Портты қала деген аты болмаса да, Атырауда біраз жылдан бері әжептәуір жұмысын атқарып келген жалғыз өзен порты біржола құлды­рап, жабылып тынуы мүмкін. Порт­тың жұмысын Жайық-Каспий кана­лы­ның тартылуы тоқтатып тұр.
Атыраудағы жалғыз порт жабылуы мүмкін
1,901
оқылды

2010 жылы порт түгелдей жаңартылып, жылына 15 мың тоннаға дейінгі жүк тасымалына қол жеткізген болатын. Бірақ Жайық-Каспий табаны таязданып, соның салдарынан жүк кемелері тұрмақ, жеңіл қайықтардың қозғалысы шектелуі сал­дары­нан порттың өлместің күнін кешіп жатқанына биыл үшінші жыл.

Өзен порты серіктестігінің директоры Азамат Зұлқарнаевтың айтуынша, Жайық-Каспий тамағында судың тартылуы – соңғы он жылдан бері көтеріліп келе жатқан проблема.

«Жайық-Каспий каналының теңізге құятын тұсындағы су деңгейіне қазу жұ­мыс­тары жасалмағандықтан, табаны таязданған. Сол себепті бізге  тасымалдау­шы кемелер кіре алмайды», – дейді өзен порты серіктестігінің директоры Азамат Зұлқарнаев.

Айтса айтқандай, қазір Жайық сағасы­ның тереңдігі небәрі 20-30 сантиметр. Ал су түбін тереңдету жұмыстары қыруар қаржымен бірге кешенді жұмыстарды та­лап етеді.

Бір кездері логистиканың күретамы­рына айналған өзен порты осылайша соңғы он үш жылда тоқырауды екінші рет бас­тан өткеріп жатыр.

Жылына 15 мың тонна жүк қабылдауға қуаты шақталған порттың қызметіне алыс-таяу шетелдерден сұраныс көп. Себебі осы өзен порты арқылы ірі өндіріс ошақтарына қажет техникалық жабдық­тардың негізгі бөлігі тасымалданады. Бірақ теңіз тамағының бітелуі порттың кең тыныста жұмыс істеуіне тұсау салып тұр.

«Өзен порты арқылы тасымал жұ­мыстарын жүргізуге берісі Әзербайжан, әрісі Иран, Түркиядан қызығушылық та, тапсырыс та бар. Олар Қазақстандағы мұ­най секторларында жиналған күкірттерді теңіз арқылы экспорттауға ниетті. Бірақ теңіздің тартылуы себепті кемелер қайраң­дап қалып жатыр», – дейді Өзен порты се­ріктестігінің директоры Азамат Зұлқар­наев. 

Үш жылдан бері шығынға жұмыс істеп тұрған өзен портындағы жұмысшылар саны қазір 10 шақты маманның айналасы. 

«Порт жұмысы дағдарып тұрғанына қарамастан, жұмысшылардың 100 мың теңге шамасындағы жалақысын сақтап отырмыз. Жайық – Каспий арнасының мә­селесі шешіліп, порт дағдарыстан шы­ға­тын болса, жалақы міндетті түрде көте­ріледі. Бастысы, біз жұмыс болмаса да, мамандарды қысқартып немесе жалақы­ларын азайтуға жол бермей отырмыз», – дейді  Өзен порты серіктестігінің дирек­торы.

Қазір порт өзінің меншігіндегі қойма­лар мен бетондалған ашық алаңды  халық­аралық Mammoet мекемесіне жалға беру арқылы ғана күн көріп отыр. Яғни, жалға беруден түсетін ақы жұмысшылардың жала­қы, коммуналдық төлемдер, порттың ішіндегі жалпы шығындарды өтеуге ғана жетуде.

Атырау облыстық Құрылыс басқар­масы басшысының орынбасары Айдарбек Зиноллаевтың айтуынша, Жайықтың тү­бін тереңдету жұмыстары Үкіметтің резер­вінен атқарылатын болады. 

«Бұл жерде  резервтен бөлінетін қар­жы­ға сәйкес, конкурс жұмыстары емес, атқаратын компаниялармен келісімшарт жасақталатын болады. Өзен портының жұмысы жанданса, бұл маңға түрлі қойма салу жоспарда бар. Кәсіпкерлер тапсырыс­тарын алғанша келген тауар сол қоймада сақталмақ», – дейді билік өкілі.

Өзен портының «екінші тынысы» ашылатын болса, порт басшылығы жеміс-көкөніс сақтайтын қоймалар салуды, «Атырау – Астрахан» бағытында жүретін кеме ашуды, осы арқылы туризм бағы­тында жұмыс істеуді жоспарлап отыр.  Тіп­ті, «Қашаған» кен орнындағы жұмыс­шыларды порт арқылы тасымалдау да жоспарда бар. 

Шынын айту керек, жүкті өзен порты арқылы тасымалдаудың экономикалық тұрғыда да пайдасы жоғары. Мәселен, Атыраудағы Өзен порты 2015 жылы Аты­рау мұнай өңдеу зауытындағы қайта құру жобасы бойынша ауқымды емес жүктерді қабылдады. Сондай-ақ «Теңізшевройл» компаниясы, Қарабатандағы NСОС және Атырау жылу электр орталығы жобасы үшін де тасымал жұмыстарын атқарды. Ауыр габаритті жүктерді су жолымен тасымалдаудың тиімділігі сол, бір баржаға мың тоннаға дейін зат салып, оны жедел түрде қысқа мерзімде, тиімді бағамен алып келуге болады. Ал ауыр жүк көліктеріне құбыр сияқты ірі көлемді жүктерді сый­дырудың өзі екіталай.

Өзен жағасының тым таяздығы, өзен портымен бірге өңірдегі балық шаруашы­лығына да кесірін тигізіп отыр. Өйткені «Атырауда өндірілген» брендтерді балық шаруашылығымен айналысатын кәсіп­орындар бұған дейін ішкі және сыртқы нарыққа порт арқылы жөнелтіп келген. Қазір Атыраудың атқарушы билігі Каспий­дің Жайыққа құяр сағасының түбін терең­дету үшін арнайы құжат жасақтады. Оны іске асыруға 16 млрд теңге қажет.  

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жақында ел Үкіметі ішкі су жолдарының дамуына 2030 жылға дейін 64 млрд теңге инвестиция тартуды жоспар­лап отырғанын мәлімдеді. Нәтижесінде, 22 портты жаңғырту көзделіп отыр. 

Бір кездері  Гурьев өзен порты ретінде құрылып, тарихы сонау 1927 жылдан бастау алатын Атырау өзен портының болашағына Үкімет құятын инвестиция оң әсерін береді деп сенейік.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА