Мемлекеттік-жекешелік әріптестік немесе PPP (Private Public Partnership) институты әлемде өркен жайып келе жатқан, бұқараға да, бизнеске де игілік әкелетін тетіктердің бірі саналады.
Бизнестің билікпен әріптестігі жаңаша түлейді
955
оқылды

Ол халықтың өмір сапасын арттыруға, экономиканы көтеруге және инвестициялық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді. Қазақстан оны өзінде дамытуға көп жылдан бері күш салуда. Үкімет бұл салада түбегейлі реформаны қолға алды. Нәтижесінде, МЖӘ тетігі әлеуметтік салаға бағдарланады.

МЖӘ тетігі неге тоқырады?

Қазақстанда инвестиция саласындағы мемлекет пен бизнестің серіктестік жоба­лары сонау 2006 жылы бастаған еді. Сонда «Концессиялар туралы» заңы қабылда­нып сонымен бір мезгілде 3 ірі инфрақұ­рылымдық жоба қолға алынды. Алда бұл заң жойылады деп жоспарланған. Кон­цессия МЖӘ заңымен реттелетін болады.

Үкіметтің 2008 жылғы 17 шілдедегі «Концессия мәселелері жөніндегі маман­дандырылған ұйым құру туралы» қау­лысымен тиісті орталық құрылды. 2015 жылғы 25 желтоқсанда бұл ұйым мем­лекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту органы ретінде қайта құрылды. Тиісінше, атауы да МЖӘ орталығы болып өзгерді. 

Сол 2015 жылы «Мемлекеттік-жеке­шелік әріптестік туралы» заңы да қа­былданды. 

Дегенмен мемлекеттік-жекешелік әріптестік кейінгі жылдары қатаң сынға іліге бастады. Мысалы, былтырғы 14 шіл­деде өткен Үкіметтің кеңейтілген оты­рысында ел Президенті көптеген жоспар қағаз жүзінде қалғанына назар аудартты. Қ.Тоқаев ірі кәсіпкерлермен бірге МЖӘ схемасы бойынша көтерме-тарату орта­лық­тарын (КТО) салу жоба­лары сол бойы жүзеге аспай қалғанына екпін түсірді. 

Салада дағдарыс барын МЖӘ орталы­ғы да жасырмады. Мұны бекітілген МЖӘ шарттарының санынан байқауға болады. Атап айтқанда, ресми мәлімет бойынша 2005-2016 жылдары бизнес әріптестермен арада небәрі 17 шарт жасалыпты. Салалық заңның қабылдануы бұған серпін берген. Содан көрсеткіштер 2017 жылы – 149, 2018 жылы 279 шартқа дейін өсті. Яғни, ал­­дыңғы он жылдың қоса алғандағы же­тіс­­тігінен 16 еседен астамға артып шыға келді.

Алайда содан кейінгі жылдары қалпы­мен құлдырап келеді. 2019 жылы – 261, 2020 жылы – 136, 2021 жылы – 189, 2022 жылы – 24, ал биылғы 2023 жылы 22 шартқа ғана қол қойылған. 

Тұтастай алғанда, осы жылдары жалпы құны 1 млрд 804 млн теңгенің 1 055 шарты бекітілген. Оның ішінде республи­калық деңгейдегі ірі жобалары – 13 қана. Бұлардың жалпы құны – 920 миллиард теңге. Қалғанының бәрі, яғни 884 млрд теңге тұратын 1 042 шарт  жергілікті ұсақ жобаларды жүзеге асыруды қарастырады.

Сарапшылардың түсіндіруінше, МЖӘ шарттары санының кемуіне бірнеше себеп бар. Соңғы жылдары бұл тетік жеке инвестор, бизнес үшін күрделі әрі қы­зықсыз болып кетті. Біріншіден, оның аясында жемқорлық схемалары қанат жайғандықтан, оған құзырлы органдар қырағы назар аудара бастады. Сала бүгінде бұрынғыдан қатаңырақ реттеледі. Аудиторлар әр есепке шұқшия үңіледі.

Екіншіден, әріптестің шығыны артты. Бұған дейін жобаның 20% құнын қаржы­ландырып, қалғанын республикалық не жергілікті бюджетке артып, ары қарай дайын жобадан табыс табуға кірісуге болатын еді. Енді мемлекеттің әріптесі жоба шығыстарының кем дегенде жар­тысын, тіпті одан көбін өз мойнына алуға мәжбүр.  

Үшіншіден, мемлекеттің міндет­темелері аясындағы төлемдердің сомасы шектеліпті. МЖӘ жобасын әріптесімен қоса қаржыландырғанымен қоймай, мем­лекет оның инвестициялық шығындарын өтеп беретіні, операциялық шығындары­ның өтемақысын жасайтыны, он және одан көп жыл қатарынан басқарғаны үшін сыйақыны да төлейтіні мәлім. Қазір сол соманың бәрі оңтайландырылуда екен. 

Сала реформаланып жатыр

МЖӘ тетігін қайта форматтауды Үкі­метке Президент тапсырды. 2023 жылғы 19 сәуірде өткен еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев министрлер мен әкімдерге мемлекеттік-жекешелік әріп­тес­тік институтының әлеуетін, әсіресе әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуда толыққанды пайдалануды жүктеді. 

Президент былтырғы желтоқсанда МЖӘ-нің жаңа моделін ендіруге ба­ғытталған заңнамалық түзетулерге қол қойғанын еске салды. Оның айтуынша, жеке әріптестерді іріктеу рәсімдерінің айқындылығын қамтамасыз ететін ша­ралар қабылданды. Бұл жобаларға ұлттық компаниялардың, квазимемлекеттік сектордың қатысуы шектелді. Осы ар­қылы мемлекеттік емес, нағыз жеке бизнесті мемлекеттік жобаларды жүзеге асыруға тарту үшін жағдайлар жасалды.

МЖӘ және инвестициялар саласын­дағы тәуелсіз сарапшылар қауымдасты­ғының басшысы Арман Тілеубаевтың пікірінше, масылдықты жою үшін де мемлекеттік-жекешелік әріптестікті да­мыту қажет. Онсыз, мәселен энергетика, сумен жабдықтау, коммуналдық салалар қалпымен бюджетке қарап отыратын болады. Айталық, жылу-электр орталы­ғын салуға, су, жылу құбырларын төсеуге бюджеттен қаржы бөлінбесе, олардың бәрі тек тоза бермек. Бизнес мемлекеттік сатып алулар мен бюджеттік инвестиция­ларды игеруге жаман үйренді. 

«Бұл психологияны түбірімен өзгерту керек. Таяуда Сенат депутаттарының бірі МЖӘ тетігіне қарсы шықты. Соған қарағанда, МЖӘ мемлекеттік сатып алулар саласындағы әлдекімнің мүддесіне қайшы келіп отырса керек. Бірақ ел Пре­зиденті бұл тетіктің ары қарай дамыты­латынын қадап айтты және Үкіметке оны әлеуметтік салада ілгерілетуге бағытталған жеке, кешенді бағдарлама әзірлеуге тап­сырма берді. Осының арқасында әлеу­меттік саланың бюджетке ауыртпалығын жеңілдетуге болады. МЖӘ арқасында еліміз екі рет ұтады: бір жағынан, ин­фрақұрылым сапасы жақсарады, екінші жағынан бюджет қаржысын үнемдей­міз», – деді сарапшы.

Ұлттық экономика министрінің орынбасары Бауыржан Құдайбергенов мемлекеттік-жекешелік әріптестікті мек­тептер құрылысында кең қолдану көз­делгенін жеткізді. Нақтылағанда, осы тетік арқылы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жобалық қуаты кемінде 600 оқушыға арналған орта білім беру ұйымдарын салу мәселесі пысықталуда. Ол білім ордалары ұлттық жобада бекі­тілген жобалау міндеттеріне, жайлылық стандарттарына сай болуы тиіс.

Вице-министрдің түсіндіруінше, МЖӘ аясында жобаға білім беру ұйы­мының өзі жауапты болады. Немесе жобаны Оқу-ағарту министрлігі құрған тізімге сәйкес инвестор мен білім беру ұйымынан тұратын консорциум жүзеге асырады. Ортақ мүліктегі меншік үлесін де консорциум анықтайды.

Бұдан бөлек, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында бизнес-қауымдастық МЖӘ тетігі арқылы денсаулық сақтау нысандарын сенімгерлік басқаруға алуға қызығушылық танытып отырған көрінеді. Осы арқылы Үкімет болашақта мемлекеттік емхана­ларды жеке қолға тапсыруы мүмкін. Бірақ бұл үшін кәсіпкерлердің айтуынша, Ден­саулық сақтау министрлігі ол емханаларға қаржы бөлу мәселелерін пысықтауы қажет. 

Елдің өркендеуіне серпін береді

Мемлекет басшысының тапсыр­масымен Ұлттық экономика министрлігі «Әлеуметтік саладағы мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жос­парының» жобасын әзірлеп жатыр. Оған сәйкес, МЖӘ 5 бағытқа бағдарланатын болады, бұлар – жоғары білім, оқу-ағарту, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау, спорт.

Бағдарлама келесі жылы іске қосыл­ғанымен, қаржыландыру 2026 жылы басталады деп жоспарланған. Осылайша, кешенді жоспар бойынша МЖӘ жоба­ларына 2026 жылы – 133,6 млрд теңге, 2027 жылы – 92,3 млрд теңге, 2028 жылы – 64,4 млрд теңге, 2029 жылдан 2034 жыл­ға дейінгі аралықта, яғни жыл сайын – 57,6 млрд теңгеден, содан кейін 2037 жылы – 20,2 млрд теңге, қорытынды 2038 жылы  3 млрд 613 млн теңге бағыттау ұсынылады. 

Бағдарламаға республикалық бюд­жеттен қаржы бөлінбейді. Бүкіл шығынды жергілікті бюджеттер және жеке ин­весторлар көтереді. 

Құжатқа сәйкес, мәселен жоғары білім бағытында Үкімет мемлекеттік-жеке­шелік әріптестік институтын жатақ­ханалар салуға жұмылдырады. Нәти­жесінде, 9 жатақхана салынып, пайда­ланылады. Бұл ретте небәрі 3 МЖӘ шарты ғана бекітілмек. Соның ішінде 1 МЖӘ шарты аясында инвестор Алматы қаласында 5 жатақхана салады. Тағы бір бизнес әріптес 1 МЖӘ шарты шеңберінде Абай және Павлодар облыстарында 2 жатақхана тұрғызады. Үшінші әріптес 1 МЖӘ шарты негізінде Қызылорда және Маңғыстау облыстарында 2 жатақхана құрылысын бастауы тиіс. 

Ғылым және жоғарғы білім министр­лігінің мәліметінше, 2022-2023 оқу жылында Қазақстандағы студенттердің, магистранттардың және докторанттардың жалпы саны 626 208 адамға жеткен. Соның ішінде 2022-2023 оқу жылында 182 167 шәкірт оқуға қабылданыпты. Осыдан білім қуған жастардың саны қандай қар­қынмен өсіп келе жатқанын байқауға болады.

Жоғары оқу орындарында қазір 309 жатақхана және оларда 101 522 бірлік төсек-орын ғана бар. 

Министрлік білім алушылар санының жыл сайын ұлғаюымен бірге студенттік жатақханалардағы орын тапшылығы да пропорционалды түрде өсіп бара жат­қанын ескертті. Бүгінде 48 жоғары оқу орнында 61 435 төсек-орын тапшы. 25 мемлекеттік ЖОО-да 46 402, ал 23 жеке ЖОО-да 15 033 шәкірт баспанаға мұқтаж. 

Бұл тапшылықты жою үшін ғылым ордалары, министрлік жеке жатақхана және қонақүй иелерімен жалдау шартын жасасты. Жалға берілетін хостелдерде барлығы 6 865 студент тұрады, оның ішінде 5 727-сі – ЖОО студенттері және 1 138-і – колледж студенттері.

«Атап өтер жайт, 2023 жылғы 1 қыр­күйектен бастап студенттерді 100% жатақ­хана орнымен міндетті түрде қамтамасыз ету жөніндегі норма күшіне енді. Оны орындау үшін студенттерді, магистрант­тарды және докторанттарды жеке жатақ­ханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырысты орналас­тыру тетігі жүзеге асырылуда. Бұл тетікті қолдану 2018 жылдан бері 40 662 төсек-орынға арналған 168 жатақхананы іске қосуға мүмкіндік берді. 30 мың төсек-орынды қарастырған жоспар асыра орындалды. Соның ішінде 2022 жылы 10 032 төсек-орынға арналған 44 жекеменшік жатақхана пайдалануға берілді. Алайда білім мен мамандық игеруші жастарды тез арада жүз пайыз қамтуға бұл тетіктің күші жетпейді. Сондықтан бұл салада МЖӘ тетігі қолданылуы керек», – деп түсіндірді Ұлттық экономика министрлігі.

Нәтижесінде, МЖӘ объектісінің сметалық құнының 30%-ын – мемлекет, қалған 70% шығынын жеке әріптес көтереді. Құрылыс-монтаждау жұмыстары да соның мойнында. Жатақхана қол­данысқа берілгеннен кейін жеке әріптес оны кем дегенде 6 жыл пайдаланып, табыс тауып, инвестициясын қайтара алады. Осы кезеңде оған әр студент, магистрант пен докторант үшін бюджеттен жан басына шаққандағы қаржыландыру төленеді. 

Кешенді жоспардың Денсаулық сақтау бағытында 2 облыста ғана жобалар жоспарланған. МЖӘ шеңберінде Батыс Қазақстан облысының Деркөл және Зачаганск кенттерінде бір ауысымда 250 келушіге арналған емханалар салынбақ. Ұлытау облысының орталығы Жезқазған қаласында күніне 100 келушіге арналған емхана тұрғызылады. 90 мыңнан астам тұрғын тұратын бұл қалада тек 1 мемле­кеттік емхана бар, онда тіркелген халық саны – 14 938 адам. Халықтың қалған бөлігі 8 жеке медициналық ұйымға бе­кітілген. Ол жеке ұйымдарда негізінен тар салалы мамандары да, қажетті диагности­калық жабдықтары да жоқ, бұл меди­циналық көмек көрсету сапасын тө­мендетеді. 

Спорт бағытында әзірге нақты жоба­лар жоқ. Оқу-ағарту бағытында қосымша білім берудің 20 нысанын, соның ішінде әрқайсысы 600 орындық 5 оқушылар сарайын, әрқайсысы 150 орындық 10 өнер мектебін, 260 орындық 5 оқу-сауықтыру орталығын пайдалануға беру жоспар­ланып отыр. Осы арқылы МЖӘ инсти­туты Президенттің балаларды тегін сек­циялармен және үйірмелермен 100% қамту және басқа да тапсырмаларын іске асыруға игі ықпал етуге тиіс.

Айхан ШӘРІП