Атырауда интернет арқылы жасалатын есірткі бизнесі ушығып тұр. Әсіресе, жабық телеграм каналдар оң-солын танымаған жастарды жіпсіз байлаған ошаққа айналып барады.
Есірткі мәселесі ес жиғызбай тұр
1,011
оқылды

Полицейлер интернет арқылы жаса­латын есірткі саудасының етек жаюына байланысты құзырлы органдарда ақпа­­­рат­тық технологиялар саласындағы ма­­ман­­­­­­дар жетіспей жатқанын айтып отыр. 

Жыл басынан бері Атырау облысында есірткі саудасына қатысты 45 қылмыстық іс тіркелген.

«Нәтижесінде, соңғы бес айда «қара нарықтан» жалпы салмағы 5 келі есірткі заты тәркіленді. Есірткі зат­­тарын жарна­малайтын 15 сайт анықта­­­лып, бұғаттауға жолданды. «Трамодол» есірткі қатарына енгізілгенімен, дәріхана­лық нашақор­лыққа жататын препарат­­тардың өзге түр­лері пайда болды. Сондық­тан ма­мандар күдікке ілінген адамның ағзасынан дәрілік есірткіні анықтау мүм­кін болмай отыр­ғанына шағымдануда. Сол үшін син­тетикалық есірткінің жаңа тү­­рін анық­тайтын заманауи құрылғы қа­жет», – дейді Атырау облыстық Полиция депар­та­ментінің есірткі қылмысына қар­сы іс-қимыл басқармасы бастығының орын­басары Роман Ермұханов.

Айтуынша, синтетикалық есірткілерді «жасырып кету» жолымен тарату соңғы екі-үш жылда айтарлықтай күш алған. Мамандардың айтуынша, есірткі заттарын тарату контактісіз әдіспен, яғни «таңба­­лар» арқылы жүзеге асырылады. 

«Әдетте, жұмыс істеу схемасына «әкім­ші», зертхана, ауқымды тауармен жұмыс істейтін «кладмендер», тауарды орай­тындар мен «закладчиктер» кіреді. Олар­дың барлығы бір-бірімен таныс болмауы да мүмкін. «Еңбекақыларын» көп жағдай­да Kiwi-әмиян арқылы аударады. Арала­­рында банк карталарын қолданатындары сирек. Сондықтан қылмыстың бұл түрі­­мен күресу қиындық тудыруда», – дейді мамандар.

Былтыр Атырауда синтетикалық есірт­кі таратушы 17 адам ұсталды. Олардың ішінде біреуі ғана Атырау қаласының тұр­ғыны, қалғандары басқа аймақтардан осы «жұмысқа» арнайы келгендер болып шық­ты. Сөйтсек, наркодиллерлер «курьерлер­ді» жылдам және оңай жолмен ақша табу­­ға болатынына сендіріп, психология­лық тұрғыда кәдімгідей жұмыс істейтін болып шықты. «Үй-жай, тамақпен қамтамасыз етеміз. Әрі басқа қаладан болғандықтан, поли­­цияның назарына түспейсіңдер» деп алдайтын қылмыскерлер «курьерлерді» кез келген уақытта тастап кете алады.

Мысалы, былтыр атыраулық полицей­лер есірткіні жасырып кетумен айналыс­қан 39 жастағы әйелді қолға түсірді. Орал қаласынан келген әйелге «үй иелері» ең ар­­зан пәтерді жалға алып беріп, тез да­­­йын­­­да­­­­латын Қытай кеспесімен тамақтан­дырған. Әйел күн сайын есірткіні жасы­­­рып кету үшін ғана көшеге шығып отыр­­­ған.

Жоғарыда наркодиллерлер пайдалана­­тын телеграм каналдар туралы тектен-тек қозғағанымыз жоқ. «Жоғары жалақы тө­­лейтін жұмысқа шақырамыз, тәжірибе ке­рек емес, ештеңені білудің қажеті жоқ» деген бағыттағы жымысқы жарнамаларға елітіп жатқандар аз болмай тұр. 

Күні кеше ғана еліміздің Ішкі істер министр­­­лігі есірткі жеткізуші «курьерлер­­ді» «жұмысқа» шақырған 3 мыңға жуық жарнамаларды бұғаттағандарын мәлімде­­ді. Мұндай жарнамалар танымал жарнама платформаларының бірі – OLX.kz сайты­на орналастырылады да, әрі қарай теле­­грам-каналдарда, мессенджерлерде жар­­­на­­­­­­­маланады. Белгілі болғандай, есірткі сатушыларды «жұмысқа» шақырған ха­­бар­­­­ландыру курьерлік жұмыс, қолөнер­­шілер, қызмет көрсету саласындағы ұсы­ныстар атымен жасырылады.

«Ішкі істер министрлігі, Мемлекеттік органдардың, OLX Group және еріктілер­­­дің арасында ортақ жұмыс чатын құрды. Онда күдікті хабарландыруларға сілте­­­мелер орналастырылады, жедел тексеру­­­ден кейін мұндай жарнамалар дереу жойылады», – дейді Ішкі істер министрлігі Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл де­пар­таменті бастығының орынбасары Сарқытбай Құсайынов.

Хабарландыру агрегаторларын бақы­­лаудан басқа, полиция есірткінің таралуы туралы ақпаратты қамтитын сайттарды, жаз­баларды, блогтарды және жарнама­­­­­ларды анықтау үшін интернет кеңістігін бақылауда ұстауда.

Атыраулық Сандуғаш Кукенова – жеке басына қауіп төнгеніне қарамастан, біраз уақыттан бері синтетикалық есірт­­­­кінің жастар арасында таралуына қарсы күресіп жүрген қоғам белсендісі. Ол әр бұрышқа жасырып кететін есірткі туралы алғаш рет өзі көмектесіп жүрген аналардан естігенін айтады. 

«Оңай болмаса да, осы іске кірісуіме ана­­лардың мұң-зары себеп болды. Себебі күйеуінің, иә баласының мінезі өзгеріп, аты жаман есірткіге әуес болып жүрген­­­­­­­де­рін аналар жылап-еңіреп айтып берді», – дейді қоғам белсендісі Сандуғаш Куке­нова.

Сандуғаштың айтуынша, қазір жас­тардың көпшілігі синтетикалық есірткіге отырып кеткен.

«Қазір ішінен тынып жүрген әйел өте көп. Біз көп жағдайды біле бермейміз. Ащы да болса ақиқат сол – синтетикалық есірткіден адам шыға алмайды. Себебі ол адамның миын толық басқарып алады. Адам санасынан біржола айрылады, со­ңында шіріп өледі. Парақшама хат жазып, өздерінің шаршағандарын, балаларының өмірі үшін қорқатындарын айтып, жылап жататын әйел өте көп. Көп жағдайда есірт­­­кі сатушылардың нөмірін осындай әйелдер жазып жатады. Мен осындай хаттарды Атырау қаласының прокуроры, Полиция басқармасы басшылары отырған жұмыс чатымызға жіберіп отырамын», – дейді Сандуғаш.

Белсенді тіпті, жастардың есірткіге әуес болуының себебін де зерттеп көрген. Оның айтуынша, есірткіге тәуелділіктен емделіп жүрген жастың көпшілігі үйден жылулық көрмегенін жеткізген.

«Жастардың арасында отбасы жы­лу­­лы­­ғын сырттан іздеп кететіндер көп. Син­те­тикалық есірткіге тәуелді болған­­­­дардың арасында 16 жастағы өрімдей қыздар да бар. Мен олардың болашағына алаңдап, әлеуметтік желіге шығара алмадым. Сон­дық­­­­тан таңнан кешке дейін жұмыстың соңында жүрген ата-аналарды балалары­­мен күніне бір сағат болса да сөйлесуге ша­­қырамын. Балаларының достарын, айналасын, кіммен сөйлесіп жүргенін де біліп, зерттеу керек. Осындай қиын жағдайда қалғандармен жұмыс істейтін мықты психологтар да қажет», – дейді Сандуғаш.

Бұған дейін Атырау облысы Полиция департаменті соңғы екі жылда 18 мың дана психотроптық таблеткалардың тәркі­­ленгенін хабарлаған еді. Қаржылық барлау агенттігінің таратқан ақпаратына қара­ғанда, тек былтырдың өзінде Қазақ­­­стан­дағы есірткі айналымындағы қаржы 4,6 мил­­­­­лиард теңгеге жеткен.

Бас прокуратураның мәліметінше, елі­мізде есірткіге тәуелділікпен 18 300 адам есепте тұр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстандағы бұл көрсеткіш 120 мыңға дейін жетуі мүмкін екенін айтады. 

Бұл деректің барлығы, есірткі биз­несімен күресте құзырлы органдар ғана емес, ата-ана, отбасы деп аталатын қуатты күштің бірлескен қадамдары керек екенін көрсетеді.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

© коллаж: Елдар ҚАБА