Оқиға бойынша тергеу жүріп жатыр.
Алматыда мас күзетші оқушыны зорламақ болған: мектеп директоры жұмыстан шығарылды
743
оқылды

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Алматыдағы мас күзетші 6-сынып оқушысын зорламақ болды деген оқиғадан кейін №160 мектептің директоры жұмыстан шығарылғанын айтты, –  деп хабарлайды Aikyn.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.

 

Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында журналистер зорлауға әрекеттенгені үшін күзетші небәрі 15 тәулікке қамалғанын еске салып, ата-аналардың наразылығын тудырған оқиғадан кейін мектеп басшылығы неліктен жазаланбағанын сұрады.

«Аталған білім беру ұйымының басшысы жұмыстан босатылды. Білім басқармасы тарапынан тиісті шаралар қабылданды. Бұл оқиға бойынша тергеу жүріп жатыр. Сондықтан мұндай фактілерді көрген бойда балалардың құқықтарын қорғау комитеті бірден оқиға орнына барып, тергеуге қатысады және барлық оқиғалар комитеттің тұрақты бақылауында болады. Сондықтан тиісті жұмыс жүргізілуде. Тек бұл мектепте ғана емес. Әр жағдай бойынша жедел түрде тиісті кеңестер өткізіледі», – деді министр.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыдағы №160 мектептің ата-аналарының бірі Қарасудағы жалпы білім беретін мектептің күзетшісі 6-сынып оқушысына зорлауға оқталғаны үшін қамауға алынғанын хабарлаған. Алматы Полиция департаментінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде. Аталған жағдайдан соң қаладағы барлық мектептердің күзет қызметі тексерілмек.

«№160 мектептегі жағдайға байланысты Алматы қаласының Полиция департаменті барлық мемлекеттік мектептерге тексеріске шықты. Күзет қызметі бойынша келісімшарт, күзетшілер тізімі, олар туралы ақпаратты дайындап қою қажет! Сонымен қатар  күзет қызметі жұмысындағы кемшіліктер де дайындасын! Осының барлығын полиция қызметкеріне табыстау қажет және аудандық білім бөлімі Білім басқармасына жіберсін»,  делінген мектеп басшыларына жіберілген хабарламада.

Фото: Halyq Uni