Мажарстан Премьер-Министрі Виктор Орбан Қазақстанға ресми сапары аясында Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошановпен кездесті.
Мажарстанмен парламентаралық байланыс нығаяды
641
оқылды

Мәртебелі мейманды қарсы ал­ған Мәжіліс Спикері қазақ пен мажар халықтарының тарихы ты­ғыз байланысты екенін атап өтті.

Мәжіліс Төрағасы екі ел ара­сындағы қарым-қатынас Қазақ­стан Президенті мен Мажарстан Премьер-Министрінің тұрақты кездесулері арқасында стратегия­лық әріптестік деңгейіне көтеріл­генін айтты.  

Ол Мажарстан Үкіметінің басшысын елдегі ауқымды рефор­малар мен саяси жүйені қайта жаңғырту туралы ақпарат берді. Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың жаңа экономикалық сая­саты аясында 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың кө­ле­мін екі есеге ұлғайту жоспар­ланғанына тоқталды.

Сондай-ақ Ерлан Қошанов «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты аясында Парламенттің рөлі мен мәртебесі күшейгеніне назар аударды. Қазіргі шақы­рылым Қазақстан тарихында ең көппартиялы болып отыр. Мә­жіліс түрлі саяси көзқарас пен күштердің алаңына айналды, әйелдердің, ерекше қажеттіліктері бар адамдардың және жастардың саны көбейді.

Әңгіме барысында тараптар достық топтары арқылы және бас­қа да алаңдарда парламенттік дипломатияның даму перспек­тиваларын талқылады.

– Біз Мажарстандағы әріптес­термен түрлі халықаралық форум­да, соның ішінде түркі мемлекет­тері парламенттік Ассамблеясы­ның іс-шараларында жиі кездесіп тұрамыз. Бір жыл бұрын Ма­жарстан Мемлекеттік Ассам­блея­сы төрағасының орынбасары Шандор Лежак Қазақстанға кел­ген болатын. Мәжілісте нәтижелі диалог болған еді, – деді Ерлан Қошанов.