серік Жұманғарин өңір­дің бұл бағыттағы даму қарқынын жоғары бағалады. Жаңа жобалардың жүзеге асуына мемлекет тарапынан қолдау­дың қаралғанын атап өтті.

Түркістан облысында құны 722 млрд теңге болатын «Өгем өзе­­нінде су электр стансасының каска­­­­ды» салынуда. Аталған жоба іске ас­қан жағдайда облыстың оңтүстігіндегі тұрғындар түбегейлі ауызсуымен то­лық қамтамасыз етіледі. Облыста 136,6 млрд теңгенің химиялық кешені салынуда. Бұл кәсіпорында каустика­лық сода, кальций карбиді, цемент шығарылады. Жаңа зауытта 1 мың жұмыс орны құрылады. Сондай-ақ көмір-химия комбинаты іске қосыл­ғаны айтылды.

Кездесу барысында мақта өңдеу және ауыл шаруашылығы саласында жүзеге асатын бірқатар жобалар жай­лы айтылды. Тоқыма кластарын да­мы­­­туға барынша күш салынғаны жай­­­­­­­­­­­­­­­­­­лы мәлімделді. Инвестициялық жобаларды іске асыру үшін өңірдің индустриялық аймақтар және Тurkis­tan арнайы экономикалық аймағы сияқ­­­ты инвестициялық алаңдары бар, олар өз қатысушыларына түрлі салықтық жеңілдік пен преференция береді.

– Біздің мақсат – жаңа өндіріс орын­­дары мен кәсіпорындар ашу арқылы жұмыс орындарын көбейту. Отан­дық өнімді молайту, кіріс көле­­мін арттыру. Бюджетке ғана сенім арт­пай, жаңа жобаларды жүзеге асырған жөн. Бұл ретте инвести­­­ция­ның маңызы зор. Сондықтан біз ин­вес­торларға әрқашан ашықпыз және бірлесе жұмыс істеуге, қолдауға да­йын­­быз. Түркістан облысының рес­публиканың басқа өңірлерінен ерек­шелігі – күннің ыстық және жылы күндерінің ұзақ болуында, – деді Дархан Сатыбалды.

Өңір басшысы инвесторларға ин­фрақұрылым мәселелері бойынша барынша қолдау көрсететінін атап өтті. Бұл жобалар облыстың бюджет түсімдерін арттыруға септігін тигізеді деп күтіліп отыр. Өз кезегінде кәсіп өкілдері өзекті мәселелерінің қолдау тапқанына алғыстарын айтты.

Тельман БЕЙСЕН,

Түркістан облысы