Soyle.kz сайтына дүниежүзінің кез келген жерінен кіріп, кез келген уақытта еркін пайдалана беруге болады.
«Самұрық-Қазына» қоры қаржыландыратын SOYLE жобасы арқылы жарты миллион адам қазақ тілін үйренді
1,578
оқылды

Бұл «Самұрық-Қазына» мен Мемлекеттік тілді дамыту қорларының қолға алған басты жобаларының бірі. Қазақ тілін үйренемін деген адамға таптырмас мүмкіндік.  Себебі Soyle.kz сайтына дүниежүзінің кез келген жерінен кіріп, кез келген уақытта еркін пайдалана беруге болады. Одан бөлек Youtube арнасы мен мобильдік қосымшасы тағы бар. 

Халықаралық стандарттарға сай жұмыс істейтін жоба 60 сабақтан, әртүрлі деңгейден және оларға байланысты жаттығулардан, ойындардан тұрады. Сабақтың соңында тест тапсырып, оқу дәрежесін анықтау, қайталау жағы қарастырылған. Бір қуантарлығы қазақ тілін үйренуге тек ел азаматтары ғана емес, шетелдіктер де көп ниет білдіруде.

«Еуропада тұратын қазақтар кирилица білмейтіндіктен, олар негізінен ағылшын тілін қолданады. Осыны ескеріп, орысшадан тыс ағылшынша, латынша нұсқасын жасап шығардық. Аласапыран жылдары Қытайдан Түркияға ауған қазақтар түрік тілінде сөйлеп, жазатынын ескеріп, түрікше-қазақша нұсқасын да жасап қойдық. Instagram парақшамызда 103 мыңнан аса жазылушымыз бар. Күнделікті жарияланатын жазбалар миллиондаған қаралым жинауда. Youtube арнамызға 50 мыңға жуық жазылушы қосылған. Осылай тек тіліміз ғана емес, әдебиетіміз бен мәдениетіміз, салт-дәстүріміз де насихатталады. Басты демеушіміз – «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры біздің елге пайдалы жұмыстарымызға үнемі қолдау көрсетеді», – дейді Мемлекеттік тілді дамыту қорының басшысы Азат Шәуеев.

«Самұрық-Қазына» қоры Қазақстандағы мемлекеттік тілді үйретуге арналған тұңғыш әрі тегін онлайн порталға тұрақты түрде қолдау көрсетіп келеді. Дәл қазір Soyle.kz сайтында 350 мың, ал мобильдік қосымшалар  Android пен iOS-тан арқылы 200 мың адам  тіркеліп, тіл үйреніп жатыр. Жобаға қаржылай көмек көрсетілген сәттен бері Soyle.kz порталының қаралымы 13 000 000 асқан. Бұл аз көрсеткіш емес. 

Шетелдіктер демекші, канадалық Роман Коул деген 19 жастағы жігіт Қазақстанда ешқашан болмаған, бірақ Soyle.kz арқылы қазақ тілін 3-6 айда үйреніп алған. Алматыдағы заманауи әндер фестивалінде Эстониядан келген қыз сұраққа қазақ тілінде жауап беріп, Қазақстанға алғаш рет келгенге дейін Soyle.kz көмегімен тілді меңгергенін жеткізген. Қосымшаның арқасында қазақ тілін бойына сіңірген сингапурлық инженер де бар. Сондай-ақ, сайттың KараокеSoyle.kz деген бөлім тілді ән арқылы таратуда.