Түркі мемлекеттері ұйы­мының X cа­ммиті қарсаңын­да елімізге Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан ресми сапармен келген болатын. Қазақстан Пре­зи­денті мен Мажарстан Премьер-ми­нистрінің кез­десуі шағын құрамда ке­ліссөз өткізуден басталды.
Сенімді стратегиялық серіктес
1,170
оқылды

Келіссөз алдында «Ақорда» резиденциясында шетелдік қо­нақты салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті. Құрмет қарауы­лының бастығы Қазақстан Пре­зи­денті мен Мажарстан Прем­ьер-министріне рапорт берді. Екі елдің мемлекеттік әнұранда­ры орындалғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Виктор Орбан шағын құрамда кездесу өтетін залға барды. Та­раптар саяси диалогті нығайтуға, сауда-экономикалық ынтымақ­тастық пен мәдени-гуманитар­лық байланыстарды тереңдетуге баса мән бере отырып, қазақ-мажар қарым-қатынасының қа­зіргі жай-күйі мен даму перс­пек­тивасын жан-жақты талқы­лады. Мемлекет басшысы Қа­зақстан мен Мажарстан арасын­дағы қарым-қатынастарды ны­ғайтуға елеулі үлес қосқаны үшін Виктор Орбанға ризашылығын білдірді.

– Құрметті Премьер-ми­нистр мырза, ең алдымен, қазақ же­ріне қош келдіңіз! Себебі Сіз – қып­шақ­сыз. Бұл деректі қа­­зақ­тар жақ­сы біледі әрі Сізді сыйлайды. Сондықтан атаме­кеніңізге кел­діңіз деп айтсақ, артық болмайтын шығар. Менің шақыруымды қабыл алып, Қа­зақстанға ресми сапармен кел­геніңіз және Түркі мем­лекет­тері ұйымының мерей­тойлық сам­ми­тіне қатысуға ниет танытқа­ныңыз үшін шынайы риза­шы­лығымды білдіремін. Бұл сапа­рыңыз екі ел арасындағы ынты­мақтастыққа тың серпін беретіні сөзсіз. Сондықтан бүгінгі келіс­сөз­дер нәтижелі болатынына се­німдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Виктор Орбан Қазақстанға шақырғаны және өзіне, Мажарстан делегациясына көрсеткен қонақжайлығы үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Ол екі ел арасындағы саяси диалог пен өзара тиімді серіктестіктің деңгейін жоғары бағалады.

– Атажұртқа оралу – әрдайым керемет. Мажарлар Қазақстанға келгенде ерекше сезімді бастан кешеді. Өйткені екі халықты ғасырлар қойнауынан бастау алатын тарихи тамыры байланыстырады. Соңғы он жылда біз ынтымақтастығымызды дамытуға барынша күш-жігерімізді жұмсадық әрі жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Өзіңізбен ынтымақтаса жұмыс істеу – мен үшін зор мәртебе. Мажарстан әрдайым Қазақстан­ның сенімді стратегиялық серіктесі болған. Алдағы уақытта да солай бола береді. Ма­жарстан мен Қазақстанның байланыстары бұрын-соңды жетпеген деңгейге көтерілді. Сондай-ақ ықпалдастығымыздың, әсіресе экономикалық қатынастарымыздың әлеуеті зор, – деді Виктор Орбан.

Осыдан соң Қазақстан Президенті мен Мажарстан Премьер-министрі екі мем­ле­кеттің ресми делегацияларының қатысуы­мен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. – Қазақ пен мажар – ежелден сыйлас­тығы жарасқан туыстас, достас халықтар. Екі елдің тілі, салт-дәстүрі мен мәдениеті ұқсас. Орта ғасырларда Торғай даласынан Еуропаға қоныс аударған қыпшақ тайпа­ларының ұрпақтары бүгінде Мажарстан аумағында өмір сүріп жатыр. Біз мұны мақ­тан тұтамыз. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында қазақ-мажар ықпалдастығы барлық салада қарқынды дамуда. Бұған, құрметті Премьер-министр мырза, Сіз өл­шеусіз үлес қосып келесіз. Біз бауырлас­тығымызды, өзара тиімді қарым-қатынасты одан әрі тереңдетуге мүдделіміз. Бүгінгі ке­ліссөздер екіжақты стратегиялық серік­тес­тікті одан әрі дамытуға тың серпін береді деп сенемін, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Мажарстан арасында екіжақты ынты­мақтас­тықты одан әрі дамыту үшін жақсы институционалды негіз бар деп санайды. Мемлекет басшысының пікірінше, Эко­номикалық ынтымақтастық жөніндегі үкі­метаралық комиссия мен Іскерлік кеңес екі елдің сауда қатынастарын дамытуда белсенді рөл атқаруы керек.

– Геосаяси шиеленістерге қарамастан, былтыр тауар айналымы 20 пайыздан астам өсті. Таяу болашақта бұл көрсеткішті 1 миллиард долларға дейін жеткізуге толық мүмкіндігіміз бар екеніне сенімдімін, – деді Қазақстан Президенті.

Тараптар энергетика, көлік, логистика, металлургия, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруа­шылығы, фармацевтика, тамақ өнеркәсібі және туризм сияқты салалардағы байланыс­тарды дамытуға өзара мүдделі екенін біл­дірді. Сонымен қатар келіссөз барысында екі елдің заң шығарушы органдарында жұмыс істейтін достық топтары арқылы парламентаралық байланысты нығайтудың маңыздылығы айтылды. Сондай-ақ БҰҰ, ЕҚЫҰ, ТМҰ және түрлі халықаралық платформалар ая­сындағы өзара ықпалдас­тық перспектив­алары қарастырылды. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы екі елдің гуманитарлық байланыстарын нығайту мәселесіне де тоқталды. Бүгін Астана көше­лерінің біріне мажар ұлтының көрнекті ақыны Шандор Петефидің есімі беріледі. Бұл – Қазақстан мен Мажарстан арасын­дағы тығыз достық қатынастардың тағы бір айқын дәлелі. Өз кезегінде Виктор Орбан құрметпен қарсы алғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа және бауырлас Қазақстан халқына алғыс айтты.

– Құрметті Президент мырза! Біз Қазақ­станға әрқашан ерекше қуанышпен келеміз. Біз мұнда соңғы рет пандемияға дейін болған едік. Сол кездің өзінде екі­жақ­ты қарым-қатынасымыз өте табысты дамыды. Бірақ коронавирус барлық байланыстарымыздың қарқынын тежеді. Біз бүгін өзара ықпалдастығымызға тың серпін беру үшін келдік. Орта Азия аймағында бізді Қазақстанмен ғасырлар бойғы тарихымыз байланыстырады. Сондықтан сіздердің әрбір жетістіктеріңізге қуанамыз. Қазақстан – табысты дамып келе жатқан ғажап ел. Мен әрқашан Қазақ­станнан үлкен әсермен қайтамын, – деді Мажарстан Премьер-министрі.

Келіссөз қорытындысы бойынша, білім саласындағы өзара түсіністік туралы мемо­рандумға қол қойылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы сапары барысында Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанға I дәрежелі «Достық» орденін табыс етті. Мемлекет басшысы салтанатты рәсім барысында Виктор Орбанның екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға және нығайтуға елеулі үлес қосқанын атап өтті.

– Бүгінгі жоғары деңгейдегі сындарлы келіссөздер біздің берік қарым-қатынасы­мызды тереңдетуге және стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге тың серпін берді. Халықтарымыз арасындағы достық арқауын және өзара тиімді байланыстарды нығайту ісіндегі айрықша рөліңізді ескере отырып, Сізді I дәрежелі «Достық» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдадым. Бұл – зор құрмет пен ризашылықтың белгісі. Сондай-ақ Қазақ­стан мен Мажарстанның – достас екі халық бірлігінің әрі өзара сенім мен сыйластыққа негізделген қатынастарды нығайтуға деген ниетіміздің айқын көрінісі. Осы марапат ынтымағымызды одан әрі дамытуға және ортақ игілік жолындағы бірлескен жұмысы­мызға септігін тигізетініне сенімдімін, – деді Президент.

Қазақстанның жоғары наградасымен марапаттағаны үшін Виктор Орбан Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға бар күшін жұмсауға дайын екенін мәлімдеді. Сапар қорытын­дысында Қазақстан Президенті мен Ма­жарстан Премьер-министрі бұқаралық ақ­­парат құралдарының өкілдері үшін брифинг өткізді.