Коронавирус қаупі: Министр мектепті жабуға негіз жоқ екенін айтты
Коронавирус қаупі: Министр мектепті жабуға негіз жоқ екенін айтты
© сурет интернеттен алынды
205
оқылды
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирус қаупіне орай балалардың мектеп пен балабақшаға баруын тоқтату қажеттігіне байланысты түсінік берді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Елімізде коронавирус анықталмады. Күдік болған жағдайда, адамдар толық тексеруден өтіп жатыр. Сәйкесінше, шараларды шамадан тыс шектеудің қажеті жоқ. Алайда қазіргі кезде респираторлық инфекциялар кезеңі жүріп жатыр», - деді Е. Біртанов тілшілер сауалына жауап бере отырып. Оның атап өтуінше, қоғамда дүрлігуді болдырмас үшін бұқаралық шаралардан бас тарту, балабақша мен мектепке баруды тоқтату қадамдарына дайындалу керек болады. «Әзірге, мұндай қадамдардың қажеттігі жоқ. Егер де осындай тәуекел болса, онда тиісті шешімді бас мемлекеттік санитарлық дәрігер және әр өңір жекелей қабылдауға құқылы», - деді министр. Мұнымен қоса, Е. Біртанов әзіргі қатер жоқ екенін атап өтті. «Менің де балаларым мектепке барып жүр. Жалпы, тұмау кезеңі бар болғандықтан, біз үнемі аса қажетсіз шараларды күзде әрі қыста өткізбеуге кеңес береміз. Мұндай нұсқаулар тұмауға қатысты беріліп келген. Атап айтқанда, Қазақстанда коронавирус мәселесі туындаса, онда қажетті шешімдер шұғыл қабылданады», - деді Елжан Біртанов.