Әлеуметтік саланың әлеуетін арттыруға барларын салып, бірде-бір жанның мемле­кет қамқорлығы мен қолдауынан тысқары қалмауы жолында еңбек ететін әлеуметтік сала қызметкерлерінің кәсіби мерекесі биыл да лайықты түрде атап өтілді.
Әлеуметтік саланың әлеуеті
970
оқылды

Қазір Жетісу облысының әлеуметтік қорғау жүйесінде 3 мыңға жуық адам еңбек етеді. Осы саладағылардың  кәсіби мерекелеріне орай оларға үлкен құрмет көрсетіліп, ел қамы үшін еңбек ететін жандардың мерейі тасыды.  Облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаев пен облыстық мәслихат төрағасы Гүлнар Тойлыбаева ең жауапты әрі нәзік саладағы көп жылғы жауапты жұ­мысы, мамандығына деген адалдығы мен жауап­ты­лығы үшін «Әлеуметтік еңбек саласының үздігі» төсбелгісімен, «Еңбек ардагері» медалімен,  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министр­лігінің және облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, алғысхатымен 30-ға жуық адамды марапаттады.

– Мейірім, жауапкершілік, жанашырлық, шыдамдылық, еңбекқорлық, бұл – сіздердің бойларыңыздағы ең ізгі қасиеттер. Осы орайда сіздердің қарттар мен мүгедектерге, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, жұмыссыз азамат­тарға көрсеткен көмектеріңізді ерекше атап өтуге болады. Сондықтан бүгінгі тамаша мүмкіндікті пайдалана отырып, баршаңызды кәсіби мерекемен құттықтаймын. Сіздерге зор денсаулық, амандық, табыс тілеймін. Әрдайым еңбектеріңіз жанып, ел­дің алғысына бөлене беріңіздер  – деген Гүлнар Той­лыбаева әлеуметтік сала қызметкерлерінің былай кезде көзге көп байқала бермейтін, шыдам­дылық пен шынайы­лықты қажет ететін жауапты жұмысын  айрықша атап өтті.

Жетісу облысының әлеуметтік қорғау саласын дамытуға қосқан ерекше үлесі үшін бірнеше аталым  бойынша берілген марапаттан өңірдегі халықты қолдауға бағытталған шарапатты шара­лар­дың бел ортасынан табылып, мейірімділік істерге ұйытқы болып жүретін үкіметтік емес ұйымдар да  тысқары  қалмады. Қимыл-қозғалысы кем мүгедектердің «Ерлік» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Роза Ақжаркенова «Үздік ҮЕҰ» номи­нациясы бойынша жеңімпаз атанды, ал «Үздік медициналық-әлеуметтік мекеме» аталы­мында мүгедек балаларға арналған «Бәйтерек» күндізгі болу орталығы үздік деп танылды, ұйымдардың әрқайсысына 300 мың теңге сомасына сертификат­тар берілді. Текелі қаласының Grindstone ЖШС «Жұмыссыз азаматтарды жұмысқа ор­наластыру­дағы үздік кәсіпорын» атанды, ал «Үздік мансап орталығы» аталымына Көксу ауданы­ның мансап орталығы ие болды. Жоғарыда аталған үздіктерге 100 мың теңгенің серти­фикат­тары тапсырылды.  Азаматтарды әлеуметтік қор­ғауға, жұмысқа орна­лас­тыруға, оқытуға, саланы ақпараттық қолдауға және тағы да басқа тақы­рыптарға қатысты барлығы 10 аталым  бойынша марапат өз иесін тапты.  

Бүгінгі күні  Жетісу облысында экономикалық белсенді халық саны артып келеді, әрі  2022 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 1,2 есеге көбейген. Осы кезеңде  жұмыссыздық деңгейі 5,1%-дан 4,8%-ға дейін төмендепті. Бұл көрсет­кішке  15 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға бағытталған  шаралар мен «Кәсіпкерлік» бағдар­лама­сы ықпал еткен. Инклюзивті орта құру, маңызды әлеуметтік жобаларды іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылған.  Мысалы, биыл Талдықорған қаласында аутизмі бар балаларға арналған күндізгі болу орталығы және «Асар» спорттық-оңалту кешені, ал Алакөл ауданы әкімдігінің резиденциясы базасында 6 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға арналған сауықтыру жазғы лагері ашылды. Алдағы  жылы Талдықорғанда мүгедектігі бар адамдарға арналған 150 орынға есептелген оңалту орталығының құ­рылысы басталмақ. 

Болат АБАҒАН,

Жетісу облысы