Бұған дейін газетімізде жария­лағанымыздай, Түркістан облысы­ның аудан әкімдері мен кәсіпкер­лерінің Қытай Халық Республика­сына ісса­пары­нан кейін өңірде бірнеше зауыт - фабрика ашу қолға алынды.
Кәсіпкерлікті дамыту маңызды
700
оқылды

Ынты­мақ­тастық, эко­номика­лық, сауда және ауыл шаруа­шылығын арттыру бо­йынша бірқатар меморандумға қол қойылды. Бұл туралы Түркістан об­­лысының әкімі Дархан Саты­балды­ның төрағалығымен өткен жиында ай­тылды.

Айта кетейік, мұның бәрі өңірдің өр­кендеп, дамуына, тұрғындарды жұ­мыспен қамту, халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған жобалар. 

Басқосуда облысқа инвесторлар тартып, өндірістік кәсіпорындарды аралап, кәсіпкерлермен тәжірбие алмасу мақсатында ұйымдастырылған шара нәтижесі туралы толықтай баян­далды. Осы тұрғыда облыс басшысы бұл бағыттарды жүзеге асыру бойынша тиісті тапсырмалар берді.

Жиынға қытайлық инвесторларда онлайн байланыс арқылы қатысып, олармен облыста бірлескен кәсіп­орындарды құру бойынша бірқатар жобаларды талқылады. Дархан Саты­балды Сайрам, Сауран, Отырар, Қазы­ғ­ұрт, Ордабасы аудандары және Кентау қаласының әкімдерінің есебін тың­даса, 20-дан астам кәсіпкердің де жаңа жобалары таныстырылды. Бұған дейін дәл осындай іссапар Шардара, Жеті­сай, Сарыағаш, Келес, Мақтаарал ау­дан­дары және Арыс қалалары әкім­дерінің қатысуымен ұйымдас­тырылған болатын.

Нәтижесінде, бұрғылау машина­лары мен крандарға қажетті жабдықтар шығарумен айналысатын, жылу қа­зан­­дық­тарын шығаратын, тоқыма клас­тарын дамытып, қағаз және сүт өнімдерін шығарумен айналысатын компаниялармен бірлесе жұмыс жүр­гізу көзделген. Жылыжай өндірісін да­мыту, балық шаруашылығы, мал бор­дақылау кешені, етті терең өңдей­тін цех құрылысына қажетті жаңа тех­но­логиялардың жабдықтарын шы­ғаратын өндіріс орындарын ашу мүмкіндіктері қарастырылуда.

Сондай-ақ азық-түлік консервілеу бойынша жеміс-жидек өнімдерін кептіретін аппарат шығарумен айна­лысатын, ауыл шаруашылығы техни­ка­ларын және көмір жағу арқылы электр энергиясын, алюмин, газаблок, кірпіш өндірумен айналысатын ком­паниялардың тәжірибесін пайда­ла­нып, өңірде жүзеге асыру қолға алын­бақ.

Облыс әкімі бастаманың нәтижелі болуы үшін бұл жұмыстарды тұрақты түрде жүргізуді тапсырды. Инвестиция тарту бағытындағы жұмыстарды кү­шей­тіп, жүйелі жолға қоюды міндет­теді.

– Босаңсуға еш себеп жоқ. Ел эко­номикасын дамытып, халықтың ла­йық­ты өмір сүруіне жағдай жасауға, тұ­рақты жұмыс орындарын ашуға міндеттіміз. Оның жолдарын көзбен көріп келдіңіздер. Енді осыны тұрақты жолға қою керек. Күнделікті жұмыс істеп, жүзеге асырған жөн. Әлі де нақты жобалар аз. Инвестор өзі келіп, жоба ұсынатын заман жоқ қазір. Олай ойлауды қойыңыздар. Сананы өзгерту керек. Ізденіңіздер. Өңір экономикасы жақсара түсуі үшін инвестиция тарту­дың маңыздылығы айрықша. Оның үс­тіне, қосымша қаржы көздерін та­буы­­мыз қажет, – деді Дархан Саты­балды.

Өңір басшысы барлық әкімге инвестициялық ахуалды жақсартуды жүктеді. Бұл мәселеге әр аудан әкімі жеке жауапты екенін ескертті. Кәсіп­керлікті дамытудың негізгі бағыт еке­нін атап өтті.

Т.БЕЙСЕН,

Түркістан облысы