Асу АЛМАБАЕВ: Жекпе-жекке қазақтың абыройы үшін шығамыз
Асу АЛМАБАЕВ: Жекпе-жекке қазақтың абыройы үшін шығамыз
408
оқылды
Ол да ата мен әженің ба­ласы. Аралас жекпе-жек­ке келуіне ауыл­дағы кү­рес пен бокс үйірмесіне қатысуы әсер еткен. Қан­ша рет кездесу өткізсе де, отбасын се­гіз­бұрыш­тың жа­нына жо­латпаған. Өйт­ке­ні ата-анасының үйде оты­­рып тілеуін ті­ле­генін жөн көреді. Асу – аралас жек­пе-жек спор­тындағы қа­зақ файтерлерінің ара­сын­да орны бар спорт­шы. М-1 Global тұжырымының уақытша чемпионы сана­ла­­тын Зұл­фықардан (ла­қап аты) алдағы жос­па­ры жайлы сұра­дық. – Асу, Крис Келадеспен өткен жек­пе-жектен кейін тыныштық ор­наған сияқты. Мұның сыры неде? – Астанада өткен турнирде бел­­беуді ұтып алған соң M-1 Glo­bal турнирі әлі өте қой­ған жоқ. Биыл ақпанға жоспар­лан­ған үлкен дода бар еді, оны да кейінге қалдырды. Оған се­беп, дүниені дүр сілкіндірген коро­навирустың таралуы болып отыр. Ұйым­дағылардың айтуына қара­ған­да, көктемде өтетін сияқты. – Айтыла-айтыла жауыр бол­ған сұрақ, Александр Доскаль­чук­пен қашан кездесесің? Жалпы бұл өзі мүмкін нәрсе ме? – Мұның жыры бітпей тұр. Негізі, бұл сұрақты маған емес, Доскальчукке қою керек. Маған ол маңызды емес, Александр шықпаса, басқа да файтерлер бар, кез келгенімен төбелесуге әзір­мін. Қарсылас таңдамаймын. – Бірақ негізгі белбеу соның белінде жүр емес пе? – Ол бұлай жалтара беретін болса, белбеуінен айырылады. – Басқа тұжырымға ауысу жағын ойластырдың ба? – Әрине. Оны ойлап жүр­­міз, бірақ әзірге M-1 ұйымы­мен келісімшартымда көрсетіл­ген­дей, әлі 3-4 кездесу өткізуге тиіс­пін. Осыны нәтижелі түрде аяқта­сам, белбеуге толыққанды ие болсам, UFC тұжырымының есігін қағуға болады. – Биылғы жылдың соңына дейін UFC ұйымдастыратын тур­нир­лерге үлгересің бе? – Аяқ астынан қазіргі M-1 бел­беуіне ие болдым, бәлкім құ­д­ай бұйырып жатса, бұл да бо­лар деп ойлаймын. Әрине, «гене­рал болуды армандамаған сол­дат сол­дат емес». UFC тұжы­ры­мын­да жұ­дырықтасу кез келген­нің ар­маны шығар. Менің де шық­қым келеді. – 2019 жылы ұйым чемпионы боламын деп ойладың ба? – Басқа адаммен шығуым керек еді. Арман Әшімов жара­қат­танып қалған соң соның ор­ны­на шығуға тура келді. Өмір­де барлық нәрсе Алланың қалауы­мен болады. Ең бастысы, бұған дайын едім, жекпе-жекті жақсы өткіздім. – Арман Әшімов Асу Алма­баев­тан кейін чемпион атана ала ма, қалай ойлайсың? – Енді ол Арманның өзіне бай­­ланысты. Арман ба, басқа ма, ме­нің ойымша, аралас жекпе-жек­­те жүрген қазақ жігіттерінің кез келгені чемпион болуға ла­йық. – Салмақ дәрежесін ауыстыру ойда бар ма? – Жоқ, менің салмағым – 61 ке­лі, ал салмақ ауыстыратын бол­сам, онда 70 келі тартуым ке­рек. Бірден он келі қоса алмай­мын. Маған ыңғайлысы 57 келі бо­лып тұр. – Аралас жекпе-жек спортын­да қай файтердің жекпе-жек өт­кізу стилі ұнайды, қайсысы жаны­ңа жақын? – Пір тұтып жүрген ешкімім жоқ, тек бірнеше спортшының жақсы жақтарын алуға тыры­са­мын. Мәселен, Джордж Сент-Пьердің жан-жақтылығы ұнай­ды, ресейлік Петр Ян да өте мық­ты, Хабибтің күресі жақсы деп айтуға болады. – Алдағы жоспарларыңмен бөліссең... – Осы айдың соңына қарай Шымкентте Комбат жиу-житсу­дан Қазақстан чемпионаты өтеді. Соған дайындық басталды. Әзір­ше әуесқойлар арасындағы жа­рыс­­тарға қатыса беремін. Дәл осы спорт түрінен Азия, әлем чемпионаттарына қатысу да ойда бар. Себебі спорттық бабымды жоғалтып алмауым керек. Кәсіп­қой деңгейдегі жекпе-жектер бо­лып жатса, оған да қатыса бере­мін. – Әңгімеңізге рақмет!   Сұхбаттасқан                                                                                                                                                              Айзат АЙДАРҚЫЗЫ